Үкімет • 20 Наурыз, 2024

Өзекті мәселелерге мән берілді

82 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Елімізде Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауы өткеніне кеше бір жыл болды. Төменгі палата еліміздегі іргелі реформаларды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету жөнінде Мемлекет басшысы жүктеген міндеті Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың басшылығымен белсене атқарып келеді. Ел басшысы бұл жұмысқа оң баға беріп, қабылданған заңдар халықтың тұрмыс сапасын арттыруға тікелей ықпал ететінін атап айтқаны белгілі.

Өзекті мәселелерге мән берілді

Мәжілістің былтыр 12 сәуірде өткен жалпы отырысында депутат Жанарбек Әшімжан лудомания тақырыбын көтерді. Оның сөзінше, құмар ойындардың қоғамға дендеп еніп кеткені соншалық – әрбір бесінші жас азамат казино ойнайды не букмекерлерге ақша тігеді. Яғни жас буынның бір миллион өкілі осындай қауіпті жолға түскен. Тіпті 2022 жылы құмар ойындарды ұйымдастыру және бәс тігу бойынша қызметтер көлемі 553,6 миллиард теңгеге жеткен. Сондықтан Ж.Әшімжан: «Қазіргі таңда лудомания наркоманиядан да қауіпті дертке айналып кетті. Тығырыққа әбден тірелген ойынқұмар жастар кез келген қауіпті қылмысқа барады, тіпті, суицид жасап жатқандары да көп. Жуырда Қызылордада банк қызметкері өзі жұмыс істейтін банктен 6 миллион теңге ұрлап, букмекерлік кеңсеге ұтылғанын естіп жаға ұстадық. Оның алдында мемлекеттік және квази­мемлекеттік қызметтегі жас маман­дардың да осындай ұрлық-қарлыққа барғанын көп оқығанбыз. Ақша таба алмағандары суицид жасап жатыр. Ажырасу деректері көбейіп кетті. Бұл расымен де ұлттық проблемаға айналды», деп дабыл қақты.

Бюджет қаржысын тиімді жұмсау мәселесі де халық қалаулыларының назарынан тыс қалған емес. Мысалы, Нартай Сәрсенғалиев былтыр 8 қарашада өткен жиында спортқа қатысты мәселе қозғап, Үкімет басшысына сауал жолдады. Оның сөзінше, елімізде аталған салаға жылына 775 миллион доллар бөлінеді. Соған қарамастан, спортты қарық қылып жатқанымыз шамалы. Бұған дәлел ретінде депутат 2021 жылы Токио Олимпиадасында небәрі 8 қола медаль алғанымызды айтты. Сондай-ақ өзге мемлекеттер бұл бағытқа қанша қаражат бөлетінін салыстырып: «Сонда әлгі 775 миллион долларға жеткен жетістігіміз осы ма? Енді салыс­тырып айтайын, спортқа 41 миллион доллар бөлген Нидерланд Токиодағы олимпиадада 10 алтын, 12 күміс, 14 қола медаль алды. Ал спортқа 46 миллион доллар бөлген Дания Токиода 3 алтын, 4 күміс, 4 қола медаль алды. Біз 775 миллион долларды спортқа бөліп, 8 қоламен келдік. Жуырда Қытайда өткен Азия ойындарынан 11-орынмен оралғанымызды және қосыңыз бұған», деп шамданды.

Н.Аралбайұлының мәлімдеуінше, Қазақстанда 180-нен астам спорт түрі ресми тіркеліп, қазынадан қаржыландырылады. Бір қызығы, соның 50-ге жуығы ғана жазғы Олимпиада ойындарының тізіміне енген. Ал пенчак силат, спорттық балық аулау, биатл, триатл, петанк, текбол, унифайт, черлидинг секілді жұрт бұрын-соңды ата­уын да естімеген 130 шақты спорт түріне қыруар ақша бөліп отырғаны үшін депутат жауапты министрлікке наразылық білдірді.

Ел қазынасы оңды-солды ысырап болып жатқанын сынға алған тағы бір депутат – Дәулет Мұқаев. Ол Мәжілістің биылғы 17 қаңтарында өткен жалпы отырысында кино түсіру саласындағы олқылықтарды жіпке тізді. Д.Мұқаевтың дерегінше, 2019-2023 жылдар аралығында отандық 100 фильмге шамамен 23 миллиард теңге бөлінген. Алайда бәрі дерлік шығынды ақтамай, салдарынан мемлекет қаржысы құмға сіңген судай рәсуа болған. Депутат нақты фактілер келтірді. Мысалы, «Atlas Entertainment» компаниясы түсірген отандық «Время патриотов» фильміне 1 миллиард теңге жұмсалса, оның кассалық жинағы небәрі – 10 миллион теңге. Бұл жұмсалған соманың 1% ғана екен. Сондай-ақ «Satai film» түсірген «Боксшы» фильміне 900 миллион теңге жұмсалған, ал кассалық жинақ – 25 миллион теңге. Сонымен бірге «Медет фильм» түсірген «Лето 1941-го» отандық киносына 700 миллион теңге бөлінсе, оның 2 миллион теңгесі ғана қайтарылды. Бұл кеткен шығыннан 350 есе аз көрінеді. Осындай статистикаларды санамалай келе, Д.Мұқаев: «Тәуелсіздік жылдарында мемлекет қаржысына 600-ден аса фильм түсірілсе, соның ішінде өз-өзін ақтап, пайдаға шыққан фильм «Дос-Мұқасан» туындысы. Қазір әлемдік тәжірибеде кино индустриясы экономиканың қозғаушы драйверіне айналып отыр. Сондықтан мемлекет тарапынан қаншама қаражатқа түсіріліп жатқан фильмдердің қызығын халық көруі қажет. Мемлекеттен қаржылық қолдау алуға үмітті жобаларымен кел­ген киногерлерді қолдаудың жан-жақ­ты механизмін жетілдіру қажет», деді.

