Денсаулық • 09 Сәуір, 2024

Трансмайлардың табиғи майлардан айырмашылығы мен зияны неде?

153 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Өз халқының денсаулығын ойлаған мемлекеттер трансмайлардан құтыла алмай отырғанда, елімізде оның үлесін 10 есеге көбейту туралы ұсыныс әлі де толық шешімін таппай келеді. Айналып келгенде, азық-түлік өнімдеріндегі трансмайларды шектеу мәселесі өзектілігін жоймақ түгілі, жыры бітпей тұр деуге болады. Өйткені, азық-түлік өнімдерін әзірлеуде оның құны арзанға түсетіндіктен, мүдделі тараптар оның рұқсат етілген мөлшерін он есеге көтеруді тағы да қозғап отыр. Сондықтан еліміздегі жетекші нутрициологтардың бірі, Қазақ тағамтану академиясының вице-президенті, профессор Юрий Синявскийді сұхбатқа шақырдық.

Трансмайлардың табиғи майлардан айырмашылығы мен зияны неде?

– Юрий Александрович, трансмайлардың зиянды екеніне көзі жеткен, дамыған мемлекеттер оны шектеп, тіпті тыйым салып жатыр. Осы мәселеде отандық ғылыми қауымдастық пен Тағамтану академиясының ұстанымы қандай?

– Біз де өнеркәсіптік трансизомерлер құрамының нормасын бірден он есеге – рұқсат етілген 2%-дан 20%-ға дейін ұлғайту туралы ұсыныстар айтылып жатқанынан хабардармыз. Кейбір тамақ өндірушілердің белгілі бір коммерциялық мүддесі бар екенін түсінеміз. Сутектендірілген өнеркәсіптік трансмайлар азық-түліктің экономикалық тұрғыдан өте тиімді құрамдас бөлігі екені рас. Бірақ кәсіпорындар пайдадан бұрын тұтынушының денсаулығын ойлауы тиіс. Қазір талай елде трансмайларға мүлдем тыйым салынады. Өнеркәсіптік трансмайлар жүрек пен қан тамырларының ауыр дерттерін қоздырады, өмірді қысқартады. ДСҰ трансмайларды тұтыну жүректің ишемиялық ауруының негізгі себептерінің бірі саналатынын дәйектеп, жылына  500 мыңдай адамды ажал құштыратынын алға тартып келеді.

Гидрогенизация әдісімен алынатын трансмайлар ағзадағы метаболикалық процестерді күрт нашарлатып, жүрек-қан тамырлары мен зәр шығару жүйесі, қалқанша безінің жұмысына әсер етеді. Өнеркәсіптік трансмайлары жоғары диета жүрек ауруының қаупін 21%-ға, ал өлім-жітімді 28%-ға арттыратыны жасырын емес. Өнеркәсіптік май қышқылының трансизомерлерін (МҚТ) тұтыну кезінде қандағы «жаман» холестерин, яғни төмен тығыздықтағы липопротеидтер жоғарылайды және керісінше жоғары тығыздықтағы липопротеидтер, яғни «жақсы» холестерин азаяды. Сондай-ақ, өнеркәсіптік трансмайлар екінші типтегі қант диабетімен ауыру ықтималдығын 40%-ға арттыратыны туралы деректер бар.

Мысалы, ДСҰ биыл трансмайларды жаппай тұтынудан бас тартып, 2025 жылға қарай тамақ өнімдеріндегі трансмайлардың құрамын нөлге түсіруді көздеп отыр. Сондықтан азық-түліктегі өнеркәсіптік трансизомерлердің құрамын көбейту емес, керісінше шектеу керек.

Отандастарымыздың денсаулығы экономикалық аспектілерден жоғары болуға тиіс. Өнеркәсіптік трансмайларды бұрынғыдан да азайтып, толығымен жоюда әлемдік тенденцияларды ұстануымыз керек. Айтқандай, бұл тәсіл Қазақстан мүше болып отырған ЕАЭО құжаттарында да бекітілген және осы шектеуді одан әрі төмендете отырып, азық-түлік өнімдеріндегі өнеркәсіптік МҚТ-ның бүгінгі таңда рұқсат етілген ең жоғары деңгейі 2%-дан аспауы керектігі бекітілген.

