Пікір • 20 Наурыз, 2024

Тарихи мәні зор жиын

201 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жалпыхалықтық жиын ретіндегі Құрылтайдың көнеден дала заңы мен көшпелілік демократиясын саяси, қоғамдық өмірдің өзегі ретінде ұстанған түркі және моңғол халықтарының тарихи дамуындағы маңызы зор болды.

Тарихи мәні зор жиын

Фото: lenta.inform.kz

Сонау Шыңғыс хан, Жошы хан замандарындағы Ұлы құрыл­тай­лардан бастап, қазақ хандарының жинаған Күлтөбе, Битөбе, Майтөбе секілді маңындағы жиын мен бүгінгі Түркістан, Ұлытау, Атыраудағы Ұлттық құрылтайларға дейінгі форумдарда ең өткір әрі өзекті сыртқы және ішкі мәселелер қарастырылған. Мұндай басқосулар шын мәніндегі билік пен азаматтық қоғам ара­сын­дағы байланысты нығайтқан алтын көпір болды. Құрылтайға хан, әскербасы, ғұлама билер, ақын-жыраулармен қатар қарапайым халық өкілдері де қатысты.

«Туған жерге туың тік» дейтін қазақ халқы ежелден атажұртты, атақонысты, атамекенді жерұйыққа балап, барынша қадір тұтқан. Сондықтан Дешті қыпшақ, Сарыарқа далалары мен Жетісу, Тұран өлкелері, Түркістан мен Тараз қалалары, Сырдария, Шу мен Талас, Еділ мен Жайық, Есіл мен Ертіс сулары, Алакөл мен Марқакөл, Бурабай мен Балқаш көлдері, Хантәңірі шыңымен асқақтап тұрған Алатау мен түркі жұртының талбесігі Алтай, Өтікен, қарт Қаратау мен Көкшетау, Шыңғыстау мен Ұлытау, Маң­ғыстау мен Отпантау, Орал мен Тарбағатай таулары жер мен елге деген сүйіспеншілік сезімін тудырады. Ортағасырлық дәуірде әлемдік аренада орасан зор тарихи әрі саяси рөл ойнаған Түркі, Оғыз, Қыпшақ, Алтын Орда империялары мен Қазақ хандығын құраған ру-тайпалардың отаны болған киелі жерлер. Халықтың жүрегінен орын алған бұл топонимдер еліміздің қазіргі әкімшілік бірліктерінің атауына сұранып-ақ тұр. Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан деген облыстар, аудан және олардың орталықтарының атауларын жал­тақтамай өзгертетін уақыт та келген сияқты.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биыл Ұлттық құрылтай батыс өңірде бұрыннан кең аталып өтетін Көрісу күнінде Атырау қаласында өткізілді. Әрине, мұның терең рәміздік астары бар. Келесі құрылтай Көкшетау өңіріне белгіленді. Кезінде сәу­леттілігі Мәскеу қаласына үлгі болған Сарайшыққа зиярат жасауға да болар еді. Алайда ондағы тарихи жәдігерлерді қайта қалпына келтіру мен заманауи инфрақұрылым­ның мардымсыздығы бұған бөгет болған секілді. Бұл мәселе сак­ралды Қазақстанның кез келген өңірінде бар. Мысалы, шежірелі Сыр өңірі – Қызылорда облысында Қорқыт атаның мемориалы жақсы салынғанымен қазақтың қаһарлы ханы Хақназардың резиденциясы болған Сығанақ қаласының қирандысы мүшкіл халде.

Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдеріне орынды сын айтты. Олар жершілдік пен рушыл­дық­қа бой ұрмай, діни киелі нысан­дар­мен бірге тарихи маңызды орын­дар­ға инфрақұрылым жүргізіп, зиярат туризмін дамытуға күш салса жөн болар еді. Құрылтай өткізілетін мекен мен уақытқа халқымызға қалтқысыз қызмет еткен қайраткерлердің мерейтойларын, сондай-ақ Мәдениет пен ақпарат министрлігінің жос­парлы іс-шараларымен, мысалы ұлттық ойын, спартакиадамен орайлас­тырса артық болмас еді. Бірақ Президент ескерткендей, ысырап пен дарақылыққа жол бермеу керек.

 

Бақытжан САТЕРШИНОВ,

философия ғылымдарының докторы, профессор