Кейінгі жылдары балалар мен жасөспірімдер арасында кең етек жайған жаман әдеттердің бірі – электронды темекі шегу. Статистикаға жүгінсек, елімізде 11-15 жас аралы­ғын­дағы оқушылардың 10 пайызы вейп шегеді. Өкінішке қарай, жас­тар мен ересектер арасында да бұл нәрсе кең тараған. Қаржы министр­лігінің дерегінше, 2020 жылдан бері вейп сатылуы 300 есе өскен екен. Сондықтан депутат Дәулет Тұрлыханов Мәжілістің биылғы 24 қаңтардағы отырысында осы тақырыпты қаузады. Оның сөзінше, электрондық темекіні астаналық және алматылық жастардың 80 пайызы сатып алатын көрінеді. Ал мамандар вейптегі никотин жас баланың миына 8 секундта әсер етіп, оның тамырын тарылтып, жүрегіне салмақ түсіретінін ескертіп отыр. Сондықтан артериялық қысымның артуы, миокард пен инсульт қаупі төнеді. Д.Тұрлыханов осындай деректер келтірумен қатар, вейпті қолдануға әлемнің 35 елінде қатаң тыйым салынғанын атап өтті. Сол себепті, электронды темекі саудасына тосқауыл қоятын заң жобасы Мәжілісте мақұлданып, Сенатқа жолданды.

Халық қалаулысы вейптен бөлек, синтетикалық есірткі, бір ішсең, қайта-қайта іше бергің келетін энергетикалық сусын секілді зарарлы заттар күннен-күнге көбейіп бара жатқанына уайымын білдірді. «Солардың бірі – қорқор түтіні. Бұл да жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп, өскелең ұрпақты аздырып барады. Бүгінде арнайы көңіл көтеретін, тамақтанатын орындарды қойып, жастар көлікке салып алып, қорқорлататын жағдайға жетті. Тіпті жасөспірімдердің өзі топталып кальян шегіп, айналасын көк түтінге көмуде. Ал кальянның құрамында не бар екені, не қосып жатқаны белгісіз. Оған темекіден бөлек түрлі ароматизатор, масайтатын заттар қосылатыны жасырын емес. Оған гашиш те, арақ та, коньяк та қосуы әбден мүмкін. Оны қадағалап жатқан бір жан жоқ! Бұл – дабыл қағарлық жағдай», деді Д.Тұрлыханов.

Кибералаяқтар кейінгі бірнеше жылда белсенді жұмыс істеп, талай отандасымызды сан соқтырып, миллионда­ған қаржысын жым­қыр­ғаны рас. «Finprom.kz» сайтының мәлі­метін­ше, 2022 жылы алаяқтар 96 мил­лиард теңгеге жуық залал келтір­ген. Мұндай қылмыстардың жар­тысы интернет кеңістігінде жасалған екен. Өкінішке қарай, соның 2,5%-ы ғана ашылып, жәбірленушілер ақшасын қайтарып алған. Құқық қорғау органдарына интернет алаяқтарын құрық­тау қиынға соғатын себебі – олар­дың көбі шетелдерде отырып жұмыс істейтін ұйымдасқан қылмыстық топтар. Мәжілістің биыл 14 ақпан­дағы басқосуында депутат Магеррам Магеррамов осы мәселені көтеріп, баяндама жасады. Оның сөзінше, азаматтардың жеке деректері, ұялы телефоны, банк есепшотының нөмірі секілді мәліметтерге қол жеткізген алаяқтар қоңырау шалып, алдап-сулап, жымысқы ойын жүзеге асырады. Тек 2023 жылдың өзінде Қазақстан тұрғындарына жалған нөмірлерден байланысқа шыққан 43 миллионнан астам қоңырауға тыйым салынған. Бұқараны кибералаяқтардан қорғау үшін депутат мынадай ұсыныс айтты: «Екінші деңгейлі банктер мен ұялы байланыс операторларының инфрақұрылымы көмегімен алаяқтар әрекеттерін жасап жатады. Сондықтан осы инфрақұрылым арқылы алаяқтар әрекеттерін іске асырса, онда зардап шеккендерге келтірілген шығынның орнын аталған банктер мен ұялы байланыс операторлары толтыруға тиіс деген жауапкершілікті жүктеу ұсынылды. Заң жо­басындағы мұндай жауапкершілік ки­бе­­ралаяқтыққа қарсы тұру үшін қар­жы және теле­коммуникациялық ком­па­ния­­лардың қуатты технологиялық ре­сурс­­тарын іске қосуға мүмкіндік береді».

Депутаттар Мәжілісте бұлардан бөлек талай мәселені көтеріп қана қоймай, нақты шешу жолдарын ұсынып жүр. Мысалы, жат діни ағымдардың идеологиясына тосқауыл қою, тұрмыстық зорлық-зомбылықты тоқтату, орман өртінің алдын алу, су тасқыны қаупі бар аймақтардың картасын әзірлеу, жемқорлық туралы деректерді халыққа ашық жариялау, елдегі қымбатшылықты жою, тағы басқаларды атауға болады. Енді мұндай мәлімдемелер сөз жүзінде қалып қоймай, құзырлы органдар мен жауапты министрліктер өзекті мәселелерді шешуді нақты қолға алғаны қажет.

 

Алпамыс ФАЙЗОЛЛА,

журналист