Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Бірінші жылы 419 адам стипендиат атанды
Оқырманға түсінікті болу үшін алдымен аталған бағдарлама жөнінде түсіндіре кетейік. «500 ғалым» бағдарламасы ғалымдарға шетелдік ғылыми және жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында 3-12 айға дейінгі тағылымдамадан өтуіне мүмкіндік береді, сонымен қатар осы арқылы олардың біліктілігін арттыруға бағытталған. Бұл жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында берілген тапсырмасынан соң қолға алынып, 2021 жылдан бастап іске аса бастады.
Алғашқы жылы ғылыми тағылымдамаға 786 ғалымнан өтініш түскен, соның ішінде стипендия 419 адамға тағайындалды. Аталған бағдарламаны үйлестіруге жауапты «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығының дерегіне сүйенсек, сол іріктелген 419 стипендиаттың 357-сі – жоғары оқу орындарының, 31-і – ғылыми-зерттеу институттарының, 28-і – басқа ұйымдардың қызметкері.
Бағдарлама басталғаннан бергі 3 жылда, анығы 2021-2023 жылдар аралығында үміткерлерден іріктеліп, стипендиат атанғандардың саны 1 225-ті құрайды. Бұл дегеніңіз – жылына 400 адамның айналасы. Негізінен аталған тағылымдама 134 мамандық бойынша қарастырылған. Ең жиі таңдалатын бағыттарға инженерлік, жаратылыстану, әлеуметтік ғылымдар саласындағы, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, медицина, білім беру, агроөнеркәсіптік кешен саласы жатады. Ғылыми тағылымдама иесі үшін визаны ресімдеу, тұру, тамақтану, медициналық сақтандыру, тіпті арнайы ғылыми әдебиеттерді сатып алуға дейінгі шығындар республикалық бюджет есебінен толық төленеді. Негізгі талаптың бірі стипендиаттың шетелде ғылыми тағылымдамадан өткеннен кейін жұмыс берушінің өтініші бойынша тағылымдамадан өтуге жіберілген ұйымда кемінде 3 жыл үздіксіз еңбек етіп, жұмыспен өтеуге міндеттелетінінде болып отыр. Бәлкім, үміткерлерге осы талап орындауға қиындау соғатын шығар.
Ғылыми туризмге айналып кетті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық зерттеу университетіне қарасты Биомедицина ғылыми зерттеу орталығының директоры Әлібек Ыдырысұлы 2022-2023 жылдар аралығында Америкадағы «George Washington University»-де «Білім берудегі менеджмент» мамандығы бойынша тағылымдамадан өтіп келген. Кейіпкеріміз тағылымдаманың берері көп екенін, соның ішінде кәсіби өсуге айрықша мүмкіндік бергенін айтады.
– Тағылымдамада жүрген бір жыл мен үшін шығармашылық, зерттеу тұрғысынан өрлеу болды. Сол біржылдық жұмыстың нәтижесінде «Қазақстанның ғылыми жарияланымдарының саны мен сапасын талдау» тақырыбындағы жобамды сәтті қорғап, Web of science және Scopus базасына 9 мақала, Ғылым комитеті тізіміндегі журналдарда 4 мақала жариялап, 3 ғылыми жобаны конкурсқа өткіздім, соның ішіндегі біреуі қаржыландыруға ие болды. Тағылымдамадан алған тәжірибенің әлі де пайдасы тиіп жатыр. Мұның бәрі – бір жыл бойы АҚШ-тың білім және ғылым жүйесінің тарихы, мақсат-міндеттері, жұмыс істеу механизмдері, білім беру мекемелерінің және осы салаға қатысты ұйымдардың қызметімен танысып, арнайы шақырылған профессорлардан дәріс тыңдап, жеке жобаларымызды қорғап жүріп жинаған тәжірибенің нәтижесі. Осыған қоса Америкада тұру арқылы ондағы халықтың ішкі мәдениетін де сіңіруге мүмкіндік туды. Айталық, олардағы саяси, қоғамдық жүйенің жұмыс істеу механизмі жеке адамдардың құқығы, шығармашылық жасампаздығын негізге ала отырып қалыптасқанын түсіндім. Олар әлемдегі «ақылды да іскер» мамандарды жоғары жалақы, тиімді жағдай жасау арқылы өзіне тартады. Осы тұрғыдан алғанда, тағылымдаманың бізге алдымен бергені «санадағы сілкініс» деуге болады. Бұл дегеніміз – батыс жасағанды біз де жасай аламыз, тек Әлихан Бөкейхан айтқандай, мінез болса жеткілікті, – дейді Ә.Ыдырысұлы.
Ал стипендиаттар санының жыл сайынғы толық 500-ге жетпеуіне, Ә.Ыдырысұлының пікірінше, тіл мәселесі себеп болып жатыр. Өйткені бағдарламаның талабы бойынша талапкер шет тілін білуі керек. Біздегі көптеген институт пен университет ғалымдары бұл жағынан ақсап тұр. Екіншіден, шетелдік ынтымақтастық мәселесі бар. Шетелге барғысы келетіндер баратын жер таппайды, жеке байланыс болмағандықтан, шетелдік жетекші ғылыми орталықтар «өздеріне белгісіз» адамдарды қабылдай бермейді. Үшінші мәселе, әрине, қаржыға тіреледі, бізде шетелге барғысы келетін ғалымдардың отбасы, жас балалары бар. Олар отбасымен бірге кеткісі келеді, ал «Болашақ» стипендиясы отбасына емес, тек стипендиатқа жетеді. Сол себепті көп ғалым отбасын тастап, тағылымдамаға баруға жүрексінеді. Себебі алысқа отбасымен барса, қаржыға байланысты ғылыми зерттеуге мүмкіндік азайып, қосымша жұмыс істеуге мәжбүр болады.
