Екі күн Жангелдин ауданында, бір күн жолда болып, ағайынның басына түскен ауыртпалықты көзімізбен көріп, ет-жүрегімізбен сезініп қан жылағандай болып қайттық.
Жангелдин ауданында қар жоқ. Қырат жерлерде қаңтарылған техника, қараңдаған мал көрінеді. Ұшы-қыры жоқ жазық ойпаңдарға су толып, теңізге айналған. Судың шеті көрінбейді. Жол бойында жатқан Жаркөлге тоқтадық. Жарық, байланыс жоқ. Ауылдың ер азаматтары ауылдың шетін бөгеп жатыр екен. Су қоршауында қалған Тентексайдың тұрғындары осы ауылға орналасыпты.
«Бірнеше күннен бері дамыл жоқ. Бүгін ауылға су кіреді-ау деген жерлерді бітеп, кірген қар суын шығарып, сорғытып жатырмыз. Кеше Қарағандының әскерилері келіп, құм қаптап, су жырып кеткен жерлерді бөгеуге көмектесіп кетті. Жан-жақтан көмек келіп жатыр. Астанадан, Қостанайдан қапшық, күрек, қолғап, резеңке етік, азық-түлік келіп жатыр. Тентексайдың 20 тұрғыны біздің үйден кешкі ас ішеді. Сосын туыс-туғандарының үйіне қонады. Балалары балабақшаға орналасты. Біздің үйде бір қарт кісі бар. Сыртта жүрген ауыл азаматтары көп көмектесіп жатыр», деді ауыл тұрғыны Кендебай Тұрмағамбетов.
Осы ауылда тұратын Низамбек Тәжікеновтің үйіне де бас сұғып, жағдай сұрастық. Жиырма-шақты қой-ешкісі қораның бұрышындағы құрғақ жерді ықтап тұр. Үлкен ұлы шөп суырып, ірі қараларына азық беріп жүр. «Жарық жоқ, тоңазытқыш жұмыс істемей тұр демесеңіз, үйіміз аман» деген Низамбек. Үйіне кіріп, тоқтан ағытулы тоңазытқышын, сығырайған шамның жарығымен пеш жағып, ас әзірлеп жатқан жарын, анасының етегіне жармасқан топ-томпақ, сүп-сүйкімді кенже ұлын фотоға түсіріп алып жолға шықтық.
Торғайға түн жамыла жеттік. Біз келіп кіргенде ұзын жүк көлігі Ш.Уәлиханов атындағы мектептің жанындағы эвапунктке «Аmanat» партиясы жіберген гуманитарлық жүкті түсіріп жатыр екен. Сол жерден Арқалық, Торғай арасындағы ауылдарды аралап жүрген Мәжіліс депутаты Еркін Әбілді жолықтырдық.
«Эвакуациялық пункттерге кірдік, онда тұрып жатқан кісілердің жағдайын сұрап білдік. Жалпы, жағдай ауыр. Үйінен, малынан, техникасынан айырылып қалған жұрт бар. Құтқару жұмыстары әлі аяқталған жоқ, жалғасып жатыр. Қауіптің беті қайтқан жоқ. Сапар барысында штабқа, оперативтік орталыққа кірдік. Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлерімен әңгімелестік. Су тасқынынан зардап шеккен аудандарға бүкіл ел болып көмектесіп жатыр. Алматы, Астана, Қостанайдан қаржылай, азық-түлік түрінде, заттай көмек келіп жатқанын көзімізбен көрдік», деді Еркін Күзембайұлы.
Мәжіліс депутатының айтуынша, үйінен айырылған біраз тұрғындардың үй құжаттары жоқ екен, баспанасы заңдастырылмаған. «Аmanat» партиясының заңгерлері осы мәселемен айналысуға ықтияр танытып отыр. Халық қалаулысы дүйім жұртты дүрліктірген жойқын су тасқыны шалғай өңірде шешілмей жатқан көп мәселенің бетін ашып бергенін айтты.
