Қыстан шыққан ағайын Наурыз онкүндігін ерекше атап өтіп жатыр. Бір жағынан ұлық мерекенің қасиетті Рамазан аймен сәйкес келуі де осы мерекенің мәнін тереңдетті. Биылғы Наурызды елдегі шаруа баққан азаматтар мұқтаж ауылдастарына қайырымдылық көмек көрсетуден бастады.
Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелде аудандық мешіт алдында қайырымдылық керуені бастау алды. Аудан кәсіпкерлері мен мешіт жамағаты және еріктілердің қатысуымен өткен іс-шарада ұлық мерекенің ұлылығы туралы жақсы тілектер айтылып, ақсақалдар бата берді. Қайырымдылық күні ауданның шаруа қожалықтары мүгедек бала тәрбиелеп отырған, аз қамтылған отбасыларға қой етін жеткізіп берсе, кәсіпкерлер, мешіт жамағаты және тәжік-ауған соғысы ардагерлер қауымдастығы азық-түлік пакеттері мен қаржылай көмек таратты. Байғанин ауданында қайырымдылық күні 50 отбасыға осындай көмек көрсетілді.
Қайырымдылық күні Шалқар ауданының кәсіпкерлері де аянып қалған жоқ. Айшуақ ауылдық округінің «Қуан» шаруа қожалығының басшысы Руслан Тастайбеков ауылдағы аз қамтылған отбасыларға 100 мың теңге көлемінде көмек берсе, Есет Көтібарұлы ауылдық округінің тұрғыны, жеке кәсіпкер Әсемгүл Салықбаева мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған, жұмыссыз ауылдасына азық-түлік жеткізді. Шетырғыз ауылдық округінің мекеме ұжымы, Шалқар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қызметкерлері, жеке кәсіпкерлер А.Ноғаев, Қ.Болысбаева, Г.Нұрманова аз қамтылған отбасыларға «Наурыз дәмін» тарту етті.
«Қазақстан халқына қолдау қоры» Тоғыз орта мектебінің жеті оқушысына, Ақтоғай, Бершүгір, Шалқар ауылдық округтері азаматтары жеті оқушыға жазғы демалысқа жолдама табыстады. Шалқар ауданының білім бөлімі мен білім беру ұйымдары мектептердің 9-11 сыныптар арасында Наурыз тағамдарына жәрмеңке ұйымдастырып, одан түскен қаржы мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыға берілді. Бұл күндері аудандағы мұқтаж отбасыларға 780 мың теңге көлемінде қайырымдылық іс-шаралары жасалса, 52 отбасына әлеуметтік пакеттер таратылды.
Ақтөбелік азаматтар қайырымдылық іс-шараларын Наурыз айы аяқталғанша жалғастыра бермек.
Ақтөбе облысы