– Меніңше, «500 ғалым» деген жобаны «Жетекші 100 ғалым» деп өзгерту керек. Себебі «500 ғалым» бойынша аз уақытқа барып, халық пен билік күткен нәтижені беріп жатқандар өте аз, көбіне «ғылыми туризмге» айналып кетті. Мәселен, мемлекет бір ғалымның тағылымдамадағы барлық шығыны үшін орташа 40-50 миллион теңге жұмсайды, соңында «сертификат» қана талап етіледі. Оның үстіне 3 ай, 6 ай, 1 жыл тағылымдама уақыты өте аз. Бұл барып танысуға ғана жетеді. Дайын материал немесе жобаңыз болмаса, бұл аралықта нәтиже алу тым қиын. Сондықтан қаржыны 500 ғалымға емес, жетекші 100 ғалымды кемінде 3-5 жылға жіберуге жұмсау керек, оларға қаржылық жағынан қиналмайтындай жағдай жасап берген жөн. Елге қайтып келетіндей келісімшартқа отырып, келген соң қажетті зертханасын, құрал-жабдығын алып беріп, жағдайын жасасақ, сонда нәтиже шығады. Мысалы, Дос Сарбасов, Нұршат Нұражы, Тұрсынжан Тоқай секілді ғалымдар шетелде ұзақ уақыт тұрып келді, қазір жемісті жұмыс істеп жатыр. Біз осы тәжірибеге сүйенуіміз керек, – дейді Ә.Ыдырысұлы.
Тұрақты табыс есептелмесе
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті «Бейнелеу өнер және дизайн» кафедрасының аға оқытушысы, магистр Ғаділбек Әлжанов та үміткерлер көп болғанымен, стипендиаттар санының аз болуын тіл білу мәселесімен байланыстырады. Бірақ жоғарыдағы әріптесіндей емес, қаржының жеткілікті екенін жеткізді.
– «500 ғалым» жобасы аясында Түркияның Анталия қаласындағы Ақдениз университетінде «Арт-менеджмент» мамандығы бойынша ғылыми тағылымдамадан өттім. Тағылымдама барысында өнердегі менеджменттің тиімді әдістерін, атап айтқанда, халықаралық симпозиумдарды, конференцияларды, көрмелерді т.б. өнер саласындағы ауқымды іс-шараларды ұйымдастыру және басқаруды меңгердім. Негізі «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығы ұсынған (тиісті деңгейде шетел тілін білу, ғылыми жаңашылдық және оны жүзеге асыру) ережелер мен талаптарға сай болсаңыз, аса қиын емес. Стипендия әр елдің экономикалық деңгейіне қарай беріледі, менің жағдайымда жеткілікті болды. Меніңше, орталықтың бір талабына ғана өзгеріс енгізуге болатындай. Мысалы, ғылымға жаңа келген жас ғалымдардың жұмыс өтіліне (яғни қызметі үш жылдан кем емес) қарамаса дұрыс еді. Бағдарламаның үміткерлерге қойылатын талабы бойынша соңғы тұрақты табысы 12 айға толмаса, өтінімін қабылдамайды. Және бала күтіміне байланысты демалыстан кейін жұмысқа шыққан ғалымдарға декреттік демалысында зейнетақы қорына қаражат тиісті мөлшерде түспегендіктен есепке алынбайды. Сол себепті декреттік демалысындағы үш жылы да еңбек өтіліне, тұрақты табысқа есептелмей, мұндай үміткерлердің өтінімі қабылданбай қалады. Осы талап жолға қойылғаны дұрыс еді, – деді Ғ.Әлжанов. Оның сөзіне қарағанда, танысының басында болғандай, үш жыл докторантурада оқып, зейнетақы қорына тиісті қаржы түспегендіктен, еңбек өтілі болмай, тағылымдамаға бара алмады. Екінші бір куә болғаны, декреттік демалыстан жұмысқа қосылған ғалымның да зейнетақы қорына ақша аударылмағандықтан, еңбек өтілі жоқ есебі саналып, шетелде тағылымдамадан өту мүмкіндігінен айырылып қалыпты. Осыған орай декреттік демалыстағы және докторантурадағы уақыт еңбек өтіліне жаратылса, тұрақты табыс есептелмесе, көп үміткерге жақсы мүмкіндік болатын секілді.
P.S. Тағылымдама стипендиаттарының ойынан, ұсынысынан ұққанымыздай, бағдарламаның тиімділігін арттыру үшін әлі де түзететін тұстары бар екен. Түзетуді саннан гөрі енді сапаға көшуден бастаған барлық жағынан жемісті болатындай көрінеді. Бұлай деуімізге негіз де бар, өйткені үміткерлердің әр жылдағы орташа саны 600-ден ғана асады, бір орынға екі адам да таласпайды, яғни конкурс жоқ.