«Өңірдің транспорттық инфрақұрылымы өте нашар. Авиақатынас жоқ. ТЖ тікұшақтарына жанармайды Қостанайдан әкеледі. Сондықтан Арқалықта міндетті түрде өзінің әуежайы керек. Өзінің авиа жанармай қоймасы керек және Астанадан тікелей келетін тас жол керек. Өйткені біз бүгінгідей қиын жағдайда керек заттың бәрін Қостанайдан жалғыз жолмен тасып жатырмыз. Ал ол жолға бірдеңе болып қалса, Арқалық, Торғай өңірінің бүкіл республикамен байланысы үзіліп қалады. Сондықтан міндетті түрде осы мәселе жөнінде депутаттық сауал дайындаймыз», деді Е.Әбіл.
31 наурызда таңертең тікұшаққа мінейін деп тұрған аудан әкімі Шота Оспановпен кездестік. «Жағдай ушығып барады. Осыдан 4-5 күн бұрын аудан көлемінде еріген қар суымен арпалыссақ, қазіргі тасқын су сырттан келіп жатыр. Көлқамысқа су кіріп кетті. Қазір Ақкөл, Ахмет Байтұрсынұлы, Көлқамыс, Шеген, Ақшығанақ елді мекендерімен жол қатынасы үзілді. Оның қашан қалпына келтірілетінін айту қиын. Өйткені кеше ғана ұшақпен Ақкөл жағын көріп қайттым. Сонда менің байқағаным, жолдың біраз жері су астында жатыр. Осыдан үш күн бұрын Көлқамыстың тұрғындарын Көкалатқа орналастырдық. Қар суынан кейін тасқын су келіп Көлқамыстың үстінен өтті. Эвакуацияланған тұрғындардың ауылға қашан оралатыны белгісіз. Сондықтан кеше ол кісілер өз қалауымен Торғай, Арқалық, Қостанайдағы жақын туыстарының үйіне жеткізілді. Біз бүгін таңғы сағат 4-тен бастап Көкалаттан Торғайға эвакуация жасап жатырмыз. 68 адамды 3 техникамен Торғайға жеткіздік. Өйткені су қайта-қайта көтеріліп, қатты қысым жасап тұр», деді әкім.
Одан тәуекелге бел байлап Торғайдан Ақкөлге қарай шығып едік, 40 шақырымнан кейін көлкіген судан өте алмай кері қайттық. Одан сәл кері жүріп, Көлқамыс, Аралбай, Көкалатқа қарай бұрылып едік, Аралбайдың тұсында іркілдік. Көкалатқа дейін ашық тұрған жолды біздің алдымызда ғана екі жерден су басыпты. «Кеше Арқалықтан Аралбайға күрек, қолғап, қап, азық-түлік әкеліп едік. Кеше мына су жоқ болатын. Жарты сағаттың ішінде екі жерден бұзып кетті. Көрші ауылдардың да жағдайы осындай. Бөгеттерін су бұзып кетіп жатыр. Мынау – біздің Торғайға қатынайтын негізгі трассамыз. Жол жоқ, міне, көлігімізді арғы бетке тастап, Торғайдан келген полицияның көмегімен әрең өттік. Ауылда жағдай қиын. Бүгін таңертең барғанымызда Бітікбай деген кісінің 400 бастай қойы суға кетіпті. Баласы судың ортасында отыр деді. Бұл енді естіген әңгімеміз. Не жарық жоқ, не байланыс жоқ», деді сол жерде тұрған азаматтарды бірі Абзал Жәркенов.
