Туризм • 28 Наурыз, 2024

Жаһанға мәлім жасыл аудан

74 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Туризм – табысы тас­­қын­­дап тұрған сала. Қа­зір әлемде кірісінің 90 пайыз­дан көбін осы сала­дан ­түс­кен қа­­ра­жат қалып­тас­ты­­­­ра­тын ел­дер же­тер­­­­­лік. Біздің эко­но­­­ми­ка­­­­мыз бұған қарап қал­­­маса да, артық ақша қал­­тамызды жарып шық­­­­пасы анық. Ондай қо­­­сымша кіріс көзі болар­лық әлеует мол. Оны­ күні кеше әлем алдында тағы бір дәлелдеп бердік.

Жаһанға мәлім жасыл аудан

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Шығыстағы масатыдай құл­­­­­пырған Катонқарағай ұлт­тық саябағы – ЮНЕСКО-ның Бүкіл­­әлемдік мұралар тізіміне ен­­гізілген және Дүниежүзілік жа­­байы табиғат қорының басым экоөңірлерінің бірі. Та­лай­ды сұлулығымен тамсан­дыр­ған саябақ 2024 жылғы Green destinations Story Awards бай­қа­уында жеңімпаздар қата­рынан кө­рінді. Байқау ITB Berlin ірі әлем­дік туристік көрмесін­де өт­кен еді. Халықаралық ITB Ber­lin 2024 туристік көрмесі аясында Шығыс Қазақстан облысы­ның «Катонқарағай аймағын тұ­рақты дамыту» қоғамдық қоры «Тұрақты туризмнің 100 үз­дік бағыты» аталымында 3-орын же­ңіп алды. Қоғамдық қор бұ­ған де­йін «Өркендеуші қо­ғам­­дас­тық­­тар» категориясында жеңіске жет­кен-тұғын.

«Катонқарағайдың тұмса та­биғатын екінші Швейцария деп атайтындар көп. Алайда осы жолы Катонқарағай өзінің біре­гейлігімен ерекшеленіп, Қазақ­станда тұрақты туризмді дамыту әлеуеті жоғары екенін дәлелдеді. Катонқарағай әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтар арасында өте танымал орынға айналды. Ауданымызда көптеген туристік нысандар мен маршруттар бар. Табиғат өзінің байлы­ғымен, әртүрлілігімен және әсем­дігімен таңғалдырады. Мұнда қарлы таулардың, түрлі түсті жар­­­тастардың, мөлдір көлдер мен тау өзендерінің, балқарағай мен жидек алқаптары­ның керемет үйлесімін көре аласыз. Ұлттық саябақтың аумағында сирек кездесетін өсімдіктер, пион мен қызғалдақтардың сирек түр­­лері өседі. «Қызыл кітапқа» енген қар барысы, Алтай бұлғыны, тас су­сары, қара лейлек сияқты жа­нуар­лар өздерін жайлы сезі­не­ді», дейді аудан әкімі Ділдар Қалихан.

Internationale Tourismus-Börse Berlin жыл сайын 180 елден 10 мың­нан аса экспоненттерді және 160 мыңнан аса келушілерді қар­сы алады. Соның ішінде 113 500 туризм саласының мамандары мен 10 мыңнан аса ірі әлеуетті сатып алушылардың басын қосты.

«Жергілікті кәсіпкерлер Серік Толықпаев пен Қайрат Ахмедтің бастамасымен арнайы қор құры­лып, Катонқарағай тұрақты даму стратегиясы бірнеше жылдан бері жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Бұл жұмысқа әлемдік са­рапшылар қауымдастығының баға бергені бізді жігерлендірді. Қазақстанның әрбір ауыл айма­ғының тұрақты даму жолына түсуге мүмкіндігі бар. Бұл үшін ауданды дамытудың ұзақмерзімді стратегиясы мен оны жүзеге асыруда қоғамның, бизнестің және мемлекеттің бірлескен күш-жігері қажет», деді қордың атқарушы директоры Серік Жүнісов.

