Қырғызстандағы қанды қырғын Елбасының осы сөзінің ақиқаттығын тағы да танытты
УАҚЫТША ҮКІМЕТ ЖАҒДАЙДЫ УЫСЫНАН ШЫҒАРЫП АЛЫП ОТЫР
Бұл қақтығыс Ош облысында 10 маусымнан 11 маусымға қараған түні басталған болатын. Қазіргі кезде ол Ош облысымен қатар, Жалалабад аумағын да шарпып отыр. Кешегі күнгі деректер бойынша, Қырғызстанның оңтүстігіндегі тәртіпсіздіктер салдарынан қаза болған адамдардың саны 113-ке жеткен. Сондай-ақ 1500-дей адам медициналық мекемелерден көмек сұраған, олардың 742-сі ауруханаларға жатқызылыпты.
Қырғызстанның уақытша үкіметі және елдің құқық қорғау органдары орын алған тәртіпсіздікті тоқтата алмай отыр. Уақытша үкіметтің басшысы Роза Отунбаева кеше Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведевтен “ыстық нүктелерге” әскер кіргізуді сұрады. Ресей басшысы Роза Отунбаеваның өтінішіне әзірге жауап берген жоқ.
Тәртіпсіздіктің әрі қарай ұлғаюына жол бермеу үшін Қырғызстанның уақытша үкіметі еріктілерді жұмылдыруға шақырған еді. Қырғызстан Қорғаныс министрлігі жұмылдыру басқармасының бастығы Э.Юлдашевтің мәлімдеуінше, қазіргі кезде 700-ден астам ерікті тіркеуден өткен. Олар елдегі тәртіпсіздікті тұрақтандырып, заңдылықты орнықтыруға қызмет ететін болады. Сонымен қатар, олар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және ерекше маңызды нысандарды күзетеді.
Кейбір деректерге қарағанда, Ош қаласында милиция қызметкерлері мен әскери қызметшілер мәшинелерді тексеріп, азаматтардан қару түрлерін ала бастаған. Елдің қауіпсіздік кеңесі құрылып, ол жұмыс істеуге кірісіпті. Ош қаласында 11 маусымнан бастап газ беру мүлде тоқтатылған. Жекелеген аудандарда жарық және ыстық су жоқ. Тұрғындар азық-түлік түрлерінен тапшылық көруде. Қаладағы негізгі сауда нүктелері, базарлар өртелген және тоналған.
“Интерфакс” агенттігінің хабарлауынша, жанжалдасушы тараптардың арасында келісім шаралары жүргізілуде. Оларға жергілікті кеңестердің депутаттары, қырғыз және өзбек ұлттарының ақсақалдары тартылған. Бұлар елді мекендерде жастарды тәртіпсіздікке бой алдырмауға, ұлтаралық қақтығыстарға жол бермеуге шақыруда. Қазіргі кезде Қырғызстан Өзбекстанмен шекарасын ашып, шекарадан этностық өзбектердің өтуіне жағдай жасап отыр. Қырғызстан шекара қызметі төрағасының орынбасары Ч.Турусбековтің мәлімдеуінше, қырғыз-өзбек шекарасында шекара тәртібін бұзу фактілері байқалған жоқ.
Маусымның 13-інде Қырғызстанның уақытша үкіметі Жалалабад облысының аумағында да төтенше жағдай енгізді. Бұл азаматтардың қауіпсіздігін қорғау және қоғамдық тәртіпті сақтау үшін қажетті шара көрінеді. Аталған агенттіктің ақпараттарына қарағанда, Қырғызстандағы жағдайды тұрақтандыру мақсатында Мәскеуде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше мемлекеттердің қауіпсіздік кеңестері шұғыл жиын өткізген. Осы жиында Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының жарғысына сәйкес Қырғызстанда бейбітшілік орнатуға бағытталған механизмдер талқыланғанға ұқсайды.
“Егемен-ақпарат”.
