Президент • 15 Наурыз, 2024

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына дайындықты қазірден бастауымыз керек – Президент

632 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Келесі жылы әлемде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы кеңінен атап өтіледі, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына дайындықты қазірден бастауымыз керек – Президент

«Ұлттық бірегейлігімізді нығайтумен қатар, ел қорғаған ерлердің есімін жадымызда жаңғырту да маңызды. Қазір көптеген мемлекетте өткен күннің елеулі оқиғаларына қатысты көзқарастар ақпараттық және саяси ойынның құралына айналып барады. Екінші дүниежүзілік соғыс ескі шежіреге айналған сайын тарихи және әскери тақырыптағы алып-қашпа аңыз әңгімелер көбейе түсті. Қазақстан әрқашан тарихи шындықтың және адамзат жылнамасындағы ең қанды қасап туралы шынайы көзқарастың сақталғанын қалайды», деді Президент.

Келесі жылы әлемде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы кеңінен атап өтіледі.

«Ұлттық құрылтайдың мүшесі, Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин дұрыс айтты, айтулы датаны мерекелеуге дайындықты қазірден бастауымыз керек», деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, соңғы жылдары мемлекетіміз тарихи әділдікті қалпына келтіруге баса мән беріп отыр.

- «Төл шежіреміздің ақтаңдақ беттерін» ашу үшін жүйелі жұмыс жасалып жатыр. Өткенді саралап, оған шынайы баға берудің маңызы зор. Сол үшін мұрағат материалдарын мұқият зерттеу қажет. Осы орайда «Қазақстанның қаһарман майдангерлері» жобасын ерекше атап өткім келеді. Жобаға Қазақстанның Еңбек Ері, Мәжіліс депутаты, Ұлттық құрылтайдың мүшесі Бақтықожа Ізмұхамбетов жетекшілік етеді. Зерттеушілер бұл жұмыспен отыз жыл бойы табанды түрде айналысып келеді. Осы кезеңде Қазақстаннан шыққан жауынгерлердің тағдыры мен ерлігі туралы 56 том еңбек жарық көрді. Оның 6 томы майдан шебінде болған әйелдерге арналған, - деді Қ.Тоқаев.