Алматыдағы Орталық Азия елдерінің ІІІ халықаралық театрлар фестиваліне Қазақстаннан алты театр ұжымы қатысып, Құдыс Қожамияров атындағы республикалық ұйғыр музыкалық драма театрының белгілі режиссері Ялқунжан Шамиев сахналаған “Идиқут” спектаклі екінші жүлдені жеңіп алды. Ал бірінші орын қырғыз драма театры сахналаған “Шыңғысханның ақ бұлты” қойылымына, үшінші жүлде Өзбекстанның Сурхандария облыстық драма театры әзірлеген “Тентек шал” комедиялық спектакліне берілді.
Кезінде Шекспирдің “Лир патшасын”, шығыс классикасынан “Фархад-Шырын”, ұлттық драматургиядан “Анархан”, Исмайыл Саттаровтың “Герип-Санам” сахналық туындыларын ұсынған сахнагерді шара аяқталарда қазылар алқасының төрайымы Томирис ханым алдағы жылы Түркияда өтетін халықаралық фестивальға шақырды. Ұйғыр театрында жиырма екі жылдай бас режиссер болып қызмет істеген, “Құрмет” орденінің иегері, халықаралық және республикалық фестивальдердің лауреаты, ал бүгін қос бірдей табысқа кенелген қойылым авторынан ұйғыр театрының өткен және биылғы табыстары туралы баяндап беруін өтінген едік.
– Алатаудың айбынын асқақтатып, рухани байрағын көкпен таластырып, мерейді шалқар көлдей тасытқан шеру биыл осымен үшінші рет өтіп отырғаны мәлім. Үні мен үлгісі басқа бәйгелерден алабөтен өнер бәсекесінде “Идиқут” спектакліңіз оза шауып, бәйге алып жатыр. Құттықтаймыз.
– Бір менің ғана қуанышым десем, тым артық айтқандық болар, мұны жалпы осындағы театр өнеріне тер төгіп жүрген барша әріптестеріммен бірге шыққан шыңыма жатқызамын. Сахналық өмір күнделікті қарабайыр тіршілікке ұқсамағанмен, мұнда да жүгіңнің бір шетін қатар көтерісетін жора-жолдастарың, сырыңды бөлісер етбауыр туыстарың сияқты қаншама тағдырлар жаныңа сәуле шашып тұрады. Сол мейірбан сәулелер көңілді көгорай белдеулерге жиі алып қашады. Көптен ойда жүрген тұлғалар бейнесі көз алдыңнан айбарлана тізіле шығады. Бір толғақ іште талықсып, еш маза бермей сарсылтады. “Идиқут” – жаймашуақ сәттегі көңіл айнасы емес. Ар жағында сандаған көздер қадалып тұрғандай әсерде жүрдім. Ондағы кейіпкерлердің әрбірімен етене таныстым. Олар да менің жаныммен біте қайнасып кетті. Ана құрсағындағы баласын тоғыз ай көтеріп барып, дүниеге перзент әкелетіні Жаратқанның үлкен бір құдіреті болса, шығармашылық адамының тағдыры да сол іспеттес. Әр сахналық қойылымың – іңгәлаған нәрестең. Оны аялайсың. Бойыңдағы бүкіл асыл қасиетіңді төккің келеді. Оның атына жақсы сөздердің айтылғанын жаның қалайды. Себебі, ол да сенің ертеңіңнің жалғасы, ұрпағыңның болашағы сынды. Олармен сырласқан Алматының айлы түндерінде жұлдыздар тылсымына бойладым. Байтақ далада бабалар рухы кезіп жүреді екен. Тау лебімен құлағыма бұлақтың сыбдырындай әсем әуен құйылып, таң алдында әзер көз ілген шақтардың әсері өз алдына бір қызық әңгіме. Шыңғысхан тақырыбына қалам тербегендер үшін бұл тұлғаның қыр-сырына қанығу қаншалық қиын соққанын өз басым осы туындымен бетпе-бет келгенде анық мойындадым. Қиыр-шиырына зейін ауған сайын тіпті күрделеніп, бояулары қатпарланып бара жатқан тарихи бейнеге ұйғыр театрының баруының өзін мен ұлттық театрдың даму дәуіріндегі айтулы оқиға деп санаймын. Бұл – бір. Екіншіден, осы фестивальға үш театр Шыңғысхан тақырыбымен келіпті. Бірі – өзіміз болсақ, астаналық театр мен қырғыздар да қаһарлы қолбасшының тарихи бейнесін қонымды сахналап ұсына білген.
