Зерде • 03 Сәуір, 2024

Мақтымқұлы – Түрікменнің төлқұжаты

455 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Түрікменнің әйгілі ақыны Кеминенің: «Мақ­тымқұлы ақындық аймақтың ас­ты­­ғын түгел орып кетті, біз содан қал­ған бірді-екілі масақты терушілер ға­намыз», деген сөздерінен-ақ ақынға де­ген сүйіс­пеншілігін, оның талантына де­ген ерекше ілтипат – ықыласты айқын аңға­руға болады.

Мақтымқұлы – Түрікменнің төлқұжаты

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Мақтымқұлы 1724 жылы Геркез ­аулын­да дүниеге келген. Ауыл ­мек­­­тебінде, кейін Хиуадағы Шер­ға­зы мед­ресесінде оқыған. Әкесі Довлетма­мед Аза­ди тек қана түрікмен еліне емес, бүкіл Шығысқа танымал ақын болған. Мақтым­құлы әкесінен көп үйренеді, хат танып, ерте есейе­ді. Ол өмірдің ауырт­пашылығын көп көре­ді. Өлеңдерінің біраз қолжазбасын шапқын­шы­лық кезінде жоғалтады.

Ақын өлендерінің тақырыбы әр алуан. Онда батырлықты мадақтаған жырлар да, Шығыс үлгі­сіндегі дидактикалық сарындар да, ескі аңыз­дар сюжетіне жазылған шығармалар мен таби­ғатты, адал махаббатты ардақтайтын лирика да мол кездеседі. Ақын түрікмен руларының өзара жау­ласушылығын аяусыз шенеп, оларды үне­мі бірлікке шақырып отырған. Оның шығар­ма­ларында елдің тәуелсіздігін сақтау үшін тек бірлік­тің жеткіліксіздігі, ерлік пен батырлық дәстүрді берік сақтау қажеттігі қозғалады. Осыдан барып оның шығармаларының басты кейіпкері – ел үшін еңіреген ердің жаңа образымен толысады.

Ақын шығармашылығы тек тақырыптық жағы­нан бай болуымен ғана ерекшеленбейді, сонымен қатар көркемдік тәсілдері пайдалана білуімен, шабыт келген кезде әрбір сөздің бейнеге айналуымен таңғалдырады:

«Көзден аққан қанды жасқа,

Қайғым менен қасіретіме

Қара тас та бей-жай қарап қала алмас!»

Тағы да:

«Таулар басын иеді тұман көрпе оранып,

Көтере алмай құрсағын жел де ауырлап, жер сызып»

деп жырлайды.

Ақынның мұндай керемет жыр жолдарын оның әрбір өлеңінен кездестіруге болады.

Мақтымқұлы – өзі өмір сүрген дәуірінің әлеу­меттік және мәдени қасиет-қағидаларын жырларында дәріптеп, ғасырдан ғасырға жеткізген ойшыл ақын. Жазушы Шыңғыс Айтматов: «XVIII ғасыр Мақтымқұлы өлеңдерінің ғасыры болды. Оның ғасырдан ғасырға жеткен жыр мұрасы халықаралық өлең әлемінде өзінің лайықты бағасын алды. Ол – жүрегі сөйлеген философ болатын» деген екен. Бұл – ақын шығар­машылығына дәл берілген баға.

Мақтымқұлы шығармалары қазақ тілінде 1947, 1959, 1968 жылдары бірнеше дүркін жарық көрді.

Қазақ ғалымы, филология ғылымдарының док­торы, профессор Бауыржан Омарұлы өзінің «Мақтымқұлы Пырағы» атты көлемді мақала­сын­да академик Рахманқұл Бердібайға сілтеме жасай отырып, түрікмен шайырының бірнеше шығармасы мен Абай өлеңінің өзара ұқсас­тығы мен орайластығы қайран қалдыратынын жазады. Ол бұл үндестіктің себебін екі ақынның тәлім алған дәстүрінен, Шығыс поэзиясынан үйрен­ген үлгісінен, халық ауыз әдебиетінің қазы­на­сынан, қазақ пен түрікменнің көшпелі тұрмы­сының біркелкілігінен іздейді.

