Пікір • 26 Наурыз, 2024

Озбырдың он талабы

10631 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Өз үйіңнен жау шықса, қаша­тын жер табылмас» дегенді бая­ғыда айтып кеткен ата-бабаларымызды нағыз дала данышпандары дерсіз. Бір ғана сөй­лемге байланған тоқтам өз жа­қын­­­дарына залымдық, әлім­жеттік көр­сететін кісәпір­лер­дің әлмисақтан бол­­ғанын айғақ­тамай ма? Кісәпір демек­ші, ілгері заманда қалтаға түсе­тін ұрыларды осылай атаған екен. Ал бұл заманда өз отбасы­на кесірін тигізіп, тағдырын тас-талқан еткендерді кі­сә­­­пір демей, кім дейміз?

Қалай атасаң да, әлімжеттікті ақтай алмассыз. Мұндай қиянатты ер-азаматтар емес, залым әйелдер де, қатыгез ата-ене, мейірімсіз бала, тіпті өктем, өркөкірек басшылар да жасай береді. Әсіресе отбасындағы озбырдан қашып құтылу мүмкін емес екенін қоғамды шулатқан оқиғалардан көріп отырмыз.

2022 жылдың 29 сәуірінде төрт бала­сының көзінше әйелін асқан қатыгездікпен ұрып өлтірген еркектің оқиғасын жұрт тез ұмытқаны өкінтеді. Өйткені оның аты танымал емес еді. Ең өкініштісі, ол келіншектің 15 жыл бойы таяқтан көз ашпағанын туысқандары да, көршілері де білген. Әрине, қылмыскер жазасын алды, 17 жылға сотталды. Бірақ балаларын да психологиялық тұрғыда «өлтіріп» кеткенін, осы қиянаттың орнын қалай өтейді, кім өтейді?

Озбырлық дегеніңіз – міндетті түрде ұрып-соғу емес, сөзбен кеміріп, көзбен кемсітіп, ұдайы тұқыртып отырып-ақ кісіні ауру, дімкәс етіп, сағын сындырып тастауға болады. Мәселен, түбі міндетті түрде ажырасуға алып баратын басты 13 түрлі себеп бар екен. Ал зорлық-зомбылыққа бейімдердің «қасиеттерін» қалай тануға болады десек, осы мәселені майшаммен зерттеп жүрген мамандарға құлақ түріп көрейік.

Озбырлықтың бірінші белгісі – өзінен дәрежесі төмен, әлсіз, яғни өзіне тәуелді адамдарға өктемдік танытып, қалжыңдаған болып кемсітіп, қорлап отырады. Мейлі, әйел, мейлі ер-азамат болсын, егер көңіліңіз құлап жүрген адам даяшы, сатушы, кассир сияқты қарапайым қызметкерге зіркілдеп, өктемдік танытып, басынатын болса, ойлану керек. Сол сияқты соңыңызға түскен жігіт караоке, түнгі клуб, мейрамханада сізді оп-оңай ханшайымдай көкке көте­ріп, осы ойынды ойнауға өзгелерді де мәж­бүр­лесе, онда абай болуға, ойлануға тура келе­ді.

Ол әрбір сөзіңізді аңдып, ілінісіп отыратындықтан, әр сөзді айтар алдында екшеп сөйлейтін, уақыт өте келе тіпті аузыңызды ашпайтын боласыз. Озбыр сізге қолы жеткенше тіпті үлде мен бүлдеге орағанның өзінде айтқанын жасатып, өз ережесімен жүруге мәжбүрлейді. Оған киіміңіз де, боянып-сыланғаныңыз да ешқашан ұнап көрген емес. «Ана көйлегің қысқа», «мына белдемшең тар», «кофтаң кеудеңе жабысып тұр» дейтін сындардан көз ашпайтындықтан, өз талғамыңыздан, өзіңізден айрылу оп-оңай.

Оған құрбы-құрдастарыңыз да ұнаған емес. Сіз мұны ешкіммен араласпай, оқшау, кісікиік күй кешіп, күйзеліске түскен кезде ғана түйсіне бастауыңыз мүмкін.

Туған-туысқандарыңызды сынап-мінеп, жақтырмай, араластырмауға тырысып отырады. Бұл да – адамды оқшаулаудың, өз түрмесіне тығудың тәсілі. Ол тек өз тәртібі, өз отбасының ережесімен жүріп-тұруыңызды талап етеді. Айналып келгенде үйден шығуыңызға, жұмыс істеуіңізге, дос-жаран, туысқандармен араласуға жол қалдырмайды. Қаржылай тәуелді етеді.

Бұл тізімнің шегі жоқ. Ол сирек болса да керемет қамқорлық танытқандай болады. Бірақ бірдеңе дұрыс болмаса, тек ол кінәлі емес. Айнала толы «оңбағандар», «нақұрыстар» болғандықтан, ешкімге сенбейді, телефон тексереді, күдіктенеді. Сондықтан жұмыстан, сабақтан келген кезде тергеу сөзден ғана емес, қызғаныштан ызаға толы көзбен де басталады.

Ол тек өзінен дәрежесі, мансабы, дәулеті жоғарыларды ғана мойындауы, «сыйлауы» ғажап емес. Қысқасы, адамтану ілімі түпсіз бір шыңырау болғандықтан, тағдыр бізді қателестірмегей деп тілейік.