Аймақтар • 02 Сәуір, 2024

Миялы жұрты жұдырықтай жұмылды

184 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қызылқоға ауданындағы Миялы ауылына төнген тасқын судың қаупі әлі толық сейілген жоқ. Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, Ойыл өзеніндегі су деңгейі үш күнде 4 метр 80 см-ге жеткен. 1 сәуірде өзендегі су деңгейі 98 см-ге төмендеді. Бұған Ақтөбе өңіріндегі күннің жылынуы мен жауын-шашын әсер еткен.

Миялы жұрты жұдырықтай жұмылды

Ал Қызылқоға ауданы әкімді­гі­нің мәлі­­ме­тінше, 31 наурызда Ойыл өзені арнасынан асып, тасқын судың Миялы ауылына кіру қаупі төнген еді. Сол себептен ауданда төтенше жағдай жа­рия­­­­ланды. Өйткені ауылдың ірге­­сі­не тірелген су деңгейі 1 метр 20 см-ге жетті. Жо­лын­дағының бәрін тып-типыл ететін топан судан құтқару қажет болды. Сөйтіп, Миялы ауылының тұрғындарын ішінара эвакуациялау басталды. Санаулы сағатта аналар мен балалар, науқастар мен мүге­дектер санатындағы 600-ге жуық тұрғын екі мектеп пен бір бала­бақшаға орналастырылды.

Ойыл өзеніндегі судың арнасынан асуына байланысты округтерге қайықпен қатынау тоқтатылды. «Миялы-Сағыз» бағытындағы жол­ды су басып, көлік қатынасына шек­­­теу қойыл­­ды.

«Миялы ауылының іргесіндегі бөгетті көте­ру, бекіту, қапшыққа құм толтыру жұмыс­­тары жалға­сып жа­тыр. Оған мекемелерден – 275, по­ли­ция бөлімінен – 48, төтен­­ше жағ­дайлар бөлімінен – 35 қыз­меткер, 3 мыңнан аса ерікті жұмыл­ды­рылды», деп хабарлады аудан­дық әкімдіктен.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы өңірдегі кәсіпорын­дар­дың техникасын Миялы ауылына көмекке жіберді. Нақтылай айтқанда, «Нұр­капитал» ЖШМ-нан – 1 бульдозер, «Сұңқар Құрылыс ЛТД» және «Темірстройсервис» ЖШС-дан – 2 жүк тиегіш, 2 экскаватор, «Нұркапстройгаз» ЖШС-дан 1 жүк тиегіш техника тартылды.

Жергілікті 15 кәсіпкер ауылды тасқын судан қорғап жүрген жігіттерді ыстық тағаммен қам­­ту­­ды қолға алды. Кәсіпкерлер бір күнде 1 500 адамдық ыстық тағам мен сусын дайындады.

«Тасқын судың қаупі төнгенде ауылдың үлкені мен жасы қолға күрек алып, мекенімізді қор­­ғау­ға жұмыла кірісті. Біз оларды және бар­лық техникамен көмек­­тескен «АИС» ЖШС-ның жұмысшыларын ыстық тағам­­мен қамтуды ұй­ғар­дық», дейді жер­гі­лікті кәсіпкерлер па­­­­ла­­та­сы­­ның басшысы Алтынзер Баймұратова.

Ыстық және өзге де тағамдар «Бақыт» мей­рамханасында әзір­ленді. Мұнда үздіксіз жұ­мыс істеп жүргендердің арасында Гүлзира Елеуғалиқызы да бар.

«Халқымыздың бірлігі мен берекесі осындай сәтте көрінеді. Ер-азаматтар күні-түні ауыл­­ды судан қорғау үшін ауызбіршілік танытты. Мен де өзімнің киім сататын дүкенімнің есігін кілттеп, осы жерде жүрмін. Тек табиғи апаттан аман шықсақ екен», дейді Гүлзира Елеуғалиқызы.

Миялы ауылының Бәйсеу бөлі­гін­­де тұратын Серік Ожаевтың отбасы да жанашырлық іске бел шеше кі­­­­рісті. Бұл отбасының мүше­ле­рі бөгет тұрғызып, қап­­шық­­қа құм тол­­­­­­­ты­рып жат­­қан­­­дар­ды тамақ­тан­дыр­­ды.

Қызылқоға ауданы әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, мұнда 557 шаруа қожалығы бар. Оның ішінде 407 шаруашылық Ойыл өзенінің бойында орналасқан.

«Шаруа қожалықтарының иеле­ріне Ойыл өзеніндегі судың көте­рілуінен төнер қауіп туралы алдын ала ескертілді. Өзендегі судың күн­де­­лікті деңгейі мен тас­­­қынның ек­піні ұдайы хабарланды. Осындай ескертудің нәтижесінде Жамбыл, Жангелдин, Ойыл, Тайсойған ок­ругтерінде тіркелген 7 шаруа қо­жа­лығының 14 адамы мен төрт түлігі қауіпсіз аумаққа көшірілді. Төрт түліктің ішінде 2 209 қой-ешкі, 448 мүйізді ірі қара, 138 жылқы, 20 түйе бар», деп мәлімдеді аудандық әкім­­­діктен.

Бір ауылды ғана емес, елді қиын­­­дықтан осындай ауыз­­­­бір­шілік құт­­қарары даусыз.

 

Атырау облысы