Әдебиет • 18 Наурыз, 2024

Күрескер болмыс

225 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Екін­ші дүние­жүзілік соғыс өрті сейі­ліп, айнала дауылдан кейінгі егін алқа­бындай алай-дүлей күй кешкен тұста Ұлытау бөктерінде туған жас сәбиді ешкім де аңғарған жоқ. Ол кезде тіпті кейіннен аға­лық пікірлерін ақтарыла жазған Қадыр Мырза Әлі мен Тұманбай Мол­да­ғалиев 16 жастағы бозбала еді.

Күрескер болмыс

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Ұлы оқиғалар ғана ұлы тұлғаларды жасайды» дейді Руссо. Шын мәнінде, Екінші дүниежүзілік соғыстан соң қазақ даласында дарабоз дарындар дүниеге келді. Олар жесір қалған ананың зарына ортақтасты, жетім қалған баланың басынан сипады. Түнектен жарыққа, көлеңкеден сәулеге ұмтылды. 1963 жылы 14 жастағы жас ақынның өлеңдері «Орталық Қазақстан» газетінде жарық көрді. Уақыт өте келе жырлары республикалық газеттерден бой көрсетті. Дарын деп аталатын бойға сіңген гүл өркенін жайып, дарағы тамырлана түсті. Кейіннен ағалар алқауына ілігіп, тіліне оралды. Әдеби ортаның ішіне енді. Жас арудың құлағын елең еткізді. Ала түннен естілді, қара көзден тамды.

Тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген бізге Жүрсін Ерман есімі бала күннен таныс-тын. Әрине, көгілдір экран ішінен және өнер орталары мен той-думан­дардан, арманшыл бала демінен құлаққа шалынатын. Бірде әлдебір газет-журнал ішінен «Ақынның үйі немесе Қасым Аман­жоловтың үйін қирату» атты өлең көзге шалынды.

«Дегені қайда басылды құйын,

Ақылым жетпей ашиды миым.

Виноградов көшесіндегі,

Қиратып жатыр Қасымның үйін.

Қайтейін кембақ астана сені,

Тиетіндей-ақ басқаға себі.

Қиратып жатыр Қасымның үйін,

Қиналып тапқан баспанасы еді!..»

Өне бойдан тоқ жүріп өткендей сезім кешкені-ай. Ғұмыр бойы баспанаға қолы жетпей арманда кеткен ақынның үйін қиратудан артық қандай қасірет болсын?

«Тұлпарым еді жыр көшіндегі,

Бауырын жазып бір көсілмеді.

Қиратып жатыр Қасымның үйін,

Біздің үй соның іргесінде еді…»

Француз әдебиеттанушысы Ромен Ролланның «Бетховеннің өмірі» зерттеу мақаласында: «Егер адамның жан дүниесі ұлы болмаса, ол ұлы адам да, ұлы суретші де, ұлы қайраткер де бола алмайды, уақыт оны ізін қалдырмастан жұтып қояды» деген пікірі бар-тын. Ал біз уақыт өте келе ақынның жан әлемі кең екенін байқадық. Қай бағытқа бұрылса да айтары өлең, жыр, тарихта қалу мен қалмау, сөз бен оның қасиеті, Қасым мен Мұқағали, Тұманбай мен Қадыр, Оралхан мен Ақселеу, ақ пен қара, ізгілік пен жауыздық, жалғандық пен жасампаздық. Кейде тәкаппар, кейде сәбидей аңғал, кейде әзілқой, кейде кесіп айтар шешен, кейде Байрондай жараланғыш, кейде пессимист, мұның бәрі ақын табиғатының біз куә болған қырлары. Жетпістің желкесіне таяған ақын бірде жиырманың биігіндегі ақуыз балаға белгісіз қағазға жазылған өлеңін бұрыш-бұрышты томпаңдай басып іздеп тауып, дауыстап оқып беріп бар жанымен пікір күтеді, бірде соншалық сезім құшағына беріліп дүниеде ақынның бар екенін білместен өмір сүріп жүрген миллиардтаған адамға ренішпен қарайтындай, бірде тіксіне қалып сағаттап үнсіз отыра беруге дайын сазарған мүсіндей.

«Жексенбі. Түнгі он екі кезі,

Сәл тінте қарап мені екі көзі.

Таксидің ішінде бір ару отыр,

Бөлек жанары, бөлек мінезі.

Атың кім деп ем Лариса деді,

Бетімді шарпып жалынша демі.

Тұңғиық жанар тереңге қарай,

Батыра берді ағынша мені...»

Осы бір өлең жолдары қарапайым қатарларымен, тосын, көкейде із қалдырар сезімімен біздің жан дүниемізге әрбір интонациясы жалаң денеге тамған суық тамшыдай әсер етті. Мұнда біз іздеген дәмдеуіштердің бәрі бар еді: жастықтың әсем бағында серуендеп әр көрініске елең ете қалатын жас ақын, бөтен қалада не метрода не белгісіз таксиде кезігіп қалып біршама уақыт жан дүниеге шоқ қалдыратын меңді сұлу, сұлуға тәкаппарлана тіл қатып, жыр оқып беретін асау ақын, тәкаппарлыққа тәкаппарлықпен, жұмсақ биязылықпен жауап беретін жұмбақ ару. Біз өзімізді осы бір атмосфера ішінен тауып, мәз-мейрам, масаң күйге түстік. Жатқа оқыдық, жарыса оқыдық.

Сірә, өмір майданы біз ойлағаннан да биік, біз оқығаннан да ұлы секілді. Әлдебір Шығыс ғалымы «кітап жарал­ғалы адамдар кері жылжыды» деді. Шынында, қағаз бен қалам, том-том жаз­балар жарық көргелі адамдар шоқ жұлдыздар мен ортасында сызығы бар ай жүзіне қараудан алыстай бастады. Табиғаттан гөрі табиғат бөлшегінен жасалған әртүрлі қағазға көбірек уақыт бөлді. Камю: «Ежелгі адамдар оқығаннан гөрі көбірек ойланатын» деді. Жаратылыс бізге ой арқылы көптеген жұмбағын ашты. Басына құлаған алма туралы ұзақ ойлану үдерісінде Галилео Галилей «Тартылыс заңын» ашты. Ой арқылы да­налыққа жеткен Диоген Ескендір пат­шаның тағын місе тұтпады. Шынында, білімнің көптеген бөлігі кітап сыртында екенін, сол бөліктерді суық ақыл емес, тек жүрек қана сезіне алатынын ұғын­сақ етті. Жүрсін ақын өлеңдерінен өмірдің исі табаға жапқан қып-қызыл нандай бұрқырап шығып тұрады. Бұл хақында ақын Ұлықбек Есдәулет: «Өмірі – өлеңімен, өлеңі – өмірімен қабысқан, өрімдей өрілген санаулының бірі» деген болатын.

«Басқаларды қайдам:

Менің басым – біреу.

Жалғыз басқа, айнам,

Таппай жүрмін тіреу.

Жарғақ басым қанын,

Сорғалатты кілең.

Сірә, менің жаным,

Басымда емес, білем».

Жүрсін Ерманның қайраткерлік болмысы қарақұрым жұртқа мәлім. Жы­рында айтқандай, ел таныған ер таны­малдылықтан құр алақан емес. Бірақ маған Жүрсін Ерман ең алдымен – күрес­кер болмысты ақын, ақын болып қала да береді.