Қоғам • 01 Сәуір, 2024

«Экрандық диктор» – қазақ тілінде

79 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордада көзі нашар көретін азаматтарға ар­­­­­налған қосымшаның таныстырылы­мы­ өт­­­ті. Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қа­зына» ұлттық ғылы­ми­-прак­ти­­­­калық орта­лы­ғы­ның ұйым­дас­ты­руы­мен әзір­­лен­ген жоба «Экран­дық диктор» деп ата­­лады.

«Экрандық диктор» – қазақ тілінде

Фото: halyq-uni.kz

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, елімізде көру қабілеті нашарлаған 160 мың адам бар. Сол азаматтарға арнайы әзірленген қосымша экрандағы хабарларды дыбыстап оқып береді. Аталған құрылғының көмегімен пайдаланушылар веб-беттерді, электронды хаттарды, құжаттарды оңай шолып, қазақ тіліндегі жаңалықтарға қол жеткізе алады.

– «Экрандық диктор» қосымшасы «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңға сәйкес Тіл саясаты комитетінің тапсырмасы бо­йынша әзірленді. Барлық азаматқа мемлекеттік тілде ақпарат алуға мүмкіндік жасалуы керек. Енді көру қабілеті нашар жандар кез келген ақпаратты қазақ тілінде аудио арқылы тыңдай алады. Алғаш рет ана тілімізде қызмет көрсететін бағдарлама болғандықтан дайындауға аз уақыт кеткен жоқ. Жобаны әзірлеу барысында жасанды интеллекті мүмкіндіктерін пайдаландық, деді «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Мақпал Жұмабай.

Экран дикторының көптеген қызметі бар. Мәселен, тек смартфондарға ғана емес, дербес компьютер, планшет секілді техникалық құралдарға да орнатылады. Пайдаланушыларға pdf, txt, doc форматындағы құжаттарды оқуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қолданушы өзі басқара алатын пернетақта пәрмендерінің кең жиынтығын жасай алады. Бастысы, интернеттің көмегінсіз-ақ қажетті баптауларды орнатып, офлайн режімде жұмыс істейді. Қосымшаны алдын ала мүм­кін­дігі шектеулі жандар арасында тестілеуден өткізген.

– Бұл құралдың ана тілімізде шыққаны қуантады. Шетелдерде экран дикторы бұрыннан бар. Бұған дейін орыс тіліндегі қосымшаны пайдаланып жүр едім. Енді ана тілімізде қолдана алатыныма қуанып отырмын. Смартфондағы әрекеттерді қазақ тілінде дыбыстап тұрады. Шикіліктер бар, әрине. Алайда «Көш жүре түзеледі» дегендей, ұйымдастырушылар алдағы уақытта әлі де толықтыру болатынын айтты. Қосымшаны жасап шығарған мамандарға алғысымды айтамын. Қуаныштысы, дауыстың жылдамдығын және ырғағын өзімізге ыңғайлы етіп өзгерте аламыз, деді жобаны тестілеуші Зият Нұрланұлы.

Әлемдік стандарттар негізінде жасалған мобильді қосымша әзірге Android құрылғылары үшін қолжетімді. Сәуір айында IOS құрылғыларына арнап шығармақ. Веб-қосымшада 72 сағаттық өңделген мәтін оқылады. Бағдарламаға кірерде ер немесе әйелдің дауысын таңдау мүмкіндігі де бар.

 

Еркеназ ҚОРДАБАЙ,

Л.Н.Гумилев атындағы

ЕҰУ студенті