Театр • 09 Сәуір, 2024

Премьера қарсаңындағы қарбалас

47 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Дәл қазір «Астана операда» 11-12 сәуір күндері өтетін Г.Дони­цет­тидің «Қоңырау немесе Дәріха­на­шы­ның неке түні» операсының пре­мьерасына қызу дайындық жүріп жатыр. Шымылдықтың ар жа­ғында сөзбен айтып жеткізгісіз шы­ғар­машылық толқыныс пен ға­жайып атмосфера орнаған.

Премьера қарсаңындағы қарбалас

Айтулы өнер оқиғасы қарсаңын­да «Астана операға» арнайы барып, театр тынысымен танысып қайтқан едік. Қызу қарбалас ор­тасында жүрген Astana Opera Халықара­лық академиясының тың­дау­шылары, ­қою­шы дирижер, қою­шы ре­жиссер мен сурет­шілер аталған пре­мье­ра­ның дайындық жұмыстары мен ізде­ністері туралы айтып берді.

Алдымен бас сұққанымыз – тігін цехі болды. Мұнда костюм тігу ісінің шебер­лері қоюшы режиссер Николай Куликов­тың ойын жүзеге асыру үшін талмай ең­бек етіп жатыр. Өткір қайшының дамыл­сыз қайшылануы мен тігін машинасының ­мата үстіндегі үздіксіз жүрісінің нәтиже­сінде әртістердің үстіне әсем киімдер әп сәт­те қона қалды: – Костюмдер арқылы көне көше театрларының тыныс-тіршілігін бей­нелеуге болады. Ол кезде театрлық киім­дер қарама-қарсы түстер мен реңктерде жасалатын, ал әртістердің беттерінде аппақ грим болатын. Костюмдерді тігу кезінде жаккард, зерлі және костюм матасы көбірек қолданылды. Әзіл-сықақ үстеу үшін кейбір кейіпкерлердің бейнелері шамалы әсіреленген. Жалпы, костюм жасау тұжырымдамасы тарихи пішуді заманауи киім элементтерімен біріктіруді мақсат етеді, – деп жұмыс барысын костюмдер бойынша суретші Дариға Тайшықова ­баяндап берді.

ми

Ал қоюшы дирижер Руслан Баймур­зин оркестр әртістері мен академия тың­даушыларын маңайына ұйыстырып, Г.До­­ни­цеттидің музыкасын орындау ерек­ше­ліктері бойынша жұмыс істеп, дайын­дықтарды мұқият жүргізіп жатыр. Өнер иесін композитордың партитураға салған эмоционалдық мазмұнын жеткізуге тырысып, музыканттарға туынды табиғатын барын салып түсіндіріп жатқан жерінен жолықтырдық. Дирижер труппа ізденісі туралы кеңінен әңгімелеп берді.

– Бұл – Доницеттидің «Астана опера» афишасындағы осымен үшінші операсы. «Қоңырау немесе Дәріханашының неке түнін» біз Piccolo театры жобасы аясында Astana Opera Халықаралық опе­ра академиясының солистерімен бірге орындаймыз. Г.Доницеттидің басқа да шы­ғармаларымен қатар «Қоңырау» да опера театрларының сахнасында жиі қойылады. Музыкасы өте әсем, бірақ сонымен бірге орындаушылар үшін айтарлықтай күр­де­лі, өйткені композитордың стилистика­сы мінсіз вокалдық техника мен италия ті­лін жақсы білуді талап етеді. Себебі опера­­да речитативтер өте көп. Жалпы, Доницет­­ти – тамаша драматург қой, сондықтан ­айту­лы қойылымның оқиға желісі көрерме­­нін бірден еліктіріп әкетеді. Бұл премье­ра көпшілік қызығушылығын оятқан сәтті жұмыс болады деген ойдамын, – дейді Руслан Баймурзин.

Әртістер де дирижер сөзін қуаттап, спектакльдің үлкен ынтаны талап ететі­­нін баса айтты. Комедиялық опера бол­­ған­дықтан шығармашылық жұмыс бары­сы әлбетте қызықты өтіп жатыр. Дайын­ды­қта академистер көп әзілдесіп, суырып салу өнерлерін паш етті. Әлбетте, олар сахна­да жарқын, қызықты кейіпкерлерді сомдай алатындарына және алғаш рет елордада қарт дәріханашы мен жас жұбайының хикаясын айтатындарына қатты қуанышты.

– «Қоңырау» операсындағы дәріханашының партиясы – ең басты партия. Барлық іс-әрекет бас кейіпкердің айналасында өрбиді. Әрине, музыкалық орындау жағынан да, актерлік ойын тұрғысынан да бұл рөлдің өзіндік қиындықтары да бар. Комедиялық кейіпкер Дон Аннибале қиын жағдайда қалады. Жас қызға үйленгісі кел­генімен, қалыңдығының ғашығы бұ­ған көндіге алмай, шым-шытырық оқи­ға басталып кетеді. Партия опера-буффа дәстүрлеріне сай жазылғандықтан өте қызықты. Бірақ ең қиыны – кейіпкердің барлық комедиялық характерін көрер­мен­ге жоғары деңгейде шынайы жеткізу, – деп атап өтті Валерий Селиванов. Әртіс­тің сахнадағы жұбы, Серафинаның бейне­сін сомдауға дайындалып жатқан Фируза Рахметова да әріптесімен бір пікірде:

– Менің жаттап жатқан партиям кө­ңілді болуымен қатар, өзінің көп қыр­лы­лығымен күрделі және ол актерлік ойынды айтпағанда, эмоциялар мен міндеттер­дің үлкен шоғырын қамтиды. Онда дуэт, тер­цет және речитативтер бар. Мен комедия­лық операларды қатты жақсы көремін. Бұл рөл – менің опера-буффаны орындау­дағы дебютім. Сондықтан да айтулы партияға асқан қызығушылықпен, тебіреніспен және жауапкершілікпен қараймын. Спектакль­ге дайындық қарқынды жүріп жатыр, оған академияның барлық тыңдаушы­сы жұмылдырылған. Біз көне көше театры форматын өз пайымдауымыз­да та­ныстырғымыз келеді. Көңілді кеш өткі­зіп, Astana Opera Халықаралық опера академиясы тыңдаушыларының орындауы­нан ұмытылмас әсер алу үшін көрермен­дер «Қоңырау» операсына қуана келеді деп ойлаймын, – деп Фируза Рахметова сөзін қорытындылады.

«Қоңырау немесе Дәріханашының неке түні» атты қайталанбас комедия­лық операның премьерасы 11-12 сәуір күн­дері «Астана Опера» театрының К.Байсейі­това атындағы камералық залында көрер­менін күтеді.