Мәселен, көршім екеуміз қарақаттың бірдей сұрыбын бірдей топыраққа, бір мезгілде қатар еккенбіз. Ең қызығы, оның қарақаты қалың жеміс берді де, біздікі жарытпады. Себебі көршілеріміз қарақат гүлдеген кезде жақсы тозаңдану үшін көшеттерге бал араласқан су сеуіп қойыпты. Қалған жұмысты балға үймелеген аралар атқарған. Сол сияқты бау-бақшаның басқа да құпиялары мен «қитұрқылықтары» көп.
Мысалы, бірімен-бірі басы піспейтін, біріне-бірі күн көрсетпейтін көшеттер бар. Сол сияқты көкөністер де көрші таңдайды. Нақтылай түссек, тәжірибелі диқандар жүгері, бұршақ, асқабақ үшеуінің тамаша трио екенін жақсы біледі. Бұл үшеуінің дос екенін үндістер де білген. Жүгері бұршаққа сүйеніп өссе, асқабақ оларды азотпен байытып, арам шөптерді жолатпайды.
Мәселен, пияз бен сәбізді қатар отырғызса, пияз исімен сәбізге зиянкестерді жақындатпайтын, инсектицидтік, фунгицидтік қасиеттерге ие аллицин затын бөліп тұрады.
Ал қызанақ пен райхан салатта ғана емес, бақшада да үйлесім табады. Өйткені екеуіне де бірдей топырақ қажет, бірдей суарып отыруға болады. Одан да бөлек, қызанақ кеміретін құрттар райханның исін жақтырмайтындықтан, жолай қоймайды. Нағыз бағбандар райханмен қатар өскен қызанақтардың дәмі де, исі де жақсы болатынын бұрыннан біледі.
Айтқандай, жасыл бұршақ, тәтті бұрыш пен баялды тұқымдас болғандықтан, күтімдері бірдей, қатар отырғызуға болады, бұршақтың баялдыны Колорадо қоңызынан қорғай алатын қасиеті бар.
АЛМАТЫ