Үкімет • 02 Сәуір, 2024

Маңғыстау өңірін дамыту жоспары

122 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен Үкіметте Маңғыстау облысын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын өзектендіру мәселелері талқыланды.

Маңғыстау өңірін дамыту жоспары

Фото: primeminister.kz

Құжаттың едәуір бөлігін өңір халқының 16,8%-ы жұмыспен қамтылып отырған өнеркәсіп саласы құрайды, бұл – жалпы өңірлік өнімнің 52,8%-ы. Жоспардың үш жылының қорытындысы бойынша Маңғыстау облысының ЖӨӨ 1,3 есеге, өнеркәсіп көлемі 1,1 есеге өсті, 14,7 мың оқушы орны ашылып, нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі 94%-дан 97%-ға дейін ұлғайды.

Жоспарға Маңғыстау жастарына үздік отандық және шетелдік жоғары оқу орындарында, мектеп оқушыларына басқа өңірлердегі мектеп-лицейлерде грант бойынша білім алуға мүмкіндік беретін «Қоғамдық даму» жаңа бөлімі қосылды. 2025 жылға дейін жаңа мектептер, колледждер, балалар лагерьлері, жаңа спорт мекемелері және тағы басқалар салынып, жаңартылады.

2024-2025 жылдарға арналған өзекті кешенді жоспарда өңірдің әлеуметтік дамуына баса назар аударылады. Бұл – мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшалармен 100% қамту, 21 жаңа мектеп салу, шағын қала­лар мен ауылдарда 103 мектеп, Бейнеу қаласында жатақханасы бар 600 орын­дық колледжді жаңғырту, Ақтау мен Жаңа­өзенде оқушылар сарайларын, төрт балалар лагерін және жастар ресурстық орталықтарының үш ғимаратын салу, аутист балаларға арналған оңалту орталығын, Ақтаудағы «Yessenov Technopark»-ті ашу, Рахат ауылындағы аула клубтарының желісін кеңейту, бұқаралық мәдени, спорттық іс-шараларды ұйымдастыру және ұлттық спорт түрлерін насихаттау үшін қайырымдылық қорларын, ҮЕҰ құру. Адай жылқыларының популяциясының генетикалық құрылымын анықтауға ерекше назар аударылып жатыр.

Оқушылар үшін «Жарқын болашақ» бағдарламасы бойынша басқа өңірлердің мектеп-лицейлерінде оқу үшін гранттар бөлінеді. 2024-2025 жж. түлектері үшін еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік беретін 2 мың нысаналы грант бөлінбек.

Айта кетейік, бүгінгі таңда «Болашақ» бағдарламасы аясында ауыл жастарына, оның ішінде Маңғыстау облысының жас­тарына, магистр дәрежесін алуға жеке санат қарастырылған. Жоғары білім және ғылым министрлігі «Болашақ» бағдар­ламасымен бакалавриат деңгейінде кадр­лар даярлау және батыс өңірлерінің оқытушыларын тағылымдамадан өткізу мәселесін пысықталып жатыр.

Жалпы кеңесте ұсынылған Маңғыстау облысының 2025 жылға дейінгі кешенді даму жоспарын өзектендіру алгоритмі мақұл­данды. Серік Жұманғарин оны Маң­ғыстау өңірі жастарының сапалы білім алуы мен толыққанды тұлға ретінде дамуын қам­та­масыз ету үшін қажетті іс-шаралармен, сон­дай-ақ Солтүстік-Оңтүстік көлік дәлізін да­мы­ту шараларымен толықтыруды тапсырды.