Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен 2010 жылдың 11-12 маусымында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтао мемлекеттік сапармен Қазақстанда болды. Екі мемлекет басшылары жылы және достық жағдайда келіссөздер өткізді.
Сондай-ақ сапар барысында Төраға Ху Цзиньтаоның Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевпен, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановпен және Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовпен кездесулері өтті.
1. Мемлекеттер басшылары Қазақстан-Қытай екіжақты қатынастары, өңірдегі және халықаралық сахнадағы ағымдағы ахуал жөнінде терең пікір алмасты. Тараптар Қазақстан-Қытай стратегиялық әріптестігінің тең құқылы және сенімді қатынастарын құру – жан-жақты ынтымақтастықты нығайту, екі халықтың достығын бекемдеу және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін аса маңызды дұрыс тарихи таңдау болып табылатынын мәлімдеді.
Тараптар Қазақстан-Қытай стратегиялық әріптестігін одан әрі тереңдету сыртқы саясаттың басымдық бағытының бірі және екі мемлекет пен халықтардың негізгі мүдделеріне сай екенін растады. Тараптар жоғары деңгейдегі саяси үнқатысуды қолдайды және нығайтады, жан-жақты ынтымақтастықты тереңдететін болады.
2. Қытай тарабы Қазақстан тарабының және жеке Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Орталық Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтудағы, сондай-ақ өңірлік өткір мәселелерді реттеудегі күш-жігерін жоғары бағалады.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтаоға Қытай тарабының Қазақстанның сыртқы саяси бастамаларын үнемі қолдап отыратындығы үшін алғысын білдірді және Қазақстан тарабы “Тайвань тәуелсіздігінің” кез келген нысандарына қарсы екендігін және “бір Қытай” саясатын қолдайтынын тағы да растады. Қазақстан тарабы бұғаздың екі жағалауы қатынастарының бейбіт дамуын және Қытайдың бейбіт бірлестігі жөніндегі маңызды істерін қолдайды. Қытай тарабы бұл мәселе бойынша қазақстандық тараптың ұстанымын жоғары бағалады.
3. Мемлекеттер басшылары терроршылдық, сепаратизм, экстремизм, трансұлттық ұйымдасқан қылмыс, есірткі контрабандасы және басқа да заңсыз әрекеттерге қарсы күресуде екіжақты және көпжақты форматтардағы ынтымақтастықты тереңдету мен екі мемлекеттің құқық қорғау, қорғаныс және қауіпсіздік саласында өзара ықпалдастықты күшейту қажеттігі жөнінде ортақ пікірге келді.
4. Тараптар өңірдегі осы заманғы қыр көрсетулер мен қауіпсіздікке төнген қатерлерге қарсы тұруға бағытталған жоғары деңгейдегі өзара ықпалдастықты қолдайды, консультациялар өткізеді және бірлескен шешімдер қабылдайды, Тараптар халықаралық және өңірлік істердегі ынтымақтастықты кеңейтуге, екі мемлекеттің дамуы үшін қолайлы халықаралық жағдай жасауға жәрдемдесуге ниетті. Өңірдегі және жалпы әлемдегі бейбітшілікке, тұрақтылық пен дамуға жәрдемдесу үшін Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес және басқа да көпжақты форматтар шеңберіндегі үйлестіру мен өзара ықпалдастықты нығайтады. Екі мемлекеттің 2010 жылғы 8 маусымда Ыстамбұлда өткен АӨСШК-нің 3-ші Саммитінің және 2010 жылғы 10-11 маусымда Ташкенттегі ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының Кеңесін табысты өткізуге қосқан маңызды үлестерін атап өтеді.
Қытай тарабы Қазақстан тарабын Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуге кірісуімен құттықтады. Тараптар ШЫҰ-ның өңірдегі қауіпсіздікті және тұрақтылықты қамтамасыз етуде, мүше мемлекеттердің дамуы мен гүлденуін ынталандыруда маңызды рөл атқаратынын, Ұйымның әлеуетін жете пайдалану, оның саламатты және тұрақты дамуына қолғабыс ету қажеттігін атап айтты.
2011 жылы ШЫҰ-ның құрылуына 10 жыл толуына орай Тараптар Ұйымның басқа да мүше мемлекеттерімен бірлесіп, бірқатар шаралар өткізуді жоспарлап отырғанына, ШЫҰ шеңберінде түрлі салалардағы ынтымақтастықты ілгерілететініне, Ұйымның дамуына жаңа серпін беретініне тоқталды.
5. Мемлекеттер басшылары екі Тараптың өңірлік және халықаралық істер бойынша мүдделері мен ұстанымдарының кеңінен сәйкес келетінін атап өтті. Қырғыз Республикасындағы ахуал бойынша пікір алмасты. Қырғызстан экономикасын қалпына келтіруге, гуманитарлық көмек көрсетуге қолғабыс етуді жалғастыру қажеттілігіне тоқталды. Тараптар БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар Қырғызстанға үйлестірілген түрде жәрдем көрсетуді жалғастыруға тиіс деп санайды.
6. Тараптар жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс ықпалын еңсеру жөніндегі екі мемлекеттің уақтылы және пәрменді шараларын және Тараптардың өзара тығыз ықпалдастығын жоғары бағалайды. Тараптар екіжақты сауда құрылымын жетілдіру, инвестиция жағдайын жақсарту, салаларды кеңейту, сондай-ақ сауда-экономикалық ынтымақтастығы көлемін ұлғайтуды дағдарыс алдындағы және одан да жоғары деңгейге көтеру үшін белсене күш салатын болады.
7. Тараптар энергетика, пайдалы қазбаларды өндіру, электр қуаты, темір жол, сондай-ақ басқа да салаларда ірі бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды табысты іске асыруды қанағаттанғандықпен атап өтті. Тараптар өз мемлекеттерінің аумағында екінші тараптың азаматтары мен заңды тұлғаларының мүдделері мен заңды құқығын қорғау және қауіпсіздігін тиімді қамтамасыз ету, екі ел арасындағы түрлі салаларда іс жүзіндегі өзара ықпалдастықты тереңдетуге және екіжақты ынтымақтастықтың ірі жобаларын табысты іске асыруды ілгерілетуге қолайлы жағдайлар жасау жөнінде белсенді шаралардың қажеттігін атап көрсетті.
2007 жылғы тамыз айында қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Экономиканың шикізаттық емес секторларындағы ынтымақтастық бағдарламасы шеңберінде, осы Бағдарламаға іс-шаралар жоспарын одан әрі белсене іске асыратын болады, мәшине жасау, көліктік инфрақұрылым, ауылшаруашылық, тоқыма өнеркәсібі және құрылыс материалдары, электр станциялар салу, мұнай-химия және өңдеу өнеркәсібі, фармацевтика және басқа да салалардағы ынтымақтастықтың нақты жобаларын ілгерілетеді. Тараптар несие беру ынтымақтастығын нығайту арқылы тиісті жобаларды іске асырады.
8. Тараптар энергетика саласындағы Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы жаңа сапалы деңгейге шығып отырғанын атап көрсетті. Тараптар энергетикалық ынтымақтастықтың Қазақстан-Қытай газ құбыры және Қазақстан-Қытай мұнай құбыры сияқты басты объектілерін табысты салуды және ұзақ мерзімді тұрақты түрде пайдалануды қамтамасыз етеді. Тараптар тең құқылық және өзара тиімділік негізінде атом қуаты, жел, күн және басқа да жаңартылған энергия көздері саласында ынтымақтастықты кеңейтеді.
9. Тараптар екі мемлекет ынтымақтастығының темір жол, автожол және әуе көлігі саласында транзиттік әлеуетті толықтай пайдаланатын болады. Қазақстан тарабы екіжақты және халықаралық көлік дәліздерін салу жобаларын жүзеге асыруға қытайлық компаниялардың қатысуын құптайды.
10. Тараптар “Қорғас” Қазақстан-Қытай шекара маңы ынтымақтастығы Халықаралық орталығының (ШЫХО) құрылысын аяқтау және пайдалануға беру маңыздылығын атап көрсетті. “Қорғас” ШЫХО аумағында өндірістік ынтымақтастықты дамыту жөнінде екі мемлекеттің кәсіпорындары үшін қолайлы жағдай жасайды, одан әрі үйлестіру және өзара ықпалдасуды нығайтады, Орталықтың табысты жұмыс істеуіне бірлесіп қолғабыс ететін болады.
11. Тараптар Қорғас өзеніндегі “Достық” бірлескен гидроторабын салу, су бөлу жөніндегі басты техникалық жұмыстардың бағыттарын қоса алғанда, трансшекаралық ағын суларды тиімді пайдалану және қорғауға байланысты мәселелер бойынша Трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау жөніндегі бірлескен комиссия тетігі шеңберінде белсенді өзара ықпалдасуды жалғастырады.
Тараптар “Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметінің арасындағы Трансшекаралық өзендердің су сапасын қорғау жөніндегі келісімінің” мәтінін келісу бойынша Тараптардың табиғат қорғау ведомстволарының қол жеткізген уағдаластығын жоғары бағалайды, екі мемлекеттің табиғат қорғау ведомстволарының “Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметінің арасындағы Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің” мәтінін келісуді 2010 жылы аяқтау жөніндегі күш-жігерін белсене қолдайды.
12. Тараптар екі мемлекет өңірлері арасындағы сауда-экономикалық, көліктік, ауыл шаруашылығы, туристік және басқа да салалардағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға келісті.
13. Тараптар білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау, спорт, туризм және бұқаралық ақпарат құралдары сияқты салаларда өзара іс-қимылын одан әрі жалғастырады.
14. Тараптар Шанхайдағы “ЭКСПО-2010” Дүниежүзілік көрмесі әлем елдері өздерінің дәстүрлі мәдениеті мен ғылыми-техникалық деңгейін көрсетуге, өзара байланыстар мен ынтымақтастықты күшейтуге мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналғанын атап өтті. Қазақстан тарабы Қытай тарабын Шанхайдағы Дүниежүзілік көрмені табысты өткізуімен құттықтады.
15. Тараптар Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтаоның Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапарының қорытындыларына қанағаттанғандық білдірді, сапардың екі мемлекет арасындағы достық және стратегиялық сипаттағы әріптестікті пәрменді дамытуға қосылған айтарлықтай үлес екенін атап өтті. Қытай тарабы көрсетілген жылы және достық қабылдау үшін ризашылығын білдірді.
Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтао Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевты екі Тарап үшін қолайлы уақытта Қытай Халық Республикасына сапармен келіп қайтуға шақырды. Президент Н.Ә.Назарбаев шақыруды ризашылықпен қабыл алды.
2010 жылғы 12 маусым. Астана қаласы.