КӨШ БАСЫНДА ЖҮРЕ БІЛУДІҢ ӨЗІ КӨСЕМДІК
Халқымызда “Ата тұрып ұлы сөйлегеннен без, ана тұрып қызы сөйлегеннен без” деген қастерлі сөз бар. Бүгінде демократия, сөз бостандығы дегенді желеулетіп немере-шөбереңмен жасты балалар ақ шашты әзіз ағаларына, ақ сақалды абыз аталарына тілін безеп, тесірейе қарап тұратын оқиғалар арагідік болса да кездесіп қалады. Бұл – біздің халықтың дәстүрінде жоқ теріс тәрбие, сырттың әсері. Келе-келе мұндай жағдайлар мемлекеттік, ұлттық әрекеттерге кері ықпалын тигізуі ықтимал. Сондықтан ондай жәйттердің алдын кесіп отыру керек, баланы әу бастан ұлттық тәрбиенің уызымен ауыздандыра білген жөн.
Менің ұғымымда халқы бір-бірін сыйлай білмеген ел ешқашан оңбайды. Оның ішінде, әсіресе, Мемлекет басшысына деген құрмет ерекше болуы тиіс. Өйткені, Елбасы Қазақ елінің атынан тәуекелге бел байлайды. Қазақ елінің атынан сөз сөйлейді. Біз қиын-қыстау кезеңде тілі мен діліне және дініне адал осындай Елбасын таңдағанымызға Құдайға мың мәрте құлшылық етуіміз қажет. Елбасын құрметтей білген елдің болашағы зор. Оған тарихтан талай-талай мысалдарды келтіруге болады. Себебі, халық ел игілігіне қызмет еткен тұлғасын қашанда төбесіне көтерген. Соның нәтижесінде елдің де қабырғасы беки түскен.
Бұған керісінше мысалдар да жетіп артылады. Ол үшін тым алысқа бармай-ақ мына көрші Қырғызстанда болып жатқан оқиғаларға жүгінсек те жеткілікті. Көршілеріміз осымен екінші рет өз президенттерін заңсыз түрде тағынан тайдырып, елін тастап шығуға мәжбүр етті. Соның салдарынан ел іші де береке-бірліктен айырылды. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанда жүрегінде Елбасына деген ыстық сезімі мол жандардың мол болуы қуантады. Лайым осылай бола берсін.
Дегенмен, “Ханда қырық кісінің ақылы бар” деген рас сөз. Елбасы қағаз жүзіндегі мадақ пен мансаптан биік екенін көрсетіп, өзін сыйлаған парламентшілер мен халыққа деген шексіз алғысын шынайы сөзімен жеткізе отырып, “Ел Басы” деген мәртебеден бас тартқанды жөн көрді. Өйткені, біздің Президентіміз “Ұлық болсаң, кішік бол” деген қағиданы қастерлеген дана халықтың перзенті.
Бүгінде Қазақ елін де, қазақ халқын да, оның Тұңғыш Президентін де әлем танып отыр. Қалың елі – қазағының қам-қарекетімен Жер шарының қай құрлығына барса да мерейі үстем болып қайтып жүр. Әлемдік деңгейде ой қозғайтын саясатшылар сөзінен де, ісінен де мін таппауда.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев – жаңа тұрпатты қазақ мемлекетін құрушы жасампаз тұлға. Оның есімі қазақ тарихында қай уақытта да алтын әріптермен жазылатынына сенген халқы тәубе дейді. “Мен күрделі кезеңде елдің көшін бастау құрметіне ие болдым. Сонда сіздердің нақты қолдауларыңызды, ынта-жігерлеріңізді, қажыр-қайраттарыңызды әрайым айқын сезіндім. Бұл – орасан бақыт. Бұдан өзге маған ештеңе қажет емес. Бойдағы қуат, білік пен тәжірибе мүмкіндік берсе, мен халқым жүктеген қастерлі міндетті орындау мақсатында әлі де қажымай қызмет ете беремін”, деуі де осы ел құрметі мен сенімінің арқасы. Бұдан артық не деуге болады.
Батыс пен Шығыстағы дамыған елдің даңғыл жолына түскенше, қазақы тіркеспен тәпсірлесек, еліміздің “қабырғасы қатып, бұғанасы бекігенше” Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көш басында болғанын тілейік, ағайын.
