Қазақстан • 15 Наурыз, 2024

Жаңа Елтаңба жобасына ашық байқау жарияланады - Президент

479 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Атырауда өтіп жатқан Құрылтайда Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланатынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жаңа Елтаңба жобасына ашық байқау жарияланады - Президент

Фото: Әсет Құндақбаев

«Ұлттық бірегейлігіміз мемлекеттік рәміздерде айқын көрініс тапқан. Мен былтыр аймақтардың нышанын, яғни символикасын жүйелеп, бірыңғай стандартқа келтіру қажеттігін айттым. Нышандардан сол өңірдің ерекшелігімен қатар, еліміздің болмыс-бітімі де байқалуға тиіс. Қазір осы бағытта нақты жұмыс жасалып жатыр. Бұған мамандар, сарапшылар және белсенді азаматтар атсалысуда. Сонымен қатар олар Мемлекеттік нышандарымызды түгел жаңғырту туралы пікір айтып жатқанын білемін», деді Президент.

Осы ретте ол Көк туымызда еш мін жоқ екенін айтты. Онда еліміздің бірегей болмысы нақты бейнеленген. Әнұранымыз да нағыз ұлттық рухты паш етеді.

«Қазақтың Әнұраны әлемнің әр түкпірінде шырқалып жүр. Жаңа жылды жақындарымыздың ортасында әнұранмен қарсы алу жақсы дәстүрге айналды. Бір сөзбен айтсақ, әнұранымыздың сөзі де, әуені де халықтың жүрегіне әбден орныққан. Ал Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып қалады. Оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек. Ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болады. Бұл комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді. Сосын Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады», деді Мемлекет басшысы.