Мереке • 18 Наурыз, 2024

Жаңа форматта жаңғырған мереке

472 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әу баста батыс жұртында ғана аталып өтетін осы бір игі шараның қазір кең етек алуы қуантады. Бүгінде ел болып бауырмалдыққа үндейтін осы дәстүрді жаппай тойлауға көштік. «Бұл – батыстағыларға тән мереке» дейтін жадау пікір де алыстады. Кейінгі жылдары қазақылықтың исі аңқитын Көрісу күнін астаналықтар да атап өтіп жүр.

Жаңа форматта жаңғырған мереке

Фото: Сайлау Майлыбаев

Ержан Қожас

Бұл күнді Амал деп те атайды. Бұрын­ғының көнекөздері «Тоқсан шықпай, тоң жібімес» деп сақалын саулап отыратын. Қыстың қыртыс қабағын күн райына қарап бағамдайтын бабалар сәуегейлігі бекер емес еді. Нағыз наурыз айы енді туып, жыл басының жаңару ретінде тойланатын мерекені республика болып қарсы алдық.

Жоғарыда айтқандай, Амал күнін той­лау­ға жиналған астаналықтарға ақсақалдар мен ел үлкендері атаулы күннің ұлт үшін ма­ңыздылығы, бабалардан қалған дәстүрдің жаң­ғыруы туралы айтып, ел мен елді жақындастыратын күннің ерек­шелігі туралы айтып берді.

– Қасиетті Рамазан айымен қатар келген – Амал күнінің жал­пы­халықтық сипат алғаны қуан­тады. Бұл – қардың көбе­сі сөгіліп, көктем лебін ала келетін күн. Осынау мейрамда жердің тоңы жібігендей адамдар арасындағы өкпе-реніш те ұмытылып, бауырмалдық арта түседі. Үлкенге сәлем беріп, бата алу жоралғысы жанданып, сағынған ағайын көрісіп, мауқын басып, амандығын білдіріп, өзара бір-бірімен қауышады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл күннің мәртебесі зор екенін айтып өтті. Қазір жер-жерде Амал күні тойланып, мұны жұрт ықыласпен қолдап жатыр, – дейді ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбаев.

Кеште ауыз бекіткен ағайынға арнайы дас­тарқан жайылып, бата берілді. Сондай-ақ ұлт­тық киім киіп келген қонақтар арасында сайыс өткізіліп, оған арнайы жүлде тігіліпті. Жас жігіттер гір тасын көтеріп, күш сынасты. Дастарқан басында дәстүрлі ән мен терме айтылып, қариялардың танымды әңгімесі де үзілмеді.

Ержан Қожас

– Астанада Көрісу дәстүрін 2010 жылдан бері бастадық. Бұл мерекенің тек батыс өңір­лерде тойланғаны белгілі ғой. Басында он шақты отбасы еді, бүгінде 70-ке жуық отбасы осы мерекені бірлесе атап жүрміз. Мұның аға буын мен кейінгі ұрпақты сабақтастыра отырып, салт-дәс­түр­ді жаңғырту, елді бірлікке шақыру, ауызбірлікке үндеуде маңызы зор. Біз атамыздан және әкемізден көрген осы мерекелік дәстүрді өз балаларымыздың, немерелеріміздің да бойына да сіңіріп келеміз. Бүгінгі кешке де арнайы бабалар дәстүрін көрсін, көңіліне түйсін деп ертіп әкелгендердің қарасы мол, – дейді қала тұрғыны Дәулетбай Сүтбайұлы.

Мәдениет және ақпарат ми­нистр­лігі биылғы Наурыз мейрамын тойлаудың тұжырымдамасын жариялаған еді. Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаевтың айтуынша, осы жылдан бастап Наурыз мерекесі жаңа форматта тойланады. Бұдан былай жыл сайын 14-23 нау­рыз аралығында Наурызнама онкүндігі әр түрлі тағылымды іс-шарамен өткізіледі.