Экономика • 04 Сәуір, 2024

Ұлттық кәсіпкерлер экономиканы өрге сүйрейді

107 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ұлттық құрылтайда Президент экономиканың барлық саласында өзгеріс болып жатқаны туралы айтты. Оның заңды шарттарының бір жағы әлемдегі жаңа экономикалық тенденциялар мен сауда-саттық жол тораптарының өзгеруі болса, екінші жағы осының әсерінен Еуразиялық экономикалық аймақта саяси тұрғыда Қазақстанды көршілес және іргелес елдер үшін тұрақты сауда торабы ретінде қарастыруын ескергеніміз жөн.

Ұлттық кәсіпкерлер экономиканы өрге сүйрейді

Әсіресе бұның жарқын мысалы ретінде еліміздің басты экономикалық серіктестері Ресей, Қытай, Орталық Азия елдері қатарына Әзербайжан, Түркия, Еуропа елдері, АҚШ пен Араб түбегіндегі БАӘ секілді елдердің қызығу­шы­лы­ғының артқанын айтсақ болады. Осындай аумалы-төкпе­лі кезеңде дамыған мемлекет болуға экономикалық көрсет­­кіштерді мақсат етіп, соған жетуге кәсіпкерлерді ша­­қы­ру толыққанды өзгеріс үшін жеткіліксіз екені анық. Сәй­кесінше, елімізге эконо­мика­дағы құрылымдық өзгеріс­тер мен кешенді инфрақұ­ры­лымдық шешімдер қажет.

Осындай өзгерістердің бірінші бағытын Президент креативті экономиканы да­мы­туға жағдай жасау деп атап өтті. Қазіргі жас­тар үшін өзекті экономика секторы азамат­тардың шығар­машылық әлеуеті, идеясы және интеллектуалдық меншігінің күш-қуатына не­гізделген. Ертеден өнерімен танымал қазақ халқына бұл ауқымды сектор үлкен мүм­кіндік береді. Ол өз ішінде өнер, дизайн, архитектура, цифрлық технология, медиа, ойын-сауық секілді бағыттардан құ­ра­­­лып, отандық емес жаһан­дық нарыққа өз туындыларын ұсынады. Қазірдің өзінде еліміздің таланттары көршілес ТМД елдері мен түркітілдес елдерге тартымды контент ұсынып жатыр. Бұл саланы дамытқан елдің үлгісі ретінде Оңтүстік Кореяны айтуға болады. Оңтүстік Корея ең бірінші ретте әлемдік нарыққа мәдени қызметтер мен тауарларды ұсынады. Бұл – танымал телехикаялар, фильмдер, әндер. Сол танылған тауарлардың ізін жалғап әр алуан нарыққа корей косметикасы, басқа да өнімдері тарады. Бәлкім, сол мәдени әсердің нәтижесі болар, қазір елімізде корей өнімдеріне деген сұраныс жоғары. Сонымен қатар креативті экономика өкілдері­нің туындылары еліміздің турис­тік тартымдылығын арттыра алар еді. Себебі отандық алаң­да түсірілген фильмдерді көр­ген шетелдіктердің осы бір ай­мақ­тарға баруға, саяхаттауға ықыласы артады. Нәтижесінде, бұл тек сауда-саттық қана емес, жергілікті туризмнің, мейрамхана бизнесінің даму әлеуетін ашады. Бұл тәжірибе Кореяда қазіргі уақытта бар, ал елімізді енді күтіп тұр деп айтсақ болады. Сондай-ақ креативті экономиканың адам капиталының артуы мен мемлекеттік тілдің қолданыс аясының кеңеюіне ықпал ететінін ескеру керек. Қазақша туындыларды түсіну, қазақ мәдениетіне қызығушылықтың әсерінен тілді де үйренуші адамдар пайда болатыны анық. Бұл тілімізді дамытуға шетелдерде міндетті түрде жоғары саяси элитаның келісімімен ашылып жатқан курстардан тыс жеке кәсіп ретінде тіл үйретуді қолға алған курстардың пайда болуы­на жол ашады. Осылайша, Президенттің креативті эконо­микаға зейін қоюын маңызды қадам деп атасақ болады.

