Жәдігер • 22 Наурыз, 2024

Сыры бөлек самаурын

164 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейінде ескіліктің жұрнағындай болған самаурындар самсап тұр. Осылардың арасындағы еңселі жез самаурын бірден көз тартады. Музейге келген қонақтар да бұны қызықтап, жанында суретке түседі.

Сыры бөлек самаурын

– Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейінің тарихы 1987 жылдың қараша айынан бастау алады. Бұл самаурын – музей ашылғанда қойылған алғашқы жәдігердің бірі. Алайда оны нақты кімнің әкелгені белгісіз, «Шалқар қаласындағы теміржол ауруханасынан тапсырылды» деген мәлімет қана бар. Ғасырдан астам уақыт бұрын өлкеміздің үстінен Орынбор – Ташкент теміржолының құрылысы басталып, Ресей инженерлері осында қоныстанған. Меніңше, бұл бұйым сол кезде келген болу керек. Бізде қазір жалпы 12 733 экспонатымыз болса, олардың ішінде самаурын, келі-келсап, қолдиірмен сияқты тағы басқа бабаларымыз қолданған түрлі пішіндегі көне бұйымдар да кездеседі, – дейді музей директоры Нағима Тілембаева.

Біз сөз еткен жез самаурынның биіктігі – 85 см, диаметрі – 42 см, сыйымдылығы 40 литр. Ұстайтын екі құлағы, шүмегі бәрі қызмет атқарады, шүмек тұтқасы жапырақ тәрізді безендірілген, жез түсі де өз қалпында.

Елордадағы жеке музейіне еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ден астам көне самаурын жинаған зергер, ұста Берік Әлібайдың телеарналардың біріне берген сұхбатында сыртына жезден, мыстан жасалғаны байқалатын самаурындардың тарихы тым ертеден бастау алатынын айтады. Себебі бұндай самаурындардың уақыт өте сырты қараятындықтан, ХХ ғасырдан бергі жасалған самаурындарға никель жалатылған. Никель жалатылған ыдыс айнадай жалтырап тартымды көрінеді және түсі ешқашан өзгермейді екен. Негізінен самау­рынды шығарушы ұстаханалардың шеберлік көрмелеріне қатысқандығын айшықтайтын арнайы белгілері де соғылып отырған. Осы таңбаланған белгінің саны мен самаурынның салмағына қарай құны белгіленген.

Бұрын қазақ даласында сиыр малы 1 рубльге бағаланса, салмағы басым жез самаурындар 25 рубль тұрған. Сондықтан да алғашқы кезде бұл бұйымдарға бай-бағландардың ғана қолы жеткен деседі. Шалқар музейіндегі жез самаурыннан зергер айтқандай арнайы белгіні таппадық. Бірақ оны көтеретін бір адамға едәуір салмағы бар.

 

Мұхтар МЫРЗАЛИН

Ақтөбе облысы,

Шалқар қаласы