Шыңғысхан мен ұйғыр патшасының кездесуі бұрын-соңды әңгімеге өзек болмаған тың тақырып қой. Оны сахна тіліне түсіру жұрт үшін одан әрмен күтпеген жаңалық болды деп ойлаймын. Қазақстан театрларының арасынан суырылып шығып, жүлдеге ие болуымыздың сыры осындай ерекше ізденістің арқасы екенінде дау жоқ. Біз бұрынғы ескі соқпақтың ізімен ілбіген жоқпыз. Ешкімге ұқсамайтын сарын таптық.
– “Идиқут” деген сөз ұйғыршадан аударғанда қандай мағына білдіреді?
– “Бақытты әмірші” деген сөз. Тарихи тақырыпқа қалам тербеу үшін адамға тарихтың қаншама қалың қатпарына шұқшиюға тура келеді. Белгілі жазушы, драматург Ахметжан Ашировтың романы негізіндегі сахналық қойылымның тұсаукесері былтыр өтті. Оқиғасы тым әріден баяндалады. ХІІІ ғасырда ұйғырлардың Баурчук деген атақты әміршісі өмір сүрген. Ол тарихи деректе Шыңғысханмен кездеседі. Хан оған қызы Алтынбикені ұзатады. Бүгінгі заман зердесімен түйінделгенде, спектакльдің басты лейтмотиві осы. Көрермен үшін қазір тарихи тұлғалардың бұрын ойға көп тамызық болмаған сырлары қызығырақ. Қос тұлға бір-бірімен қашан, қандай сәтте кездесті, ел мен жер тағдыры жайында мұңлы жүректер қалай үндесті, жандарын жегідей жеген басты дерт не болды, қалай күйзелді, кешегі бабалардың таудағы жаңғырығы мен даладағы дүбірі жайында кейінгі ұрпақ не біледі деген сан сауал елеңдетеді. Осы құпияны ашуға барынша тырысып бақтым. Бағасын көрермен беруі керек.
– Әлгінде сарыны бөлек дедіңіз. Мәселен, қай жағын айтып отырсыз?
– Мәскеулік белгілі балетмейстер Алишер Хасановқа қолқа салған болатынбыз. Спектакльдің негізгі ойы пластикалық қимылдар арқылы берілді. Әрбір оқиғаны үнсіз түйіндеп, тілдің өзі түбіне дейін жеткізіп бере алмайтын ойларды би бедерлерімен бейнелі, жұрт бір деммен тамашалайтындай өрнекте өргендіктен келер жылы Түркияда өтетін театрлар фестиваліне шақырту алдық. Мәскеудің жасөспірімдер театрынан келген қонақтың келуі ұжымның шығармашылық шыңдалуына едәуір септігін тигізді. Мұндай дәстүрлер кейін де жалғаса бергені дұрыс.
Екіншіден, суретшінің еңбегінде шек жоқ. Бұл ретте Гузель Мамединова қыруар жұмыс істеді. Будда дініндегі ұйғырлардың фольклорлық үлгідегі ұлттық киімдері мүлде бөлек, безендірілуі мен зергерлік әшекейлері көз жауын алатын еді. Өз ісіңнің нағыз шебері болмасаң, сол кезеңдегі шаш үлгісін жасау, костюмдерін мінсіз тігу екінің бірінің қиялы жете бермейтін үлкен еңбек. Спектакльдегі киім үлгілері түгелдей жаңадан тігілді. Одан қаржы аяп қалған жоқпыз.
