Қаржы • 10 Сәуір, 2024

Ұлттық қорда шығын көп пе?

135 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері Ұлттық қордан 1,4 трлн теңгеден аса қаржы жұмсалыпты. Оның ішінде 1 трлн теңгесі – ел бюджетіне кепілдендірілген трансферт. 411 миллиард­ теңге нысаналы трансферт болса, 1,6 млрд теңге қор­ды­ басқаруға, сондай-ақ жыл сайынғы сыртқы аудитті жүр­гі­зу­ге байланыс­ты шығыстарды жабуға жұмсалған шығынды құрайды.

Ұлттық қорда шығын көп пе?

Былтыр жыл соңында Ұлттық қордан республикалық бюджет­ке 2024-20026 жылдарға ар­нал­ған кепілдендірілген транс­ферт мө­л­шері белгіленді. Президент қол қойған заң биыл 1 қаңтардан бас­тап күшіне енді. Заңмен кепіл­ден­дірілген трансферт мөлшері жыл сайын 2 трлн теңгеден келеді. Бұдан бөлек, қордан жыл сайын­ нысаналы трансферттерге де қара­жат бөлініп тұрады. Биыл бұған бөлі­­нетін сома 1,6 трлн теңге деп бекі­­ті­лген. Мұндай көлемдегі қар­жы рес­публикалық маңыздағы инфра­­құрылымдық жобаларды қар­жы­­ландыруға бағытталуға тиіс.

Былтыр Ұлттық қордан 3,97 трлн теңге алынған болатын. Оның 2,2 трлн теңгесі – бюджетке ке­піл­­дік берілген трансферттер бол­­са, 1,8 трлн теңгесі – нысана­лы трансферт. Жыл басында қор­­да 29,1 трлн теңге жиналса, соң­­ғы 1 сәуірдегі есеп бойынша қор­­дағы қаржы 28,8 трлн теңге деп­ көрсетілген. Нәтижесінде, үш айда 280 млрд теңгеге азайған. Ал биыл Үкімет үш айдың ішінде кепіл­­ден­дірілген трансферттің жар­тысынан астамын жаратып үлгерді. Жоғарыда айтылғандай, 1,4 трлн теңге қор қазынасынан алынды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр сәуірдегі Үкі­меттің кеңейтілген отырысында Ұлттық қорға жармаса беруді до­ға­ру керегін, оның келешек ұр­пақ еншісі екенін айтқан болатын.

«Ұлттық қорға жармаса беру­ді­ доғару қажет. Мен бұл туралы­ осы­ған дейін де талай рет айттым. Ұлттық қор – болашақ ұр­пақтың қаржысы. Біз оның ресурсын қажет кезде, дағдарыс ке­зінде ғана пайдалануымыз керек. Мемлекеттік-жекеменшік әріп­т­естік институтын және жан басына қаржыландыруды, әсіресе әлеуметтік инфрақұрылымға инвестиция тартуды толық пайдалану керек», деді Президент.

Жыл басталғалы үш айда Ұлт­тық қорға 1,17 трлн теңгедей түсім түскен. Оның ішінде мұнай секторы ұйымдарынан алы­натын тікелей салық (жер­гі­лікті бюджеттердің есебіне жат­қы­зы­ла­тын салықты қоспағанда) 1,16 трлн теңгені құраған. Қалғаны – рес­пуб­ликалық меншікті жекеше­лен­діруден (137 млн теңге), ұлттық компаниялар мен холдингтерді бәсекелес ортаға беруден (47 млн теңге), ауыл шаруашылығы учаскелерін сатудан (10 млн теңге), өзге де түсімдер мен кірістерден (770 мың теңге) түскен қаражат болып отыр.

Айта кетейік, 2030 жылға дейін қорға 100 миллиард доллар жинау мақсаты белгіленген.