Әлемдегі ең ірі туристік көр­ме­лердің бірі ITB Berlin 2024-ке 5-7 наурыз күндері еліміз­ден Туризм және спорт вице-ми­нистрі Ержан Еркінбаев, туризм индустриясының және Алма­ты, Шымкент қалаларының, Түр­­кістан және Жетісу облысы әкім­діктерінің өкілдері қа­тыс­­ты. Биылғы стенд дизайны 2024 жылғы 8-14 қыркүйек ара­лығында Астанада өтетін V Дү­­ние­жүзілік көшпелілер ойында­рына арналған. Туризм саласы өкілдерінің бұл іс-шараға қатысуы келісімшарттар жасасуға, бар серіктестіктерді нығайтуға және елімізге жаңа туристерді тартуға тамаша мүмкіндік береді.

2014 жылы ЮНЕСКО-ның ерек­ше қорғалатын мұралар ті­зі­­міне Катонқарағай ұлттық сая­­бағы мен Атыраудағы «Ақжа­йық» табиғи қорығы кір­ген еді. Атал­ған қорықтар халық­аралық ұйым­ның өкілетті ко­мис­сиясының ше­шімімен жер бетін­дегі хайуанаттар әлемі мен қор­шаған ортаға жағымды әсер ететін биосфера­лық резервуарлар мәртебесіне ие болды.

Қазіргі уақытта жаһандық желі­нің қарамағына 119 мем­ле­кеттің 631 ұлттық сая­бағы топ­тасқан, оның 14-і транс­ше­кара­лық аумақта орналасқан. Солар­дың бірі – Шығыс Қазақстан облысындағы Катонқарағай ұлт­тық саябағы. Қатын тауынан ­басталып солтүстігінде Оңтүстік Алтайға дейін көсіліп жатқан ұлттық саябақтың жалпы аума­ғы миллион гектардан асып жы­ғылады. Ол жерде мың­нан аса түр­лі өсімдіктер, көп­жыл­дық шөп­тер мен гүлдер, саңырау­құлақ­тар өседі. Әлемде сирек кез­де­сетін түз тағылары да сонда мекендейді.

Катонқарағай ұлттық саяба­ғының ауданы 643 мың гектардан асады, ал аумағы түрлі флора мен фаунаға бай. Кейінгі жылдары елімізде ішкі туризмге деген қызығушылық арта түсті. Оның ішінде әсіресе ұлттық саябақтар­ға келуге құлшынатындар көп. Мұның экологиялық туризм­ді да­мытуға зор септігін тигізеті­ні сөзсіз. Ел аумағында барлығы 14 ұлт­тық саябақ орналасқан. Эко­логия және табиғи ресурс­тар ми­нистрлігінің мәліметін­ше, кейінгі бір жылда ұлттық сая­бақтарға 2 мил­лионға жуық турист келген.

«Катонқарағай мемлекет­тік ұлт­тық табиғи саябағы 2001 жылы құрылған. Мұнда Көк­көл сар­қырамасы, «Рахман қай­нар­­лары» жылу көздері, Берел қор­­ған­дары, Ұлы Жібек жо­лы­ның сол­түстік тармағы және әсем та­биғат аумағында шоғыр­лан­ған басқа да көптеген кө­рік­ті жер бар. Құстардың 300-дей түрі, өсім­діктердің мың тү­рі, сүт­қорек­тілердің 68 түрі, ба­лықтың 17 түрі, омырт­қасыз­­дар­дың 10 мыңнан аса түрі ме­кен­­дейді», дейді саябақ қызмет­кер­лері.

Қазір ұлттық саябақта 350-ден аса адам жұмыс істейді. Сонымен қатар маусымдық жұмыстарға байланысты 120-ға жуық штаттан тыс жұмысшы тартылыпты.

Бұл салаға қыруар қаржы жұм­­салған мемлекеттік жоба­лардың жемісі деуге келмес, де­ген­мен сала баяу да болса дамып келеді. Не десек те, тозған жолдар мен қолайсыздықтар отан­дастарымыздың өзіміздің кө­рік­ті жерлерді көруге деген құл­шы­нысына кедергі болып отырған жоқ. Ал жағдай жасап, жолдарды жөн­деп, инфрақұрылымды дамытар болсақ, елімізге келгісі, көр­гісі келетін туристердің саны есе­леп артатыны анық. Тұмса таби­ғатымызды танытып, табысы мол саладан біздің де үлес алаты­ны­мыздан үмітіміз мол.