Өнер • 11 Сәуір, 2024

Сегіз серінің әндері шырқалады

167 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Біртуар әнші, ақын әрі композитор Сегіз серінің «Гауһартас», «Назқоңыр», «Сәулем-ай» атты ғажайып әндері мен басқа да туындылары «Астана опера» сахнасында қайта жанданып, көрермендерді музыка халықтың жанына айналған дәуірге жетелейді.

Сегіз серінің әндері шырқалады

20 сәуір күні К.Байсейітова атындағы Камералық залда өте­тін вокалдық музыка кешінде «Астана операның» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңір­ген әртісі Жаннат Бақтай терең үндестігі мен сан алуа­н се­зімдерімен танымал осынау ғажайып әлемді қай­та жаңғыртады.

– Әр ағашқа тамыры қалай маңызды болса, әрбір адамға оның шық­қан жері мен тегі, Отаны мен тарихы, туған әндері солай ма­ңызды. Дәл осы халық әндері композиторларға опера мен балет жауһарларын жасау үшін шабыт көзі болған. Бала күнімнен құлағыма сіңіріп, естіп өскен қазақ халық әндері – шығар­машылығым­ның алтын діңгегі. Бұл – мені тарихыммен, еліммен, музыкалық отбасыммен және ата-бабаммен байланыстыратын арқау. Айтулы концертте мен түп-тамырымызға, оның ішінде кең байтақ Сарыарқа даласының пер­зенті, халқымыздың мақ­танышы, менің арғы атам, өз зама­нының айтулы азаматы, кадет корпусын бітірген офи­цер, өз елінің патриоты – ком­позитор Сегіз серінің шығар­ма­шылығына ден қойып, әндерінің қыр-сырына бойлайтын бола­мын. Ол жауынгер ретінде Ма­хамбет Өтемісұлының азаттық қозғалысына қатысқан, «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» және тағы басқа поэма­лардың алғашқы нұсқасының қолжазбасын жасаған. Ең бас­тысы, әйгілі «Гауhартас», «Ал­қоңыр», «Ақбақай» сынды айту­лы әндерді шығарды, бұл ән­дер­ді жалпылама түрде жай ғана халық әндері деп атау орынсыз. Керемет жүргізуші, тарих ғылым­дарының кандидаты, про­­фессор Жұмамұрат Шәмші концертте осы және басқа да жайт­тар туралы әңгімелей оты­рып, Сегіз серінің өмірінен әсерлі де қызықты хикаяларын баян етеді, – деп Жаннат Бақ­тай шығармашылық кешінің ерек­шелігі туралы айтып берді.

Концерт өз елінің мәдени кодын тануға және сақтауға ұмтыл­ған барлық жандар үшін мерекеге айналады деп баса айтты әнші. Сегіз серінің туындыларынан бөлек, бағдарламада халық әндері, сондай-ақ Қазақстанның заманауи композиторларының шығармалары да қоса шырқа­лады. Осылайша, музыкалық дәс­түрлер жалғастығы қайта жан­данып, ән өнерінің көк­жиегін кеңіте түспек.

– Менің концертім – проза, поэзия мен музыка бір-бірін бірқалыпты толықтырып, үй­­лесімді шырқалатын му­зы­­калық-әдеби кеш. Ұлттық өнер­ді, халық музыкасын насихаттау қай уақытта да келер ұрпақ үшін өзекті. Музыканы тыңдау ғана емес, сондай-ақ туындының жазылу тарихы, оның авторлары, қызықты деректер мен болған оқиғалар туралы айту маңызды. Өйткені өзінің дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын, тілін, ділін, тарихын білетін, яғни өзінің мәдениетін танитын адам – шын мәніндегі зиялы адам. Ал өзіне өзі сенімді, жүрегі жомарт, ниеті түзу әрі адам­гершілігі мол адамның түйсігі мен жан дүниесі бас­қа мәдениеттерді қа­был­­дауға және құр­­мет­теуге ашық. Бұл концерт­тегі мақ­сатым – тыңдар­ман­дарға рухани ләззат сыйлау ғана емес, сонымен қатар концертке ағартушылық сипат үстеу. Халық әндері мен Сегіз сері шы­ғармашылығы ара­сындағы заманауи үй­­­лесімділікті ай­шық­тап көрсету. Аталған кеште тың­дар­ман қауым тамаша композитор-мультиас­папшы Әділжан Толықпаевтың өне­ріне тәнті болып, «Астана операның» талант­ты солистері Нар­ұл Той­кенов пен Расул Жар­мағам­бетовтің ғажайып дауыстарын тыңдай алады. Концерт көрер­мендеріміздің көңілінен шығады деген сенімдемін, – деп әнші сөзін қорытындылады.

Концерт ұйымдасты­ру­шы­­ларының айтуынша, қа­зақ халқының мұрасына ай­налған музыканы жаңғырту – елордалық театрдың негізгі мақ­саттарының бірі. «Ұлы дала сазы» топтамасынан ұсынылып отырған «Гауhартас» вокалдық музыка кеші көрермендерге халық өнерінің әсемдігі мен ұлылығына бойлауға мүмкіндік береді. Бұл мәдени мұраны сақтаудың және оны келер ұр­паққа жеткізудің маңызды қадамы екендігі сөзсіз.