Архив • 19 Наурыз, 2024

Қолжазбаларын архивке өткізді

80 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық архивте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, журналист, прозашы, сазгер, ақын Қадыр Әлім­құлов­тың жеке тек қоры ашылды.

Қолжазбаларын архивке өткізді

Іс-шарада Қадыр Нүсіпақынұлы­ның шығар­машылығын насихаттау, мұра­ларын Ұлттық архив қорына жинақтау және құндылығын таныту жайы сөз болды. Ұлттық архивтің директоры Сағила Есімсейітқызы қаламгер жөнінде пікір білдіріп, жеке қор иесінің №291 сертификатын табыстады.

Архивтің жеке тек қорына ақын­ның көп жылғы еңбектері, шы­ғармашылық әлеуетін көрсететін 5 том­дық «Мәңгілік мұра» қолжаз­ба­лар жинағы, газет-журналдарға жарияланған мақалалары, мерекелік медальдарының куәліктері, Қазақстан Республикасы Тіл туралы Заңы мен Үкімет бағдарламасының орындалу барысында қор иесінің сараптама жасаған құжаттары, «Авторлық ән» аталымы бойынша берілген жеңімпаз дипломы, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілгендігі туралы жарлығының үзіндісі секілді құнды құжаттар, сонымен қатар «Жан тұңғиығындағы жауһарлар», «Қазақ дейтін халқым бар», «Аяулым», «Қыс», «Сенім» атты өлең жинақтары табысталды.

Жиынға академик Шерубай Құрманбайұлы, профессор, Л.Н.Гу­милев атындағы ЕҰУ-дың ка­федра меңгерушісі Мұрат­бек Арпа­беков, математика ғылым­дарының докторы, профессор Әбіл­мәжін Ада­мов, суретші, өнер зерт­теуші Жеңіс ­Кәкенұлы, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Нұрлан Қалқа және архив қызмет­кер­лері қатысты.

Қадыр Нүсіпақынұлының көпші­лікке белгілі «Туған ауыл», «Арман боп қалқыдың», «Көкегім» ән­дері республикалық радиоларда тұрақты шырқалса, «Тағ­дыр көзіндегі тамшы», «Жан тұңғиығындағы жау­һарлар», «Ғашықтық ғұмыр», «Тәуелсіздік», «Сартап сағынышым сағымданған» өлең жинақтары оқыр­манның ыстық ықыласына бөленген. Сонымен қатар қаламгердің «Сүзге сұлу», «Жүгініс түні жеткенде» драмасы жергілікті ­театр сахнасында қойылып келеді.