– Маман ретінде табиғи майлар мен трансмайлардың айырмашылығын, ағзаға әсерін түсіндіріңізші?

– Табиғи майлар және өнеркәсіптік майлардың сіңімділігінде клиникалық тұрғыда үлкен айырмашылық бары дәлелденген. Өнеркәсіптік гидрогенделген МҚТ адам ағзасына сіңбейді, шығып кетпейді, бірақ жинала береді. Осының салдарынан ажал құштыратын аурулар пайда болады.

Қауіпті май қышқылдарының трансизомерлері (МҚТ) мен оның денеде жиналуының патологиялық процесі қанша уақытқа созылатыны туралы дөп басып айту қиын – бұл ағзаның өзіндік ерекшеліктеріне, жасына, қанның липидті профилі мен басқа да факторларға байланысты. Бірақ, клиникалық, статистикалық тұрғыдан нақты анықталған және расталған, белгілі бір пациент өнеркәсіптік трансмайлары бар өнімдерді неғұрлым көп тұтынса, олардың өмірлік болжамы соғұрлым нашар болады. Біз мұнда кең клиникалық және ғылыми дәлелдер базасы туралы бекер айтып отырғанымыз жоқ. 20 жылдан бері медицина гидрогенизация арқылы өндірілген өнеркәсіптік трансмайлардың адам өмірі мен денсаулығына зиянды екендігі айтылып келеді. Гидрогенделген майлардың құрамында 55%-ға дейін зиянды МҚТ бар. Негізгі қауіптің бірі – МҚТ овуляциялық бедеулік қаупін арттырады, ұрықтың дамуына теріс әсер етеді. Жаңа туған нәрестелердің салмағы мен қан плазмасындағы МҚТ жоғары деңгейі арасындағы байланыс бары анықталған. Балалар гиперлипидемияның дамуына, жасушалардағы арахидон қышқылының синтезінің бұзылуына ықпал ететін МҚТ әсеріне ерекше сезімтал келеді. Бір сөзбен айтқанда, өнеркәсіптік МҚТ – біздің ұлтымыздың болашағына төніп отырған зор қауіп.

– Трансмайлардың мөлшерін қалай барынша азайтуға болады? Тамақ өнеркәсібінде оны алмастыра алатын зиянсыз баламалары бар ма?

– Трансмайларға жоламауға мүмкіндік беретін әртүрлі шикізат баламалары бар. Мәселен, табиғаттың өзі жаратқан трансмайлар бар болса, бұл – сары май, жануарлардың майы. Оған қоса дамыған елдер тамақ өнеркәсібінде табиғи пальма майлары кеңінен тұтынады. Бірақ өнімді қауіпсіз тасымалдау мен сақтауды қамтамасыз барысында онымен жұмыс істей білу маңызды. Табиғи, өңделмеген пальма майына келетін болсақ, оның құрамында трансмайлары жоқ . Сұйық өсімдік майларынан айырмашылығы, оған гидрогенизация қажет емес. Құрамында қаныққан май қышқылдары көп болғандықтан (50%-ға дейін) пальма майы бөлме температурасында табиғи түрде қаттылығын сақтайды. Сондықтан ол май өнімдерін өндіруге қолданылатын пайдалы және қауіпсіз шикізат ретінде гидрогенделген майларға балама бола алады. Егер өнімнің құрамына пальма майы кірсе, демек оның құрамында трансмайлар болмайды.

– Егер өнеркәсіптік МҚТ-ның жақсы әрі қауіпсіз баламасы бар болатын болса, онда азық-түлік құрамына осы зиянды қоспаны мүлде жолатпаудың мүмкіндігі бар ма?

– Өнеркәсіптік трансмайлар уақыт өте келе сауда сөрелерінен, оның ішінде Қазақстанда да толығымен жоғалып кетуге тиіс. Бұған дейін де ДСҰ бүкіл жаһанды трансмайларды жуық арада өндірістен алып тастауды, өнеркәсіптік өндірістен толығымен бас тартуға шақырды. Бұл БҰҰ жариялаған тұрақты даму мақсаттарына сәйкес келеді: өздеріңіз білетіндей, әлемдік қауымдастық 2030 жылға қарай жұқпалы емес аурулардан болатын мезгілсіз өлім-жітімді үштен бір мөлшерін қысқартуды мойнына алды. Өнеркәсіптік өндірілген трансмайларды пайдаланудан жаһандық бас тарту осы мақсатқа үлкен қадам болар еді. Айтқандай, осы бастама аясында өнеркәсіпке қамқорлық жасалып, 2018 жылы ДСҰ REPLACE (алмастыру) деген атауымен шаралар пакетін ұсынған. Бұл өнеркәсіптік өндірістің трансмайларын тамақ өнімдерінен кезең-кезеңімен алып тастауға арналған нұсқаулық, оларды табиғи шығу тегі зиян емес басқа компоненттерге кезең-кезеңімен алмастырады. Соның ішінде сол өсімдік майлары да бар. ДСҰ трансмайларды тұтынудан толығымен бас тарту денсаулықты сақтау мен халықты ауыр жүрек-қан тамырлары патологиясынан құтқарудың негізгі шарты деп санайды.

– Трансмайларды тағамның дәмі мен бағасына нұқсан келтірместен, қандай сау баламаларымен алмастыруға болатынын нақты санамалап бере аласыз ба?  

– Қазір өнеркәсіптік МҚТ-дан толық бас тартуға кедергі келтіріп тұрған мәселелердің бірі өндіріс технологияларында емес, бақылау әдістерінде. Әлемдік қоғамдастықтың трансмайларды тұтынудан бас тарту қажеттілігі туралы жалпы түсінігінде біз бұл мәселенің шешімі сараптама және бақылау бойынша зертханалық қызметтің мүмкіндіктері тар болуына байланысты тежелетінін көріп отырмыз. Бірақ бұл уақытша жағдай. Заманауи технологиялар МҚТ үлесін 0,1 және тіпті 0,001 пайыз деңгейінде дәл анықтауға мүмкіндік береді. Мәселе мынада, бұл технологиялар бәрінде пайда болуы керегінде. Сондықтан мәселенің техникалық бөлігі шешілгеннен кейін барлық ел өнеркәсіптік трансмайларды тағамнан түбегейлі алып тастау саясатын енгізуге әзір болады.

– Сіздің ойыңызша, Үкімет зиянды трансмайларға қатысты тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үдерісін қалай ұйымдастыруы керек?

– Бақылау функциялары бүгінгі таңда техникалық регламенттерді (Ұлттық экономика министрлігі, Сауда және интеграция министрлігі), сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігі басқарылатын ведомстволардың құзыретіне жатады – яғни, Денсаулық сақтау министрлігі, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдары. Олардың қолында кез келген тамақ өнімдерін тексеруге қажетті барлық техникалық құрал бар, өйткені азық-түлік сапасы миллиондаған адамның денсаулығына байланысты стратегиялық мәселе. Үй маңындағы сауда желілері мен дүкендерінде сатылатын тауарлардың сапасын тексеру, сондай-ақ оларды өндіру кезеңінде өнімдерді бақылау қажет. Тұтынушы мемлекет оны зиян және қауіпті өнімнен қорғайтынына сенімді болуы керек, бұл барлық дамыған мемлекеттегі тәжірибе. Қайталап айтамын: өндірушінің мүддесі де маңызды екендігіне талас жоқ, бірақ бұл отандастарымыздың денсаулығынан артық емес.


Әңгімелескен,

Айнаш ЕСАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»