Қазақстан • 08 Сәуір, 2024

Қазақстанда 3,7 мыңнан астам үй су астында қалды

194 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының басшысы Роллан Есмағамбетов апаттық-құтқару жұмыстарының орындалу барысы туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда 3,7 мыңнан астам үй су астында қалды

Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі

«Тәулік бойы апаттық-құтқару жұмыстарына 16375 адам мен 1600-ден астам техника, 377 су сору техникасы, 81 су көлігі, 15 ұшақ жұмылдырылған. Қазіргі уақытта Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында 3745 жеке тұрғын үй, 421 аула аумағы су астында қалды», деді Роллан Есмағамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында.

Қазіргі таңда, бақылауда 105 жол эрозиясы, оның ішінде 4 көпір мен 101 жол төсемі тұрғанын атап өтті.

«Көлік қатынасы үзілген 65 елді мекен жолдары да бақылауға алынды. Республикалық жедел штаб Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарын бақылап отыр. Сенім телефонына 1052 қоңырау түсіп, психологтар зардап шеккендерге жедел психологиялық көмек көрсетіп жатыр», деп түйіндеді Есмағамбетов.

 

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

ЕҰУ студенті