Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатыр. Жоғары деңгейдегі кездесулердің жиілігі де соның айғағы. Соңғы 12 айда осындай кездесу бесінші рет болып отыр. Қазақстан мен Қытай БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК сияқты халықаралық беделді ұйымдарда да өзара бірлесіп белсенді іс-қимылдар жасауда. Сондай-ақ Қытай жағы Қазақстанның Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі сияқты сыртқы саясаттағы бастамаларына қолдау білдіруде. Екі елдің парламенттері арасындағы ынтымақтастық та жыл өткен сайын жақсы қарқында даму үстінде.
Жоғарғы деңгейдегі кездесу барысында алдымен экономикалық ынтымақтастық мәселелері сөз болды. Қазір бұл тарапта аса ірі, стратегиялық маңызды жобалар іске асырылуда. Соның ішінде “Түркіменстан-Өзбекстан-Қазақстан-Қытай” және “Кеңқияқ-Құмкөл” мұнай құбырларын атауға болады. Бүгінгі таңда Қазақстанда алынатын мұнайдың үлкен бөлігі қытайлық компаниялардың қатысуымен өндірілуде. Былтырғы жылдың сәуір айындағы Пекинге сапарында Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың келіссөздері аясында бірлесе салуға қол жеткізілген бірнеше инфрақұрылымдық жобалар қазір қызу іске асырылуда. Соның ішінде Мойнақ СЭС-інің, Павлодар электролиз зауытының, Ақтаудағы жол құрылысына қажетті битум өндіретін зауыттың, Атырау МӨЗ-індегі ароматты көмірсутегін өндіру кешенінің, “ПетроҚазақстан Ойл Продактаз” МӨЗ-ін жаңғырту мен жаңарту, полипропилен шығаратын аса ірі газхимиялық кешеннің бірінші кезеңінің құрылыстары бүгінде қарқын алған.
Екі елдің арасындағы сауда айналымы былтыр 14 млрд. АҚШ доллары көлеміне жетті. Бұл Қазақстанның 2009 жылғы сыртқы айналым көрсеткішінің 13 пайызынан астамын құрап отыр. Сауда бойынша әріптес елдердің арасында Қытай Қазақстан үшін Ресей Федерациясынан кейінгі екінші орын алады. Ал Қазақстан Қытайдың ТМД елдерінің ішіндегі Ресейден кейінгі екінші орындағы сауда әріптесі.
Екіжақты келіссөздер барысында экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтарды одан әрі тығыз жүргізу жолдары қарастырылды. Шағын құрамдағы кездесуден соң келіссөздер кеңейтілген құрамда жалғасты. Оны ашқан Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ху Цзиньтаоға және делегация мүшелеріне оң сапар тілеп, екі елдің арасындағы тығыз ынтымақтастыққа Қытай басшысының қосып отырған жеке үлесін атап өтті. Соның айғағы біздің жиі кездесіп отырғанымыздан да көрінеді, деді Қазақстан басшысы. Нұрсұлтан Әбішұлы одан әрі қытай жағын “ЭКСПО-2010” дүниежүзілік көрмесінің табысты өтіп жатқанымен құттықтады.
Қытай экономикасының үстіміздегі жылдың І тоқсанында 12 пайызға жуық қарқындағы өсімі аймақтағы елдер экономикасының серпінді дамуына да оң ықпалын тигізеді. Соның ішінде Қазақстанның үстіміздегі жылғы 5 айдағы ІЖӨ өсімі 8,3 пайыз болды, деді Елбасы. Одан әрі Қытай жағының Қазақстанға әлемдік дағдарысты еңсеруге 10 млрд. АҚШ доллары көлемінде несие бергенін атап өтіп, оның орынды жұмсалғанын айтты. “Кеңқияқ-Құмкөл” мұнай құбыры аяқталған сәттен бастап Қазақстаннан Қытайға жөнелтілетін мұнай көлемі 28 пайызға артып, жалпы көлемі 8 млн. тоннаға жуықтайтын болады. Бүгін біздің тиісті қызметтеріміз “Бейнеу-Бозой-Шымкент” газ құбыры құрылысының екінші кезеңін салу жөніндегі келісім-шартқа қол қояды, сөйтіп, “Орталық Азия- Қытай” жобасын одан әрі тереңдете түседі, деді Н.Назарбаев.
