Фото: Вячеслав Прокофьев
Күдікке ілінген Қырғызстан азаматы Әлішер Қасымов лаңкестердің жоспарынан бейхабар болғанын айтып отыр. Тергеу мәліметтеріне қарағанда, ол ұсталған күдіктілерге пәтерді жалға берген. Қасымовтың сөзінше, ол «Авито» қосымшасының қызметі арқылы ғана олармен байланыста болған.
Еске сала кетейік, кеше Мәскеудің Басманский сотына тағы үш күдікті жеткізілген еді. Олардың бірі Диловар Исмолов террористерге делдал ретінде көмектесті деген айыппен ұсталды. Сондай-ақ ол ұсталғандар мінген «Рено» көлігінің түпкі иесі болып шықты.
Оған қоса Диловардың 62 жастағы әкесі Исроил Исмоилов пен оның 33 жастағы ағасы Аминчон Саломов қамауға алынды. Олар тағылған айыппен келіспей отыр.
Тергеушілердің нұсқасы бойынша, Диловар мен Аминчон 24 наурызда қамауға алынған Шамсиддин Фаридуниді қылмыстық топқа тартқан.
Еске салайық, 22 наурызда Мәскеудегі «Крокус сити холл» концерт залында теракт болды. Белгісіз біреулер күзетшілерге, кейін фойедегі көрермендерге оқ жаудырған. Қаза тапқандар саны жүзден асты.