Сөз орайында тағы бір атап көрсететін жәйт – Қазақстан басшысы таяуда “Ел Басы” деген мәртебеден саналы түрде бас тартқанын қайталап айтайық. Мұны бір жағынан өте парасатты шешім болды деп қабылдауға болады. Бірақ екінші жағынан мына көрші Қырғызстанда орын алып жатқан қайғылы оқиғалар, президенттің елден қашып шығуы кейбір ұстанымдарға басқаша қарауға итермелейтіндей. Менің айтпағым – Ұлт көшбасшысы атауының қажеттілігін осындай оқиғалар тағы да көрсетіп беріп отыр. Сондықтан Елбасы аталған заңға қол қойғанда, оның елдің ертеңі үшін керек болатыны да ақиқат жәйт еді.
Баттал ЖАҢАБАЕВ, Жамбыл облысының Құрметті азаматы.
ТАРАЗ.
БІРЛІК ЖОҚ ЖЕРДЕ...
Түбі бір туысқан қырғыз елі жағынан әлсін әлі естіліп жатқан суық хабарлар жанымызды түршіктіруде. Өткен мамыр айындағы “кезекті” төңкеріс салдарынан бұрынғы билік орнынан кетуге мәжбүр болғаны мәлім. Бұл арада кім кінәлі деген сауалға сыртта отырып біз төрелік айтпай-ақ қоялық. Бірақ сонда ондаған адамдардың өмірі қиылғаны баршамыздың жүрегімізді сыздатқаны рас. Енді, міне, ол жақтағы жағдай басқаша сипат алып барады. Яғни, Оштағы соңғы күндердегі оқыс оқиғалар ешқандай ақылға сыймайды. Бұл оқиғалар бір бізді ғана емес, әлем жұртшылығын алаңдатып отыр. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, “Ынтымақ кеткен жерде ырыс тұрмайды”. Бүгінгі күні шын мәнінде Қырғызстан халқынан ынтымақ қашқандай.
Есесіне “Бірлік бар жерде тірлік бар” дейді қазақ халқы. Осы бірлік арқасында іргелі елге айнала түсіп келе жатқанымыз да шындық. Ырыс алды – ынтымақ деген халық даналығы тағы бар. Ал соның қай-қайсысы болсын, Елбасымыздың аузынан бір сәтке де түскен емес. Яғни, Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланған беттен ұлттар достығын ұлықтаудан танған емес. Жер-жерде этномәдени орталықтардың ашылуы, Елбасы бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылып, іске кірісуі көрегендік емей немене!
Зульфия ЖАМАЛЕТДИНОВА, “Нұр Отан” ХДП Семей қалалық бөлімшесі төрағасының орынбасары.
РЕВОЛЮЦИЯЛЫҚ ЖОЛ ТҰЙЫҚҚА ТІРЕЙДІ
Бұл күндері бүкіл әлем жұртшылығының назары қырғыз еліне ауып отыр десе де болады. Айтып-айтпай не керек, бұл ел бұрын-соңды болып көрмеген келеңсіз оқиғаларды бастан кешуде. Ең бастысы – мұнда қантөгіс тоқтамай, әлі де жалғасуда. Өркениетке ұмтылып отырған мемлекет ретінде осы мәселеге Қазақстан тек сырттай бақылаушы бола алмайтыны да, сонымен бірге, оған бей-жай қарай алмайтыны да анық.
Біріншіден, ол – көрші мемлекет. Екіншіден, Қырғызстан түркі жұртының бір бөлігі. Қазақ халқына ең бір жақын туыс, бауырлас елдердің бірі де бірегейі. Қырғыздар мен қазақтарды тек қана қомуз бен қобыз деген саз аспабы жақындастырып отырған жоқ. Кешегі Кеңес өкіметі кезіндегі тарихқа үңілсек, Шыңғыс Айтматов бірден есімізге түседі.
Бүгінде Қазақстан ағайын елге өз көмегін тек материалдық тұрғыдан ғана көрсетіп отырған жоқ, сонымен бірге, рухани тұрғыдан да қолдау көрсетуде. Бауырлас елдің халқын сабырлылық пен парасатты көңіл-күй ауанына шақыруда. Себебі, жемісті, өркениетті мемлекет құру үшін революциялық емес, эволюциялық амалдар іздестіру ләзім. Келешекте тұрақты даму үшін алғашқы айтылған жолды таңдау – тұйыққа тірейтін болашағы жоқ жол іздеумен тең. Қалай болғанда да, бұл даму жолы емес. Даму жолы тұрмақ кері кетіретін үдеріс десе де болғандай. Виктор Гюго “Төңкеріс қайыршылыққа, ал қайыршылық қайтадан төңкеріске әкелді” деген екен. Сондықтан да қазақстандықтар әлемге әйгілі Манас эпосын тудырған талантты халық осының бәрін түсіне біледі, түйсіне біледі деп есептейді. Бүгінгі оқиғалардың барлығын уақытша құбылыс деп санайды.