Қазақстан Президенті келесі кезекте жоғарыда аталып кеткен бірлескен жобалардың қызу қарқынмен жүргізіліп жатқанына қанағат білдірді. Біздің елдеріміздің арасындағы сауда айналымы үстіміздегі жылдың І тоқсанында 56 пайызға артты. Сөйтіп, қазірдің өзінде біз дағдарысқа дейінгі 17 млрд. доллар көлеміне жақындап қалдық, деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Қазақстан Президенті сондай-ақ Қытай басшысымен шикізатты емес сектордағы шаралар жоспарын қайта қарап, оны индустриялық-инновациялық технологиялар деңгейінде жетілдіруге келісілгенін айта келіп, осының өзі екі елдің арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретінін атап көрсетті. Біз екі елдің арасындағы көлік-транзит саласындағы ынтымақтастыққа да үлкен маңыз беретін боламыз. Қазір “Батыс Қытай-Батыс Еуропа” автожолы, “Қорғас-Жетіген” темір жолы салынып жатыр. Бұлар – біздің ынтымақтастығымыздың маңызды нысандары. Осынау инфрақұрылымдық нысандардың құрылысына Қытай жағының ШЫҰ елдері ынтымақтастығын қолдауға бөлетін қаражатының біраз бөлігі арналатынына біз үміттенеміз, деді Қазақстан Президенті. Одан әрі ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы айта келіп, Қазақстаннан Қытайға және Қытай аумағы арқылы басқа елдерге астық шығару туралы жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Осының бәрі біздің ынтымақтастығымыздың тереңдеп келе жатқанын көрсетеді, дей келіп сөзінің соңында Ху Цзиньтаоның бүгінгі сапары екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетіп, оны жаңа сатыға көтеретініне сенім білдірді.
Жауап сөзінде Қытай басшысы Қазақстан Президентінің шақыруымен Астанаға кезекті рет келіп, жылы қабылдау көріп отырғанына ризашылығын жеткізді. Тәуелсіздік алған сәтінен бастап Сіздің дана басшылығыңызбен Қазақстан халқы дамудың даңғыл жолымен алға басып келеді. Қазақстанда қоғамдық тұрақты жағдай қалыптасқан, экономика тоқтаусыз алға басуда, осының бәрі халық тұрмысын үздіксіз жақсарта түсуде және ол Сіздің елдің халықаралық аренадағы позициясын нығайтуда. Әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында Қазақстан дағдарысты еңсеретін шаралар бағдарламасын өз уақытында қабылдады. Соның арқасында дағдарыстың салқынын барынша азайтып, экономиканы дамытудың оң қарқынын сақтап қалды. Қытай жағы Қазақстан тарабының табыстарына шын жүректен қуанады және осындай табыстарға алдағы уақыттарда да жете беруін тілейді, деді Ху Цзиньтао.
Кеңейтілген құрамдағы кездесулер аяқталған соң үш екіжақты құжатқа қол қойылды. Соның ішінде Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исекешев пен ҚХР-дің Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары – Энергетика жөніндегі мемлекеттік басқарманың жетекшісі Ч.Гобао атом энергиясын бейбіт мақсатқа пайдалану саласы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге, “ҚазМұнайГаз” ҰК”АҚ басқармасының төрағасы Қ.Қабылдин мен Қытайдың ұлттық мұнай-газ корпорациясының президенті Ц.Цземинь Қазақстан-Қытай газ құбыры екінші учаскесін жобалау, қаржыландыру, салу және пайдаланудың негізгі қағидаттары туралы келісімге, “Қазатомөнеркәсіп”ҰК төрағасы В.Школьник пен Қытайдың Гуандун ядролық-энергетикалық корпорациясының вице-президенті Ц. Юйшэн табиғи уранның концентратын сату және алу жөніндегі келісім-шартқа қол қойды.
Кездесу соңынан екі мемлекеттің басшылары БАҚ-қа мәлімдеме жасады. Бұл кездесудегі негізгі ерекшелік – біз шикізаттық емес секторда ынтымақтастықты ұлғайтып, бірлескен жобаларды іске асыруға келістік, деді алғашқы болып сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев. Қытай басшысы Қазақстанға осымен алтыншы сапар жасап отыр, соның арқасында біздің қарым-қатынастарымыз өмірдің барлық салаларында жоғары қарқынмен дамып келеді. Біздің елдеріміздің арасындағы стратегиялық қарым-қатынастар өзара сенім, түсіністік және тату көршілік қағидаттарына негізделген. Біздің елдеріміздің халықаралық аренадағы ұстанымдары көп жағдайда бір-біріне сәйкес келеді, сыртқы саясаттағы өзара ынтымақтастығымыз да тереңдей түсуде. Бұл біздің халықтарымыздың талабы мен тілегіне дөп келеді, дей келіп Нұрсұлтан Назарбаев сөзінің соңында жасалған келіссөздерді жоғары бағалайтынын жеткізді. Біздің елдеріміздің арасындағы іскерлік байланыстар бүгінгі күні мүлде жаңа, сапалы деңгейге көтерілді, деді Қазақстан Президенті. Ал келіссөздер барысында Қырғызстандағы жағдай туралы да пікір алысылғаны, сонымен бірге, бұл елге гуманитарлық көмек жасау мәселелері де талқыланғаны белгілі болды.
Қытай басшысы Ху Цзиньтао келіссөздер барысына өзінің толық қанағат білдіретінін жеткізді. Біздің қол жеткізген келісімдеріміз екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға ғана емес, аймақтағы тыныштық пен тұрақтылыққа да қызмет ететін болады. Энергетика саласындағы, шикізаттық сектордағы ынтымақтастықтардың дами түсуі біздің елдеріміздің мүддесіне толық сай келеді, деді Қытай басшысы. Сөзінің соңында ҚХР Төрағасы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевты Қытайға ресми сапармен келуге шақырғанын және ол қабыл алынғанын айтты.
Жақсыбай САМРАТ.