Ғалым Мақтымқұлы жырындағы «Аш қар­шыға, алғыр лашын келгенде, Мыңы жүрсін үйрегің не, қазың не» деген жолдар Абайдың «Қыран бүркіт не алмайды салса баптап» дегенін ойға оралтатынын айтады. Мақтымқұлының «Қартайдым құр өмірімді қараң ғып, Дерт ұл­ғайды, іш қазандай қайнайды» деген өлең жолы Абайдың «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғай­ды арманымен» үйлесетінін мысалға келтіреді. Әрине, екі ақынның танымы мен түйсігі, талдауы мен талғамы әр басқа. Тағ­дырлары да бір-біріне онша ұқсамайды. Елдік мүдде, ұлттық ұстаным тұрғысынан үйле­сім тап­қанымен, поэтикалық қуаты жағынан әрқайсы­сының өзіндік ерекше­лігі бар.

Абай – қазақ поэзиясын, Мақтымқұлы – түрік­мен поэзиясын қайтадан өлшеп-пішкен теңдес­сіз ақындар. Олар ұлт өлеңінің жаңаша өлшем бірлігін қалыптастырды. Көбіне-көп сонысымен ұқсас десек, қателеспеген болар едік. Солай десек те, Мақтымқұлының «Ішім – нала, сыртым – жара, Сау қалғаны құлқын ғана» де­ген байламы мен Абайдың «Ішім – өлген, сыртым – сау» тұжырымы әр ақынның өз биігін танытады. Жалпы, Мақтымқұлы мен Абай поэзияларын­да біріне-бірі етене жақын сарындар мен әуен­дер жиі көздесіп отырады. Екеуі де ел бірлігін, ­адамдар арасындағы татулықты, ынтымақты айрық­ша қастерлеген.

Мақтымқұлыда:

«Дос келетін болса достың қасына,

Тебіренеді топырағы, тасы да.

Жұрт жиналып бір дастарқан басына,

Бағы жанып, тасар жұрты түрікменнің», десе,

Абайда:

«Біріңді, қазақ, бірің дос

Көрмесең, істің бәрі бос.

Малыңды жауға, басыңды дауға

Қор қылма, қорға, татулас», – дейді.

Түрікмен әдебиетінің сипатын өзгерткен Мақ­­­тым­­құлы поэзиясы әде­биетті дәуірлетуде бағдар ала­тын нақты өлшемнің бірі бо­луға әбден лайық. Оның өлең-жыр­лары қалың қазақ­қа Ғали Ор­манов (Мақ­тымқұлы. Таңдаулы өлеңдер. Алматы: ҚМББ, 1947), Ғафу Қайырбе­ков (Мақ­тым­құлы. Таң­дама­лы өлең­дер, Алматы: ҚМББ, 1959), Дүйсенбек Қанатбаев (Мақтымқұлы. Таңдамалы, Алматы: Жазушы, 1983) аудармалары арқылы жақсы таныс. Сонымен қатар ұлы ақынның біраз өлеңдері 2009 жылы шық­қан Светқали Нұржанның «Әулиелер әуезі» атты аударма кітабында, 2012 жылы «Қазақ энциклопедиясынан» шыққан «Түрікмен поэзиясы» атты жинақта жарияланды.

Мақтымқұлының ақындық шеберлігін орыс ғалымдары мен әдебиетшілері де жоғары баға­лаған. Мысалы, белгілі шығыстанушы ғалым Е.Э.Бертельс: «Мақтымқұлының шығармашылық дары­нының бүкіл тереңдігін сезіну және барлық қырларын аңдау үшін тануға деген ұмтылыстан жалықпау әрі оның әрбір шығармасының, әрбір поэтикалық жолының, әрбір сөзінің шынайы мәнін сезіну қажет» деген түйін жасайды.

Түрікмен әдебиетін зерттеуші Марина Агае­ва­ның тұжырымына сүйенсек, Мақ­тым­құ­лының тамаша поэ­­зиясы­ның алтын арқауы түрік­мен фольк­лорын­да, ақын­ның халықпен тығыз бір­лікте болған­ды­ғында, олардың ой-ар­маны мен мұң-шерін өзінің философия­­лық толғамға толы айшық­ты өлең-жырларында ай­қын таныта білуінде.

