Саясат • 18 Наурыз, 2024

«Taldau talks»: Сарапшылар платформасының таныстырылымы

51 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен «Taldau talks» диалог платформасының алғашқы отырысы өтті. Сарапшылар бас қосқан іс-шарада Орталық Азияның әлемдегі артып келе жатқан рөлі және жаңа геосаяси жағдайға байланысты өңір бетпе-бет келіп отырған негізгі сын-қатерлер талқыланды. Кездесуге америкалық саяси сарапшы, Орталық Азия және Кавказ институтының негізін қалаушы Фредерик Старр арнайы мейман ретінде қатысты.

«Taldau talks»: Сарапшылар платформасының таныстырылымы

Бүгінде елімізде сараптамалық-аналитикалық саланы дамыту үшін Сенатта жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. «Taldau Talks» платформасы осы кешенді істің лайықты жалғасы екенін атап өткен жөн. Жаңа алаң Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшелерін және Талдау мектебінің тәлімгерлері мен түлектерін біріктіреді. Платформаның негізгі міндеті – жаһандық мәселелерді талдау және салалық халықаралық сарапшыларды тарта отырып, оларды шешудің тиімді жолдарын әзірлеу.

«Taldau Talks»-тың алғашқы отырысында Орталық Азия елдерінің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуына қатыс­ты мәселелер талқыланды. Атап айт­қан­да, халықаралық субъектіліктің өсуі және өңірдегі мемлекеттердің халық­ара­лық қатынастарға ықпалы кеңінен сөз болды.

Сенат төрағасы өз сөзінде Орталық Азия елдерінің өзара ынтымақтастығының перспективалық бағыттарына, оның ішінде сауда-саттықты кеңейту және жаһандық үдерістерге байланысты өңірлік күн тәртібін қалыптастыруға мүмкіндік беретін инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелеріне тоқталды.

Сонымен қатар кездесуде сарапшылар климаттың өзгеруіне және су ресурстары­ның тапшылығына байланысты өңірде туын­даған сын-қатерлерге назар аударды. Мә­улен Әшімбаевтың айтуынша, мұндай түйткілді шешу жолында барлық тарап­тың ортақ іске күш жұмылдыруы және бей­біт­шілік пен тұрақтылықты сақтау­ды негізге ала отырып әрекет етуі аса маңызды.

Іс-шара кезінде Фредерик Старр бүгінде Орталық Азия аймағында болып жатқан серпінді және елеулі өзгерістерге тоқталды. Ғалым олардың ішінде саяси реформалардың іске асырылу барысына және елдердің әлеуметтік-экономикалық күн тәртібіне ерекше назар аударды.

Жаңа платформаның отырысына Жас сарапшылар клубының мүшелері, Талдау мектебінің түлектері мен тәлімгерлері және басқа да аналитикалық институттар мен орталықтардың өкілдері белсенді қатысып, талқыланған тақырып жөнінде өз пікірлерін білдірді.