– Басты бейнелерді кімдер сомдады?
– Шыңғысханның рөлін “Достық” орденінің иегері Махмұтжан Дараев сомдаса, Баурчук бейнесін жас әртіс Дилшат Аманбаевтың сәтті ойнап шыққаны ертең жұлдыздар санатынан көрінетін тағы бір талантты әртістің өсіп келе жатқанына иландырды. Шыңғысхан рөлін сомдаған үш театрдың әртісі де жекелеген жүлделермен марапатталды.
– Театрдың жетпіс бес жылдық асуының асқаралы шыңдарын жиі еске алар ма едіңіз?
– Осыған дейін де талай бәйгелерден сүрінбей келіп жүрдік қой. Каир фестиваліне қатысқан сәттер жадыма жарқын жақтарымен оралады. Венгрия, Германия сапарлары жылы әсерге бөлейді. Дәстүріміз бен салт-санамыз бөлек елдердің жұртшылығы “Табыт” спектаклімді тамашалағаны, шығармашылығыма жоғары баға бергені жанымды марқайтып, театр белесінің бейнелі бедері болып қалды. 1998 жылы республикалық театрлар фестиваліне “Тағдыр есігі” спектаклімен бардық. Осы бәйгеде Мая Тоқтахунова ең үздік әйел рөлі номинациясы бойынша бас жүлдеге ие болды. Жақында Қырғызстанда “Ақ орда” театр фестивалі өтіп, бұл жолы Әлімжан Айсаев есімді әртісіміз ер адамның рөлін үздік сомдағаны үшін марапатталды. Түркиядағы түркі тілдес халықтардың театрлар фестиваліндегі шуақты күндер естен кетпестей. Бір жыл бұрын Уфа қаласында өткен түркі тілдес халықтардың эстрадалық фестиваліне апарған “Сада” ансамблі лауреат атанып, екінші жүлдені қанжығасына байлап қайтты.
– Қазақ қаламгерлерінен кімдерді сахналадыңыздар?
– Үш жыл бұрын Оралда Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына орай өткен республикалық театрлар фестивалінде белгілі драматург Әкім Таразидің біздің театрға арнап жазған “Махамбетін” апардық. Режиссері – Сәулебек Асылхан. Сонда театр ұжымы екі бірдей қуанышқа кенелді. Пайызрахман Ибрагимов үздік суретші, ал Әмина Үсенова ең үздік әйел бейнесі номинациясы бойынша жеңімпаз атанып қайтты. Кезінде Қадыр Жетпісбаев сахналаған “Қыз Жібектің” театр көкжиегіндегі тарихи құбылысқа айналғанын айтып тауыса алмаймын. “Айман–Шолпан”, “Қозы Көрпеш – Баян сұлу”, “Беу, қыздар-ай” сахналық қойылымдары арқылы репертуарды байыттық. Бұл – үзілмейтін дәстүр. Сондықтан алдымызда әлі талай тың тақырыптар тосып тұрғаны анық.
– Өзіңіздің жеке шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар болып жатыр?
– Биыл орыс әдебиетінің классигі А.П.Чеховтың 150 жылдық мерейтойына байланысты жазушының “Шие бағы” сахналық туындысын қолға алдым.
Өнер академиясында аға оқытушы ретінде актер шеберлігінен сабақ беремін. Екі курсты даярлап шығардым, қазір он шәкіртім бар. Театрда 36 жылдан бері жұмыс істеп жүрген адамның басты байлығы не деп сұраса, мен өзің тәрбиелеген сол шәкірттерің үмітіңді ақтап, соңыңнан жанған шырақтай жарқыраса, ұстазға одан асқан қандай бақ керек деуші едім.
Әңгімелескен Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, “Егемен Қазақстан”.