Мақтымқұлы түрікмен поэзиясында алғаш рет қарапайым адамдардың бәріне түсінік­ті ха­лық­тық тілмен жазды. Түрікмен ақыны­ның шы­­ғар­­машылығына қатты қызыққан М.Е.Сал­ты­ков-Щедрин: «Осы бір талант иесін Шығыс­тың Шил­лері дер едім. Мен оны Александр Сергее­вич­пен қатар қоюдан тартынбаған болар ем» деп жазады.

Ахмет Ясауи, Фирдоуси, Юнус Емре, Әлі­шер Науаи секілді ұлы ақындар Мақтымқұлы шығар­­­машылығының дамуына және ақындық таби­ғатының қалыптасуына айрықша әсер еткен. Түрік әдебиетін тізбелік жағынан алғаш рет жіктеген әдебиеттанушы ғалым Мехмет Фуат Көпрүлү Мақтымқұлыны Ахмет Ясауидің із­басары Нақш­банди шейхының дәрісін тыңдаған деген дерек айтады. Мақтымқұлы бір өлеңінде «Ауа райымның иесі – Ахмет Ясауи» деп жазған.

Мақтымқұлы дін тақырыбындағы шығарма­ларында Мұхаммед Пайғамбарымыз, басқа да пайғамбарлар туралы махаббат пен сүйіспеншілік, жалпы адамдық қасиет пен ұлттық құндылықтар, адамның материалдық және рухани өмірін шынайы жырлап, айналасына өнеге-өсиет айтып отырған. Жақсылық пен жамандық, ерлік пен қор­қаулық, аштық пен тоқтық, сұлулық пен жауыз­дық психологиялық паралеллизммен жырла­нады. Ойшыл ақын өз шығармаларында дұрыс құл­шылықты, ақиқатты насихаттаған. Алла таға­лаға сенген әр құлдың көңілінің және ақыретте төрт жағының тең болуын жырлап, халықтың жүре­гіне ізгілік отын таратқан. Ақын қасиетті пайғамбарларымыз Мұхаммед, Ибраһим, Мұса, Дәуіт, Иса туралы көптеген ұлағатты сөз жазып, жан дерті шипа іздеген.

Мақтымқұлы адам өмірінде кездесетін олқы­лықтарды сынып-мінеп оқу-білімді, парасат­тылықты өте жоғары бағалады. Адам баласының қайырымды, мейірімді, иманды болуына ерекше мән берді. Ата-ана алдында перзенттік парызды орындауға, ата-баба салтын және түрікмен жері­нің бірлігін сақтауға үндеді. Азаматтар бас құраған кезде «Мақтымқұлы айтпаған сөз бар ма?» деп көңілдері толып отыратын.

Әлемдік деңгейдегі сөз шебері бола тұра, Мақ­тымқұлы – ең алдымен, түрікмен халқы­ның ұлттық ақыны. Оның туған халқына деген сүйіс­пеншілігі мен жан жылуына ешнәрсе тең кел­мейді. Нақ осы Отаны мен туған халқына деген шексіз махаббаты, оның тағдырымен байланыс­ты терең ойлары Мақтымқұлын ұлт ақыны аясы­нан шығарып, бүкіл адамзаттың ақыны дәре­жесі­не көтерді. Ғұлама Мақтымқұлы әлемнің әр түк­піріне шашырап кеткен, біртұтас мемлекеті жоқ түрік­мендерді игілікке, келісімге келуге, ұлт­тық бірігуге шақырды. Мақтымқұлының ұлы­лығы –  бытыраңқы өмір сүріп жатқан барлық түрік­­менді біртұтас ұлт болуға алғашқылардың бірі бо­лып шақыруында және оны насихаттауында.

Мақтымқұлының тілі жеңіл және түсінікті болғандықтан, оның жазған өлең­дері осы күнге дейін ауыздан ауыз­ға тарап, ел ішінде сақталып қал­ған. Шығармаларында шағатай әде­биетінің әсері бар делінеді. Ол – түрік­мен әдебиетінің ғана емес, түрікмен халқының да данагөй ұстазы. Ақын дәстүрлі түрікмен әдебиетін дамы­тып қана қоймай, сол замандағы түрік­мен халқының рухын жандандырды. Фило­соф ақын 150 жылдан кейін бола­тын түрікмен бір­лігін түсінде көре білген делінеді.