Мәжит ҚАЙЫРБАЕВ, Батыс Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім меңгерушісі.
ОРАЛ.
ЭВОЛЮЦИЯЛЫҚ ДАМУ – ҚАЗАҚСТАН ЖОЛЫ
Уақыт “Ынтымақты елде бақ тұрар” деген даналықтың қаншалықты маңызды екендігін күн сайын дәлелдеп келеді. Халық пен елдің басты ұстанымы осы болуға тиісті. Мұнда ұлт пен ұлыстың өзара татулығы мен қол ұстасып жүруінен жоғары тұрған жауапкершілік бар. Себебі, баршамыздың түпкі мақсатымыз ортақ ұямыз – Отанымыздың, тіршіліктің тұтқасы – мемлекетіміздің гүлденуі мен өркен жаюына сүбелі үлес қосып, салиқалы мақтаныш сезімін ұялату.
Кез келген халық көптеген қиындықтарды бастан кешіп шыңдалған. Соның ішінде біздің чешен-ингуш халқы да бар. Әсіресе, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы зұлмат, ең бастысы, тұтастай халыққа сенімсіздік жасалуы, бұл шын мәніндегі кемсіту және қорлық саналады. Тағдыры қыл үстіндегі халық Қазақстанға зорлықпен тоғытылды. Бұл екінші жағынан өзге аз халықтар сияқты шетқақпайға түскен біздердің бағымызды ашты деуімізге болады. Себебі, кең жүректі Қазақстан жерінде ұлт пен ұлыс арасындағы түсіністік пен бауырмалдықтың тартылыс күшін, болашақ күндеріміздің алаңсыз сәулесін сезіндік. Үрім-бұтағымыз өсіп, той-томалағымыз тарқамай келеді.
Мұндай жағдай өз ішінің мығымдығымен, алға қойған мақсатының айқындығымен, жақсылыққа жақын дәстүрлерімен, экономикалық, әлеуметтік-саяси тұрақтылығымен ерекшеленетін мемлекетке тән екендігі мәлім. Осындай мемлекетте ұрпақ өсіріп, ертеңгі күнімізге үміт артып отырған біздер мемлекетіміздің абыройын асыруға күш саламыз, перзентімізге ең үлкен парыз ретінде ұғындырамыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтқанындай, біз “тәуелсіз, өркендеген, саяси тұрақты Қазақстанды құрудамыз”.
Біздің Бұланды ауданында 30-ға жуық ұлттың өкілі тату-тәтті өмір сүріп, бейбіт қатар еңбектенуде. Оның үстіне әлемнің 5 мемлекетінен мыңнан астам оралман бауырларымыздың отбасы көшіп келді. Ауданымызда демографиялық жағдайдың түзелгендігін орташа еңбекақының 37 мың теңгеге жеткенінен-ақ көруге болады. Соңғы үш айда жаңа туған 118 сәбиге бауы берік болсын айттық.
Бұл “эволюциялық даму – қазақстандық жол” екендігін айқындай түседі. Жанымыздағы қырғыз бауырлар осыны көре білуі тиіс. Кикілжіңмен, ашу-араздықпен, неше түрлі атаудағы революциямен халықтың көсегесі көгермейді. Осыны түсініңіздер, ақылға келіңіздер, ағайындар!
Якуб КУСИЕВ, Ақмола облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі.
Бұланды ауданы.
