Жұрт дәріханаға көбіне мал құлағындағы құртты түсіретін дәрі, қотырға қарсы жағатын жақпа майлар және көтерем малды оңалтатын дәрумендер сұрап келеді екен. Айшолпан келушілерге көп таралған мал ауруларының алдын алу жолдарын түсіндіріп, тегін кеңес береді. Өйткені жас кәсіпкердің негізгі мамандығы – мал дәрігері. Тынымсыз еңбегінің арқасында өткен жылы Айшолпан Баубекқызы Ойыл ауданының «Үздік жас кәсіпкері» атағына ие болды.
Он бес мыңнан астам тұрғыны бар, облыс орталығынан 350 шақырым қашықта орналасқан Ойыл ауданында осы кезге дейін ветеринарлық дәріхана болмаған. Аудан тұрғындары төрт түліктің дәрісін қаладан сатып әкелетін.
Айшолпан екі жыл бұрын жоғары оқу орнын ветеринар мамандығы бойынша бітірген. Жануарларға арналған дәріхана ашу туралы ой 4-курста кәсіпкерлік негіздері сабағында шаруашылық жүргізу жоспарын жасап отырғанда келген. «Пандемия кезінде елімізде онлайн сауда, жеткізу қызметі ерекше қарқын алды. Жұрт үйдегі ит-құсына, қорадағы малына қажетті дәрі іздеп кеткенде, неге онлайн дәріхана ашпасқа деген ой келді. Біздің түсінігімізде, дәріхана бұл жұрт өз аяғымен барып, сауда жасайтын медициналық мекеме. Неге екені белгісіз, дәріхана желісінде онлайн сауда, онлайн кеңес беру қызметі онша дамымаған. Осыдан үш жыл бұрын Ойыл ауданының жігітіне тұрмысқа шығып, ата-енемізбен бірге тұратын болып шештік. Баламен үйде отырғанда, негізінен мал шаруашылығымен айналысатын ауданда бірде-бір ветеринарлық дәріхана жоқтығын, алыстағы шаруа қожалығында жұмыс істейтіндердің мал дәрігері жазып берген қарапайым дәрілерді таппай сандалып жүргенін көрдім. Дәріхана ашу жоспарымды жолдасыма айтып, ата-енеммен ақылдасқанда олар мені бірден қолдады. Үйдің шаруасына, балаға алаңдамай шаруаңды жасай бер деген соң жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге құжат дайындадым. Содан аудандық кәсіпкерлік бөлімінен кеңес алып, «Атамекен» ҰКП өңірлік филиалынан арнайы курс оқып, бизнес-жобамды әзірлеп жүргенде, аудан әкімшілігі қызметкерлері «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға кеңес берді. Бұл жобаға құжат дайындау қиын болған жоқ. Кәсіп бастағысы келген адам алдына нақты жоспар құрып, бизнес-жобасында бәрін ойластыра білсе, ешқандай кедергі кездеспейді. Көп кешікпей есепшотыма бес жыл өтеу мерзімімен 3 миллион 500 мың теңге түсті. Мен дәрі сақтауға арналған арнайы тоңазытқыш, қажетті шкафтар мен сөрелер, басқа да ветеринарлық құрал-жабдықтар сатып алып, қажетті дәрі-дәрмек түрлеріне онлайн тапсырыс бердім. Аудан орталығындағы бір қабатты ғимараттан желдеткіші бар шағын бөлмені жалға алдым. «Ауыл аманаты» жобасы арқылы алынған жеңілдетілген несиенің екі артықшылығы бар: біріншіден, кәсіпкер алғашқы жылы несие төлеуден босатылады. Бір жыл бойы ешкім мені мазалаған жоқ. Биыл жаздан бастап ай сайын несие төлеуге кірісемін. Екінші артықшылығы, несие төлеу мерзімін ыңғайлы етіп бекітуге болады. Мәселен, несиені ай сайын емес, бірден жарты жылға төлеп тастауға болады», дейді жас кәсіпкер.
Ол қажетті дәрі-дәрмектерді негізінен Ресейден алдыртады. Мұнда төрт түліктің дәрісінен өзге, тордағы тотықұс, аквариум балықтары мен ит-құсқа арналған түрлі дәрумендер мен жақпа майлар толып тұр. Бұл жерде бәйге атының күтіміне арналған қоректік дәрумендер, жақпа майлар, тағалар, сапалы ат әбзелдері бар. Өйткені Ойыл ауданында да жер-жердегідей жүйрік баптайтын атбегілер көбейіп, олар бәйге атына қажетті минералды қоспалар мен дәрумендерді осы жерге сұрап келе берген соң тапсырыспен жеткізіп беруді бастапты.
«Ойылда өнім өндіретін үлкен кәсіпорын жоқ. Тұрғындары бірыңғай мал шаруашылығымен айналысатын ауданымызда төрт түліктің саны өсіп, ат бәйгесі, көкпар ойыны дамып келеді. Бәйгеге қосатын тұлпарды баптауға да көп нәрсе қажет. Ең бастысы етін жеп, сүтін ішіп отырған әр үйдің қой-ешкісі мен сиырының індеттен аман болуы үшін ветеринарлық дәріхана керек. Мен келушілерге мал ауруын емдеуге арналған дәрілерді қалай пайдалану жөнінде тегін кеңес беремін. Мал дәрігері, веттехник жазып берген мәзірді алып, қаладан дайындап әкеліп беремін. Қазір көрші аудандардан, Атырау облысының Қызылқоға ауданы тұрғындарынан тапсырыс жиі түсетін болды. Оған қоса әлеуметтік желілерде парақша аштық. TikTok, Instagram-дағы парақшамызға әр өңірден тапсырыстар түседі. Аудан әкімдері ветеринарлық бекеттер мен лаборатория, гистологиялық орталықтармен бірлесе жұмыс істеуінің арқасында ел ішінде мал індетінің түрі азайды», дейді дәріхана иесі.
Айшолпанның жолдасы Төтенше жағдайлар қызметінде өрт сөндіруші болып жұмыс істейді. Жас отбасының екі кішкентай қызы өсіп келеді. Жұмыспен жол жүріп кеткенде, балаларға ата-әжесі бас-көз болады екен. Жұмысына тындырымды жан көршілес аудандарда дәріхана бөлімшелерін ашқысы келеді. Бұл – болашақтағы жоспары. Бүгінгі арманы – жеке ғимаратқа қол жеткізу. Сүйікті мамандығын кәсіп көзіне айналдырған жас ана ауыл жастарын белсендірек болуға, табыс табуға құлшыныспен кірісуге шақырады.
Ақтөбе облысы,
Ойыл ауданы