Мақтымқұлы өмір сүрген дәуір тым күр­делі әрі шиеленіске толы болды. Ол – қатты күйзелістер мен түрлі жағдайлардың иірімдеріне түсіп қа­лып­тасқан ұлы тұлға. Ақынның жастық шағы түрік­мен-афшарлар, ал көрнекті ойшыл ақын ретінде қалыптасқан кезі түрікмен-қаджарлар билік құрып тұрған кезбен тұспа-тұс келді. Әри­не, билеуші афшарлар да, қаджарлар да түрік­мендер болды. Бірақ түрікмен халқы да, Мақтым­құлы да оларға риза болмады, өйткені олар түрік­мендердің ұлттық мүдделеріне жеткілікті деңгейде қамқорлық көрсетпеді. Сондықтан бұл мемлекеттерді Мақтымқұлы мен оның халқы армандаған түрікмендердің ұлттық мемлекеті деп атау қиын еді. Сондықтан ол: «Елім мен жылдарымнан тартқан азабым көп менің» дей отырып, өзінің дәуірге деген көзқарасын ашық білдірген. Міне, осындай қиын да ауыр кезеңде Мақтымқұлы халқын «бақытты өмірге» апарар жол іздеп, «мәңгі көктемге қол жеткізуді» армандады. Тіпті ол Бұхар мен Хиуада, Ауғанстанда не Үндістанда, Румыстанда не әлдебір басқа елде саяхаттап жүрген, «бір өлкеден бір өлкені кезіп жүрген» кезде де туған халқы мен оның тағдырын ойлаумен болды.

XVІІІ ғасырда Мақтымқұлының «түрік­мен тайпаларының басын біріктіру» жайындағы негізгі әлеуметтік ойын іске асыру үшін кедергі мен қарама-қайшылық көп болды. Бұл жүз жыл­дықта әрбір түрікмен тайпасы өзінің жолын өз бетінше жеке-дара іздеді, тайпалар арасындағы алауыздық тым күшті болды. Түрік­меннің ұлттық мемлекетінің болмауы, бұл тайпа­лардың түрлі жерлерден қорғаныш іздеуі алауыздықты күшейтіп, оларды бір-бірінен одан сайын жырақтата түсті. Осы кезде ғұлама ойшыл Мақтымқұлы халық үшін ең азулы жау – быты­раңқылық екенін қайта-қайта қайталаумен болды, өзара ортақ түсіністік, барлық тайпалардың бірігуі, бір мақсатқа және бірыңғай мемлекетке қызмет ету қажеттігін айтты. Ол өзінің «тамаша халқының» санасына біртұтас түрікмен ұлтын, мықты әрі мызғымас түрікмен мемлекетін құру үшін күресу керек екенін, тек сол кезде ғана «түрікмендер үшін бақытты өмір» туып, халық пен мемлекетке ешқандай зұлым күш қарсы тұра алмайтынын түсіндіруге тырысты.

«Дос келетін болса достың қасына,

Тебіренеді топырағы,

Тасы да.

Жұрт жиналса бір дастарқан басына

Бағы жанып,

Тасар нұры түрікменнің».

Мақтымқұлының бұл идеясы баршаға түсінікті әрі жақын. XVIII-XIX ғасырларда бұл өлең түрік­мен халқының ұлттық Гимні ретінде қызмет етті. Бірақ бытыраған халықтың басын бір дастар­қанның басына қосу үшін көкейдегі арманды қалай жүзеге асыруға болады? Ол үшін ойшыл ақын барлығы «бір адамның аузына қарап», бір басшының айналасына бірігу қажет деген идеяны ұсынды. Ақын қандай да бір ауыр жағдайда қалып, тұйыққа тірелсе де, ешқашан өз халқы­ның жарқын болашағына деген сенімін жоғалт­қан жоқ.

«Бар адамға ортақ болса дастарқан,

Көңілдер де шығар еді бір жерден»

деген Мақтымқұлы жыры өз заманында аңызға айналды.