Аудан орталығына қайта оралғанымызда Жаркөлге су кіріп жатыр деген суыт хабар алған 40 шақты азамат күрек-саймандарын алып жолға шығып кетті. «Қазақтелекомнан» ұялы телефонымызды қуаттап алған соң, эвапункттерге бардық. Су басқан ауылдардан 250 адам эвакуацияланыпты. Біразы туыс-туғандарының үйіне, біразы осындағы екі эвакуациялық орталыққа орналасып жатқан қарбалас шақ. Ығы-жығы халық. Эвакуациямен келгендерді қабылдап, орналастырып жатқан жауапты адамдардың мұрын сіңбіруге уақыты жоқ. Сұраққа жүре жауап береді. Ішке кіріп едік. Көбі әйел, бала-шаға екен. Ер азаматтардың бәрі аман қалған малынан кете алмай ауылда қалыпты. Аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Ерлік Қуанышұлы да осында жүр екен. Торғайда еріктілер штабы құрылып, онда 300-ге жақын волонтер жұмыс істеп жатқанын айтты. «Кеше Астана, Павлодар, Қостанай қаласынан гуманитарлық көмек келді. Біз соны сұрыптап, реттеп су тасқынынан зардап шеккен халыққа таратып беріп жатырмыз. Көлқамыс, Көкалат ауылдарынан келген тұрғындар Торғайдағы Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-интернатта, Жаркөл ауылының тұрғындары жергілікті колледж ғимаратына орналасты. Қазір сол кісілерді азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп жатырмыз. Мұның сыртында, тасқыннан қауіп төніп тұрған елді мекендерге күрек, қолғап, қап, резеңке етік, шұлық тасимыз. Әсіресе осы елдің сыртта жүрген азаматтарының көмегі зор», деді Ерлік.
Эвапункттен шығып, «Қазақтелекомға» кіргенімізде Торғайға жарық берді. Кеше Қостанайдан келе жатып Амангелді мен Торғайдың арасындағы жолда белуардан суға малшынып, құлаған бағандарды тұрғызып, үзілген сымдарды жалғап жанталасып жүрген энергетик мамандарды көргенбіз. Сол кісілердің жанкешті еңбегінің арқасында жанған жарық.
Ертеңінде су деңгейі тез көтеріліп жатыр дегенді естіп жолға шықтық. Жолай Жаркөл, Амангелдіге соға кету ойда бар. Жаркөлге кіргенімізде осыдан екі-ақ күн бұрын өзіміз болған Низамбектің үйінің қабырғасы құлап, шатыры су үстінде жатқанын көріп, құйқа тамырымыз шымырлап кетті.
«Жұбайымды бала-шағаммен бірге Арқалыққа жібердім. Үлкен ұлымыз екеуіміз ғана қалдық. Мал аман. Үйдің құжаттары суға кетті, алып шыға алмадық. Енді жалғыз менің ғана емес, бүкіл елдің басына түсіп жатқан қиыншылық. Ең бастысы, басымыз аман болсын. Дүниенің орны толар. Мемлекет көмектесеміз деп жатыр», дейді Низамбек.
15 шақты үйді су басып, алды құлай бастаған. Көз алдымызда қабырғасы суға құлаған бір үйдің екі бөлмесі ашық қалды. Ауыл мектебі де су қоршауында қалды. Тұрғындардың көбі сол маңдағы су жолын бітеп, жанталасып жүр. «Ең болмаса, мектепті аман алып қалайық, жігіттер, шапшаң қимылдаңдар!» деген дауыс естіледі. Анадайда бұзауын ерткен арық сиыр көлге айналған көшеге қойып кетіп, құлаған шеткі үйге қарай беталып еді, бұзауы суға батып кете жаздады. Бір-екі адам белшеден су кешіп жүріп, әзер дегенде шығарып алды.
Судың сәт сайын көтеріліп жатқанын көзіміз көріп тұр. Асығыс жолға шықтық. Ауылдан ұзай бергенде алдымызда тізіліп тоқтап тұрған жеңіл көліктер көрінді. Жолдың үстін жаңа тасқын су басып кетіпті. Бұл – Торғаймен Арқалық, Қостанайды байланыстырып тұрған жалғыз жол. Жұрт тас жолдың үстін басып жатқан суды кешіп өтуге жүрексініп тұр. Кептеліскен ауыр мұздар жақындап қалды.
Жолда – Дәмдінің тұсында Қостанайдан Торғай жаққа суыт жүріп бара жатқан азық-түлік, құрал-сайман тиеген жүк көліктері мен әскерилердің легі алдымыздан шықты.
Жол қатынасы үзілген Ақкөл, Ахмет ауылдары жарықсыз, байланыссыз отырғанымен, бұл жақта тасқын судың қаупі сейілген. Тек халықтың қолындағы малы қырға шыға алмай, ауылда жүр. Кейбір үйде шөп біте бастаған. Сондықтан бары-жоғымен бөлісіп, біріне бірі шөп тасып беріп жатыр.
Қостанай – Торғай – Қостанай