КҮШ ҚАШАНДА ЫНТЫМАҚТА
Отан – оттан да ыстық сезім. Ортақ шаңырақтағы бейбіт өмір, тыныштық, этносаралық келісімнің қанат жаюы бір-бірімізге деген қалтқысыз көңіл мен сыйластыққа байланысты. Қазақстандағы бүгінгі қол жеткізілген өрелі істерді қалт жібермей, жақсысына жаным жадыраса, кейбір орынсыз айтылған, не жазылғандарды оқығанда “әттеген-ай” деп көңілім құлазиды. Өйткені, оған еш негіз жоқ. Еліміз тәуелсіздік алған он тоғыз жылда ғасырға баларлық қыруар жұмыс атқарылды. Ел мерейі өсті. Жеріміздің байлығы игерілуде. Осылайша қоғам дамуындағы өріс алған жұмыстар ұшан-теңіз деуге болады. Елді мекендер көркейіп, халықтың әл-ауқаты, мәдени-тұрмыстық жағдайларына оң өзгерістер әкелді. Құрылыс қарқынды дамып, қазақстандықтардың баспанаға деген сұранысы қанағаттандырылса, серпінді жобалардың жүзеге асуына мүмкіндік туғызылған.
Жетісу жеріндегі этностар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, достық пен бірліктің туын жоғары ұстап, тәуелсіздігіміздің тұғырын орнықтыруға мүмкіндіктерін жұмылдырған. Демек, біздің ертеңге деген сеніміміз зор. Көптеген шаңырақта қазақ пен ұйғыр, орыс, неміс, кәріс ұлттарының өкілдері бірімен бірі дос-жаран, құда-жегжат болып кеткелі қашан. Бізде бөліп-жаратын ештеңе жоқ. Аспан мен күн ортақ. Екі қолға бір жұмыс іздегенге жеткілікті.
Мемлекет басшысының ел болашағы үшін аттан түспей, салиқалы саясат жүргізіп отырғаны да халықтың алдағы күндерге деген үмітін нығайта түсуде. Жақында телеарнадан көршілес Қырғызстандағы бей-берекет тәртіпсіздікті және бейбіт өмірдегі себепсіз адам қырғынын көрдім. Япыр-ау, үлкендер емес, қаршадай балалар ереуілдің ортасында жүр. Үлкендердің бақталасына бүлдіршіндерді араластырудың өзі нағыз арсыздық. Жас ұрпақтың тағдырына немқұрайды қараған ағайындардың бұл әрекетіне айтуға сөз таба алмайсың. Мұның өзі адам санасын улап, ел болашағына балта шабатынын, ұлт тәуелсіздігіне қауіп төндіріп, қарапайым халықтың жазықсыз жапа шегуіне әкелетінін олар түсінсе, қане.
Бізге керегі – ашық аспан, тыныштық, ұлтаралық келісімді нығайтып, егемен еліміздің тұғырын биіктету, халқы үшін тер төккен Елбасының жанына бұрынғыдан да тығыз топтасып, бірліктің, ынтымақтың бесігінде тербелу.
Ардақ СЫДЫҚ, облыстық мәслихаттың хатшысы.
Алматы облысы.
БЕРЕКЕ БАСТАУЫ – ТҰРАҚТЫЛЫҚ
Қырғызстандағы орынсыз оқиғалар кім-кімді де бей-жай қалдырмасы анық. Ырыс-берекенің бастауы тұрақтылық десек, сол тыныштықты сақтау қай халыққа да үлкен жауапкершілік жүктейді. Қай елде болса да адам үшін ең керектісі бейбіт өмір.
Еңбек етуге жағдай жасалса, онда адам ештеңеге алаңдамай өмір сүреді. Істеуге жұмысы, бала-шағасын бағуға табысы болса, қарапайым адамға сол да жеткілікті. Ал енді осылар жоқ жерде жақсылық күтудің өзі әбестік. Қырғызстанның Ош облысында орын алып жатқан келеңсіздіктер елдегі этносаралық және конфессияаралық татулықтың жоқтығынан деп түсіну қажет. Одан қалса жұмыстың жоқтығынан орын алып отырған жәйт.