Басынан өткізген сан қилы замандарда да түрікмен халқы әдеби-рухани құндылықтарын қорғай білді. «Көрғұлы», «Шахсенем-Ғаріп», «Ләйлі-Мәжнүн», «Тахир-Зухра», «Қорқыт ата» секілді халық дастандары тілдің жоғалмауына және әдебиеттің жалғасуына негіз болды.

Мақтымқұлының түрікмен халқының алдын­дағы ең үлкен еңбегі – олардың басын біріктіру үшін жүргізген күресі және алауыздықты айыптауы дер едік. Ұзақ уақыт бойы түрікмен халқының көптеген ұрпағы оның бірлік сабағынан тәрбие алып та, тәрбиеленіп те келеді. Өмір мықты мемлекет құру туралы армандаған Мақтымқұлының жарқын идеясының өміршеңдігін дәлелдеді.

Мақтымқұлының ел тағдыры туралы толғам­дары зорлық пен зобалаңнан езіліп-егілген жұрт­тың қай-қайсысының да мақсат-мұратымен үндес дәстүрлі зар заман сарындарынан алыс еместігін байқаймыз:

«Білсең бәрі – нышанасы қиямет,

Залым біткен тәубе етуді тастады.

Жарлы ат мінсе, есептелер есекке,

Дәулеттінің есегі де ат болар.

Аузым барып айттым заман қайғысын,

Ақырзаман қалмады ма жақындап?

Баянсыз мынау дүние,

Заманымды тар қылды.

Ақыры жетіп түбіме,

Шаттығымды зар қылды.

Шырылдадым, зарладым.

Зар заманды қарғадым».

Иә, қазақ пен түрікмен елдері арасында ежелден келе жатқан байланыс бар. Бір мысал айта кетейік. XIX ғасырда атақты күйші Дәулеткерей түрікмен еліне барып, жақсылар мен жайсаңдармен жүздесіп, пікірлесіп біраз уақыт болады. Түрікмен халқының қонақжайлығына разы болады, қайда барса да жақсы қарсы алып, кеңпейіл, асқан қонақжайлылық көрсетеді. Қоштасар кезде қонақ қабылдаушы жағы сыйлық ретінде көп мал береді, көп дүние береді. Ұлы күйші: «малды алмадым – өледі ғой деп, дүниені алмадым – тозады ғой деп. Еліме түрікмен бауырлардан өлмейтін, тозбайтын бір байлық әкелдім. Ол – халқымызбен бірге жасар асыл мұра «Көроғлы» күйі» деген екен. Расында да сол азбас, тозбас күй халқымыздың рухани мұрасына қосылғалы қашан, қанша жылдар өтті.

Осындай байланыстар қазіргі кезде Мақтым­құлының 300 жылдық мерейтойы тұсында кеңейе түсті. Астана қаласында өткен көрме, мерейтойға арналған конференция-жиын, мақалалар, түрік­мен елінен келген ғалымдар, бұқаралық ақпа­рат құралдарының өкілдері бауырлас халықтар арасындағы байланысты өсіре түсті.

Мақтымқұлы – түрікменнің төлқұжаты, тілде­сетін тілі, сөйлейтін сөзі. Биылғы аталып өткізі­ліп отырған ұлы тұлғаның, түрікмен классигі Мақтымқұлының 300 жылдығы халықаралық деңгейде, ЮНЕСКО көлемінде түрікмен хал­қының атын аспандатып, беделін көтеріп, халық­аралық деңгейде абыройын асқақтатар ұлы шаруа болмақ. Түрікмен халқы Мақтымқұлының атын шығарса, Мақтымқұлы түрікмен халқының атағын аспандатты. Бұл – егіз ұғым. Бірінсіз бірін көз алдымызға елестете алмаймыз.

Әр ұлттың өзіндік болмысы мен өшпес рухы­ның баламасына айналған біртуар перзенттері болады. Түрікмен халқы үшін Мақтымқұлы – сон­дай тұғырлы тұлға. Ол алмағайып заманның үздіксіз өзгеріп, айлардың алмасып, жылдардың жалғасып жатқанына қарамастан, өз ұлтының ұлы ұстазы ретінде бағаланып келеді. Кеше де, бүгін де, болашақта да солай. Себебі елдің үрдісімен үндес, үлгісімен үйлес өлең-жырларға ешқашан көлеңке түспек емес.

 

Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,

«Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор