Үкімет басшысы, Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың жетекшісі Олжас Бектенов Қостанай, Атырау облыстарында болды. Бұған дейін Премьер-министр Ақтөбе облысындағы су тасқынының салдарын жою жөніндегі жұмыстарды, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының су тасқынына дайындығын тексерген болатын.
Ақтөбе облысында Олжас Бектеновтің төрағалығымен селекторлік режімде өңірлік штаб басшыларының қатысуымен Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқынының салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысы өтті.
Қазіргі таңда елімізде су тасқынына байланысты күрделі ахуал қалыптасып отыр. Болжамға сәйкес бүкіл ел бойынша жауын-шашын болып, күн күрт жылынады деп күтіліп отыр. Қардың тез еруінен су қоймалары толып жатыр. Бүгінде солтүстік, шығыс және орталық аймақтардың 65%-дан астамы әлі күнге дейін қалың қар астында. Сондықтан алдағы уақытта су тасқыны қаупі бар өңірлерде алдын алу шаралары күшейтілді, ТЖМ-ның қажетті күштері мен құралдары дайындалды.
Қаржы министрі Мәди Такиев су тасқыны салдарынан шаруашылық қызметі бұзылған жеке кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнес субъектілерінің барлығына берілген өтінішіне сай несиелер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру ұсынылатынын баяндады. Сондай-ақ Қаржы министрлігі су тасқынынан зардап шеккен бизнес субъектілері үшін салық есептілігін тапсыру және салықтарды төлеуді кейінге қалдыруды ұсынады.
Премьер-министр жөндеуге жарамды тұрғын үйлер мен инфрақұрылымның сапасына ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен су басқан үйлердің барлығы құжаттардың бар-жоғына қарамастан, қалпына келтіріледі. Мемлекет ешкімді баспанасыз, далада қалдырмайды. Осындай қиын жағдайда ірі, орта бизнес, сондай-ақ кішігірім компаниялар және елдің тағдырына бей-жай қарамайтын қарапайым азаматтар қолұшын созып жатыр. Бюджет қаражатына қосымша тұрғын үйлерді қалпына келтіруге, жоғалған мүлік пен мал шығынын өтеуге бағытталатын қомақты сома жиналды. Мердігер компаниялар осындай қиын жағдайды бизнеске айналдырмайды және барлық қаражат мақсатты түрде жұмсалады деп сенемін», деді штаб жетекшісі.
Фермерлер мен ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне ерекше назар аударылды. Ауыл шаруашылығы министрлігі шығынды өтеу мәселесін шешіп жатыр.
«Үкімет фермерлер мен мал иелеріне несиелер мен лизингтік міндеттемелерді кейінге шегеру бойынша қолдау көрсететін болады. Төлемдер кешіктірілген жағдайда айыппұл салынбайды», деді Премьер-министр.
Штаб отырысында тасқын кезеңіне алдын ала дайындалған өңірлердің бар екені, сондықтан ол жерлерде су тасқынының салдары соншалықты жойқын болмағаны атап өтілді. Мәселен, Қарағанды облысында ауқымды судың көлеміне қарамастан, елді мекендерді жаппай су алып кеткен жоқ. 6-7 жыл бұрын ауылдардың айналасында бөгеттер салынып, суды бұратын арықтар қазылған. Мұның барлығы – уақтылы қабылданған қарапайым шешімдер. Ол өз тиімділігін дәлелдеді. Сондықтан әрбір елді мекен бойынша осы жылдың күзіне дейін жойқын су тасқынының алдын алу үшін қажетті шараларды қабылдау тапсырылды.
Сондай-ақ Үкімет басшысы Ақтөбе облысындағы бірқатар су қоймаларын тікұшақпен аралап, су тасқынынан зардап шеккен үйлерге барды.
Жалпы, облыста тасқын қаупі әлі сейілмеген. Қазір өзендердің көбі су арнасынан асып кеткелі тұр. Өңірде 792 үй су астында қалды. Облыстың 5 ауданында (Қобда, Мұғалжар, Темір, Әйтеке би, Ойыл) және Ақтөбе қаласында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Су тасқынына қарсы іс-шараларға жеке құрамнан 3 140 адам, 664 техника жұмылдырылды. Барлығы 8 978 адам қауіпсіз жерге көшірілді.
Олжас Бектенов көлемі 15,8 млн м3 болатын Мағаджан бөгетін аралап көрді, онда қарғын су ағыны салдарынан су қоймасының бөгеті бұзылды. Нысан 1985 жылы пайдалануға берілген. Гидротехникалық құрылыс жекеменшік «Тұлпар» ЖШС компаниясының иелігінде.
Қазірдің өзінде 26 елді мекенде электр қуатымен жабдықтау қалпына келтірілді. «Энергожүйе» ЖШС-ның барлық бөлімшесі күшейтілген режімде жұмыс істеп жатыр. Республикалық маңызы бар 9, облыстық маңызы бар – 3 жолда және 9 аудандық маңызы бар жолда судың тоқтауына байланысты көлік қозғалысына қойылған шектеулер алынып тасталды. Өңірде шығынды өтеу комиссиясы жұмыс істейді. Үш күн ішінде комиссияға материалдық шығындарды өтеу туралы 1 623 өтініш түскен. Алгоритмге сәйкес су тасқыны болған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде келтірілген шығынды өтеу туралы жергілікті әкімдіктерге өтініш беріледі. Сонымен қатар Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен және қиын жағдайға тап болған тұрғындар әкімдікке тиісті өтінішпен жүгіну арқылы бір реттік төлем ала алады.
Үкімет басшысы су тасқыны салдарын жойғаннан кейін коммуналдық және жекеменшіктегі гидротехникалық құрылыстарда жан-жақты тексерулер жүргізуді тапсырды. Ақтөбе облысында барлығы 206 гидротехникалық құрылыс бар.
Сонымен қатар Премьер-министр су басу қаупіне байланысты ТЖ алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатқан Шығыс Қазақстан облысының Глубокое және Алтай аудандарының таулы аймақтарын да тікұшақпен аралап, өзен алқаптарындағы су тасқыны қаупі бар учаскелердегі жағдаймен танысты.
Шығыс Қазақстан облысы аумағының басым бөлігінде жағдай тұрақты. Сондай-ақ қыстың соңында қар қалың жауған Марқакөл, Катонқарағай, Глубокое, Үлкен Нарын және Алтай аудандары – тәуекел аймағында. Өзендердегі су деңгейі әзірге қауіпті межеге жеткен жоқ. Мұздың еруі енді басталды, ал таулы аймақтардағы су қоймаларында мұз қабатының жұқаруы байқалады. Алайда болжам бойынша облыста дауылды ескерту жарияланған, +19°C дейін күннің күрт жылынуы күтіліп отыр. Сәуір айының ортасына қарай аймақта су тасқыны қаупі жоғарылайды.
«Қазір еліміздің өңірлерінде, соның ішінде Шығыс Қазақстан облысында қалыптасқан жағдай бізден үздісіз бақылауды талап етеді. Облыс аумағының 70%-ын қалың қар басып жатыр, ал қар жамылғысындағы су қоры нормадан 2 есе артық. Бұл қауіптің әлі сейілмегенін көрсетеді. Мемлекет басшысы атап өткендей, су тасқыны кезеңінде жағдайдың даму сценарийлерін қалыптастыру қажет. Қазір қолдағы болжамдарды ескере отырып, су тасқынының алдын алу шараларын күшейтуіміз керек. Үкімет тарапынан тиісті жұмыстарды жүргізуге барлық қажетті көмек көрсетіледі», деп атап өтті О.Бектенов.
Қазіргі таңда облыстағы 344 елді мекеннің 7-еуінде су тасқыны қаупі төніп тұр, онда 1000-нан астам адам тұрады. Жағдай ұдайы бақыланады: осы мақсаттар үшін ұшқышсыз аппараттар пайдаланылып келеді. Өңірде жоғары дайындық режімі, ТЖ жою жөніндегі облыстық жедел штаб жұмыс істейді. Жағдай ушығып кетсе, 1 118 адамнан тұратын күштік құрылымдар, 315 бірлік техника жасақталып, 6 мың тоннадан астам инертті материалдар, 468 тонна ЖЖМ, 43 мың бірлік қапшық дайындалды.
Премьер-министр Өскемен және Бұқтырма ГЭС-ін де қарап шықты. Барлық гидротехникалық құрылыстар штаттық режімде жұмыс істеп жатыр. Бөгеттерде су деңгейі алдын ала төмендетіледі. Өңірде Қазақстандағы ең ірі Бұқтырма су қоймасы орналасқан. Қазіргі уақытта ол тағы 20 текше км көлемінде өзен суын қабылдауға мүмкіндік береді. Болжалды мәліметтер бойынша алдағы 3 айда 15 текше километрге дейін су келеді деп күтіліп отыр.
Бұдан кейін Премьер-министр су тасқынына байланысты күрделі жағдай қалыптасып отырған Қостанай облысына барып, су деңгейі Қостанай, Рудный қалалары, Б.Майлин, Денисовский, Жітіқара аудандарындағы жағдайға тікелей әсер ететін Тобыл өзенін тікұшақпен аралап көрді.
Су қоймаларының толу деңгейі максималды межеге жақындап келеді. Мәселен, Желқуар және Амангелді су қоймалары 100%-ға, Қаратомар 97%-ға, Жоғарғы Тобыл 93%-ға толып отыр, Сергеев және Амангелді су қоймалары транзиттік режімде өз қуатының шегінде жұмыс істеп жатыр. Бұл ретте судың келуі оны өткізу көлемінен асып түседі. Жақын арада болжам бойынша еріген қар суының және жоғарғы жақтан келетін судың есебінен су деңгейі тағы да ұлғаяды деп күтілуде. Қостанай және Тобыл қалаларына іргелес аумақтарды су басуы мүмкін.
Өңірде еріген қар суын өткізу мақсатында Қостанай қаласындағы кіші көпір ауданында жұмыс істемейтін жол төсемі ашылды, елді мекендерде арнайы бөгеттер салынып, еріген суларды басқа жаққа бұру үшін арықтар дайындалуда, топырақ толтырылған қапшықтар мен инертті материалдар төселіп, суды сору және басқа да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қарасу және Тобыл өзендерінде мұз жару жұмыстары жүргізілді. 2000-ға жуық адам, 650-ден астам техника, мотопомпалар, сондай-ақ жүзу құралдары мен әуе кемелері жұмылдырылды.
Өңірде су тасқыны кезеңі басталғаннан бері барлығы 3 257 адам құтқарылды және эвакуацияланды, уақытша орналастыру пункттеріне 632 адам орналастырылған, қалғандары өз еркімен туыстары мен жақындарының үйіне баруға шешім қабылдады. Қосымша эвакуациялау және уақытша орналастыру пункттері толық дайындық режімінде.
Сондай-ақ кеше Олжас Бектенов Атырау облысындағы ағымдағы жағдайды тексерді. Ол аумақты тікұшақпен аралап, өзен жағалауларын нығайту жұмыстарының барысын қарады. Құлсары қаласының тұрғындарымен сөйлесіп, олардың қабылданып жатқан шараларды күшейтуге қатысты сұрақтарына жауап берді.
Сонымен қатар Жайық және Жем өзендеріндегі жағдаймен танысты. Жылыой және Қызылқоға аудандарында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы ТЖ режімі сақталып отыр. Бүгінде Қызылқоға ауданындағы Миялы, Аққора, Жангелдин, Жасқайрат және Көздіқара ауылдарында қауіп-қатер сейілді. Ақтөбе облысы Ойыл ауданы жағынан Жем өзені деңгейінің көтерілуіне байланысты Жылыой ауданы Құлсары қаласын су басқан. 28 551 адам эвакуацияланды.
Өңірде су көлемін азайту үшін Жем өзенінің сағасы үш жағынан қазылды, сондай-ақ өзен бойында орналасқан жасанды бөгеттер бұзылды. Бұл өзен арнасының бағытын өзгертуге және судың кедергісіз ағуын қамтамасыз етуге, оның Каспий теңізіне қарай өткізу қабілетін ұлғайтуға және су тасқыны қаупін азайтуға мүмкіндік береді. Өз кезегінде тұрғындар мен волонтерлер тұрғын үй секторын су басуына жол бермеу бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.