Еліміз тәуелсіздік алған кезде кейбір батыстық сарапшылар осы елде көптеген этнос өкілдері тұрады, сондықтан этносаралық қақтығыс болып, ел ретінде құриды деп сәуегейсігендері белгілі. Осы орайда Елбасының көрегендігін, батылдығы мен даналығын айтпай кетпеске болмас. 1992 жылы Алматыда Қазақстан халқының бірінші форумы болды. Сол құрылтайға өзім де қатысып, сөз сөйлегенім бар. Сонда Елбасы Қазақстан дамыған мемлекеттердің қатарына кіруі, халқының бай өмір сүруі үшін бізге ең бірінші керегі бейбітшілік, ұлтаралық және конфессияаралық келісім мен қоғамдық татулық деген-ді. “Біз осыған қол жеткізсек, қалғанының барлығы өзі келеді”, деп айтқаны есімде. Соның артынша Қазақстан халқы Ассамблеясы өмірге келді. Аталған қоғамдық институт сол этносаралық татулықты нығайтуға атсалысып келеді.
Міне, ең алдымен Құдайдың Қазақ еліне берген нығметі, қала берсе Елбасы саясатының арқасында бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Барлық этнос өкілдері Қазақстанды өзімнің Отаным, өзімнің елім дейді. Осындай жағдай жасалмай, орнықты саясат жүргізілмей, ешқашан көп этнос тұратын елдерде келісім орнамайды. Қазақстанда бейбіт өмір сүріп жатқанымыздың белгілі себептерінің бірі осы. Біз тарихтан тағы бір нәрсені білеміз. Қазақ – пейілі кең әрі қонақжай халық.
Қорыта келгенде айтарым, қазақстандықтар достықтың, татулықтың қадірін жақсы біледі. Біздің көршілерімізге жетпей жатқаны да осы мәселе болса керек.
Розақұл ХАЛМҰРАДОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты.
БІЗ ҚУАТТЫ ЕЛДЕ ТҰРАМЫЗ
Қазіргі қоғамда сан алуан өзгерістер жиі көрініс беруде. Әсіресе, саяси тұрақтылығы мығым емес, экономикасы ілгерілемей қалған елдерде мүлдем шиеленісе бастады. Мұны әлемнің көптеген елдерінен ұдайы байқаймыз. Іргелес көрші, ежелден туысқандық байланысы бар Қырғызстанда да дәл қазір осындай жағдай қалыптасып отыр. Ел екінші рет басшысыз қалды. Тұрақтылық орнатамыз, елді тығырықтан шығарамыз деп уәде берген саясаткерлер халықты ұйыстыра алмауда. Осы елдегі тұрақсыздыққа қарағанда, тәубе дейік, Қазақстандағы саяси тұрақтылық пен экономикалық өрлеудің нәтижесі жыл сайын өз жемісін беруде.
Әрине, көп ұлттың ортақ мекеніне айналған Қазақстандағы ең басты жетістіктің бірі –ұлтаралық бірлік. Ал бұл –өте нәзік мәселе. “Бірлігі бардың тірлігі бар” деп дана бабаларымыз өсиет еткендей, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының басты тармағы ұлтаралық татулықты сақтаумен орайласып жатыр. Шын мәнінде татулығы берік орныққан елдің ғана экономикасы өркен жаятынына көз жеткізіп келеміз.
Елбасының шынайы қамқорлығынан түрлі деңгейдегі ардагерлер, зейнеткерлер, аз қамтамасыз етілген отбасылары, сонымен қатар, бюджеттік сала қызметкерлері де, атап айтқанда, мемлекеттік қызметкерлер, мұғалімдер мен дәрігерлер де қалыс қалған емес. Осы санаттағы адамдардың зейнетақысы мен жәрдемақыларын, еңбекақыларын жылма-жыл көбейту, әрине, аз көлемдегі қаржымен шешіле қоймайды. Бұған экономикалық, қаржылық қуаты төмен елдер бара бермейді. Ал бізде зейнетақыны, жәрдемақылар мен еңбекақыны өсіруге толық мүмкіндік бар.
Жаңа дәуірдің талабы өзгеше. Бұрынғы сүрлеумен жүру бәсекеге ілестірмейді. Мұны мемлекеттің, халықтың қамын ойлаған шынайы саясаткерлер ғана ұғына алады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа Қазақстанды әлемдік қоғамдастыққа танытудың жаңаша бағытын ұстануының нәтижесінде Қазақстанымыз қуатты елге айналды. Саяси тұрақтылығымыз – бекем, ұлтаралық татулығымыз – берік. Бұл – біздің басты жетістігіміз.
Серік МҰХАМБЕТОВ, облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары.
Атырау облысы.