Фото:halyq-uni.kz
Мемлекет басшысы сенбі күні су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты үндеу жариялады. Онда: «Қардың күрт еруіне байланысты аймақтарда су тасқыны болып жатыр. Бұл – табиғи апат. Мұндай ахуал ұзақ жылдан бері болмаған. Бұл көлемі жағынан кейінгі 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат деуге болады. Атқарушы органдар жіберген олқылықтарды түзеу үшін мен шұғыл түрде нақты тапсырмаларды бердім. Қазір барлық қажетті шара қабылданып жатыр. Үкімет қарғын судың салдарын жоюға бар күшін салып жатыр», деді. Сондай-ақ Президент үндеуінде тасқын судан зардап шеккен азаматтарды мемлекет ескерусіз қалдырмайтынын айтты. Материалдық шығындар толық өтелетінін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барып, қарғын су басқан аумақтарды тікұшақпен аралап, эвакуацияланған тұрғындармен кездесті.
Шынында, бұл – табиғи апат. Табиғатқа ешкім қарсы тұра алмайды. Дегенмен тиісті мекемелер тасқын судың алдын алу шараларына жауапкершілікпен қарауы керек еді. Болар іс болды. Қазір Премьер-министрдің басшылығымен республикалық штаб құрылды. Үкімет басшысы, оның орынбасарлары, құзыретті органдардың өкілдері апат болған аймақтарды аралап жүргенін білеміз. Су тасқынымен күресуге еліміздің материалдық қорынан қажетті ресурстар тартылып отыр.
Әр уақытта қайсар халқымыз қиындықты бірігіп жеңген. Бәріміз бір адамдай тасқынның бетін қайтаруға жұмылайық. Сабырлық сақтап, даурықпа сөзге ермейік. Әркім өз қолынан келген істі атқарсын. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», дейді. Бірігейік, бір болайық!
Жәнібек Кәрібжанов,
мемлекет және қоғам қайраткері