Тұлға • 26 Наурыз, 2024

Әбікеннің әртістік қыры

134 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Бұл домбыраның сүйегі...» деп бастапты шебер әңгімесін. «Ұлтымыздың әні мен күйі сіңіп, ұлы өнер­паздарының маң­дай тері сіңген ағаштардан шабылып қиюластырылған. Әбікен Хасенұлы һәм сол қатарлы өнер иелері күй шертіп, бойындағы бар өнерін сарқып берген сахнаны көтеріп тұрған ағаштардан жасалған» депті-мыс домбыра шебе­рі. Ертеректе. Құлаққа бала кезде сіңіп, есте қалған ауыз­екі әңгіме болса да, жаны бар сөз секілді.

Әбікеннің әртістік қыры

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»

Домбыра жасалған бөренелер кезінде Қазақ драма театрының (Қазіргі М.Әуезов атындағы мем­ле­кеттік академиялық драма театры)­ сахнасына жөндеу жұмыстары жүр­гізілгенде шығарылып тасталса керек. Ал атақты күйші Әбікен Хасенұлы мұнда 1934 жылдан бас­тап өмірінің соңына дейін актерлік қызмет атқарғаны белгілі.

Қазақ күй өнеріне ғана емес, Әбікен Хасенұлының театр өнеріне сіңірген еңбегі де аз емес. Бұрын көп айтыла бермейтін күйшінің бұл қырын өнертанушылар бертініректе көбірек қаузап жүр. Және қандай рөлдерді сомдаған? Арқаның даласында Бетпақпен шектесетін атасы Көпбайдың жазығында бұла өскен Әбікен сол заманда қазақ халқы басынан өткерген тағдыр азабын бойы­нан толығымен өткерген өнер иесі. Бұл айдауда жүріп, абақтыдан босап елге келгенде сүйген жары мен төрт баласы аштан өлгенін біледі. Бір баласы аман қалған екен, ол әкесі барған түні жан тапсырып, қолынан жерлейді. Ел түгелімен қырылып қалған. Содан Сарыарқаның қоңыр сарынын арқалап Алматыны бетке алған күйшінің болмысында ұлтының көз ашқалы көрген бар тағдыры кетіп бара жатқанын елес­тетуге көп ақылдың керегі жоқ түй­сінгенге. 1934 жылдан бастап өнер­паз осы қасіреттің бәрін күймен ғана емес, актерлік шеберлікпен де «ойнап» шыққанын ұғарға жүрек­тің қуаты жетер ме? Қазақстан­ның белгілі еңбек сіңірген әртісі Тілектес Мейрамов Әбікен Хасенұлы Әуезов театры сахнасында қырықтан астам образ галереясын жасаған (дәл саны – 43) және бұл образдардың барлы­ғы дерлік басты рөлдер екенін жазады. Өнертанушы Ерлан Төлеутай ол туралы фотосуреттерді «сөйле­те» келе: «Фотосуреттер Әбікен­нің көп планды, жан-жақты, болмы­­сы зор, ойы биік, қырағы, сергек актер болғандығын айқындай айшық­тап тұр. Фотадағы Әбікен сомда­­ған образ­дардың көрнектілігі бірі­нен бірі өтеді. Егер осы суреттерді Әуе­зов театры музейінің бір сөре­сін­де тығулы жатқан жерінен музей же­текшісі Наргиз Тамабекова мен «Әбікен» кітабының авторы Несібелді Әбдірахманова кез­дейсоқ тауып алмағанда, біз Әбікен сом­даған образдар бейнеленген бұл фотосуреттерден көз жазып қалғандай екенбіз. Өйткені аты-жөнсіз папка­ға елеусіз жасырылған бұл фоталар ұзақ жылдар бойы әдейі ескерусіз қалдырылып, қол жете қоймай­тын қалтарыс жерде, көзден таса сақ­талып келген. Алайда Әбікеннің ұлы күйші екені жұртшылықа айтылмай келгендігі сияқты, оның театр актері болғандығы да ешбір жерде өз мәнінде жарияланған емес. Тек осы жолдардың авторы 2013 жылы жарық көрген «Жүсіпбек Елебе­ков» кітабының Әбікенге арнал­­ған тарауында ұлы күйшінің сомда­­ған рөлдерін тізіп шығып, ол ойна­ған бірнеше рөлге арнайы тоқта­лып, кейбірін сипаттай баянда­ған еді. Міне, сол рөлдердің тізімі бүгін фота айғақтармен дәлелденіп отыр» дейді.

Аса дарынды күйшінің актерлік қабілеті домбырашылық өнерінен әсте кем түспегенін білеміз. Қандай кейіпкерді болсын асқан табиғи шынайылықпен сомдағаны сонша, кезінде бір қойылымда жағымсыз кейіпкердің кейпіне енгенде, зал дүрлігіп, ел орнынан тұрып кеткені туралы естеліктер бар. Күйшінің шығармашылығын зерттегендер мұндай жазбаларды осы бертінде шығарып жатыр. Мәселен, Әбікен туралы мақаласында белгілі күйші Жанғали Жүзбай:

«Соғыс жылдарында Қазақ драма театры мен филармония әртіс­терінен құралған концерттік брига­далар жасақталды. Мәскеуді бас­­қын­шылардан қорғаған атақ­ты Пан­филов дивизиясының ерлігі ­тура­­лы Мұхтар Әуезов пен Әлжаппар Әбішевтің «Намыс гвардиясы» пье­­сасында басты рөл генерал Пан­филовтің бейнесін Қалибек Қуа­нышбаев пен Әбікен Хасенов қатар сомдады. Осы спектакльде Әбікен Қамал Қармысов, Қапан Бадыров, Шәкен Айманов, Серке Қожамқұлов секілді әйгілі актерлермен сахналас болды. Соғыс жылдарындағы осынау қажырлы еңбегі ескеріліп, 1945 жылы Әбікен Хасеновке Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі атағы және «Құрмет белгісі» ордені берілді. Мерзімдік баспасөз беттерінде Әбікеннің актерлік шеберлігі туралы бірсыпыра мақалалар да жазылды. «Қазақ өнерінің тарихы» атты үш томдықтың 1-кітабының «Театр өнері» бөлімінде:

«Актер Ә.Хасенов батырдың мінез қайшылығын дәл тауып ашқан. Тұтас спектакль барысында күресті аңсаған батыр бітімді жанның бей­несі бар көркемдік сипаттары­мен ашылған. Бірақ ол күресті бейберекет, озбырлық, байлардан кек қайтару деп ұғады. Ол әскери техника мен әскерлік тәртіпке қар­сы. Актер халық қозғалысының сая­си мәнін түсінбеген әрі ескі көз­қарасынан қайтпаған Кетенің ішкі қайшылықтарын түбіне жеткізе ашқан» деген деректерді келтіреді.

Қазақ театр өнері атты қатпар-қатпар әлемнің бір түкпірінен күй­шінің биік таланты мен қияпатты қабі­леті қылтияды. Бәлкім тас­ты жарған қарағайдай қасқайып көрі­ніп келеді. Тек тереңіне үңіліп, пары­қ­тайтын зерттеушілер керек-ақ.