Мультипликативті әсер беретін құрылымдық жобалар да экономиканың ілгерілеуіне септігін тигізеді. Өйткені олар тек экономикалық пайда емес, әлеуметтік мәселелерді реттеу тұрғысынан да өзекті. Әдепкісі – 55 жаңа жылу орталығының салынуы. Тура осылай 6,5 мың шақырымдық инженерлік жүйені жаңғыртуға, тозығы жетіп, ескірген инженерлік инфра­құрылымның қалыпты жұмыс істеуіне негіз бола алады. Сонымен қатар 1 700 шақырымға көгілдір отынға қолжетімділікттің артуы, 300 мың тұрғынның көмірге тәуел­діліктен құтылуы, осы жаңарту мен жөндеу жұмыстары өтетін аймақ тұрғындарының үй-жай­ды ретке келтіру мәселесін жеңіл­детіп, өзге экономикалық белсенді қызметке араласуға, кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік береді. Осы жұ­мыстарға жергілікті халық пен отандық кәсіпкерлер қаты­суға тиіс, тиісінше бұл үрдіс аталған аймақтардағы жұмыс­сыздық деңгейін азайтып, кәсіпкерлерді жаңа табыс көзіне жеткізеді. Осы жобалар сәтті іске асқан жағдайда шал­ғай аймақтағы кәсіпкерлер өнімдері мен шикізатын жаңа нарыққа шығару үшін логис­тикалық тиімділікке ие болады. Қазір алыс аудандардағы ауыл шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы және өзге шағын өнеркәсіп өкілдері өнімдерін халық саны көп шоғырланған орталықтарға жеткізе алмай отыр. Тиісінше, коммуналдық инфрақұрылым мен логистика шығын есебінен өнімдерінің құны жоғары болып кетеді. Ал жөндеу жұмыстары тығырыққа тірелген кәсіпкерлерді өз аймағында ғана сауда жасайтын тұйық шеңберден алып шығады.

Инфрақұрылым жетілуінің экономикалық белсенділікке қалайша оң әсер ететінін Ала­­көл және Көлсай демалыс орындарының мысалы­нан-ақ көруге болады. Бұл ны­сан­дардағы тиімді инфра­құры­лымдық шешімдер демалыс орындарына көршілес жатқан ауыл тұрғындарының да сауда-саттықпен айналысып, қызмет көрсетуіне жол ашты. Мемлекет басшысы өз сөзінде атап өткен Қытаймен серіктестік арқылы инфрақұрылымды жаңарту, Әзербайжанмен Каспий теңізі арқылы сауда-саттық жүргізу елдің транзиттік мүмкіндігін барынша пайдалануға әсер ете алады. Мұны біз белгілі бір деңгейде экономикаға мультипликативті әсер беруге ең ықтимал сценарий деп қарастыра аламыз.

Сондай-ақ Президент «ұлт­тық буржуазияның» өзектілігін атады. Бұл – осы уақытқа дейін ел экономикасында көте­рілмеген тың идеяның бірі. Тек ХХ ғасыр басындағы Алаш қай­раткерлерінің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз еткен жергілікті кәсіпкерлер элитасы ұлттық буржуазия деп аталған еді. Мемлекет басшысының сөзінде жергілікті тұрғындар ішінен ұтқыр, жасампаз, отан­дық өнім мен қызмет өндіріп, жеке басының мүддесін ғана емес, мемлекетшілдік идеяны ту ететін кәсіпкерлер атала­ды. Яғни сөз басында ай­тыл­ған экономикалық өзге­ріс саладағы нысандар­ды жаңар­ту, жөндеу, өзгертуді ғана емес, сонымен қатар ел ішінде экономикалық дағдарысқа төтеп бере алатын жаңа буын­ның қалыптасуына ден қоюды атасақ болады.

 

Қуанышбек ДҮЙСЕНОВ,

АlmaU университеті, Жоғары менеджмент мектебінің оқытушысы