Мирас • 11 Сәуір, 2024

Қазақтың қоңыр үні

280 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз музыканы ғылыми түрде терең зерттеп «Музыка туралы үлкен кітап» атты ауқымды трактат жазып қалдырды. Жақсы музыка жанға әсер етіп, оны емдейді әрі жақсартады, ал жаман музыка адамды бұзады деп санаған.

Қазақтың қоңыр үні

Әлемнің екінші ұстазы атанған бабамыз музыка саласын аса үлкен ғылым ретінде қарастырды. Жалпы, қазақ хал­қының музыкаға көңіл бөлуі, оның адам жанын тәрбиелеу жолында аса маңызды екенін жете түсінгенін байқауға болады.

Музыка арабша «мусика» деп аталса, өткен ғасырдың отызыншы жылдары қазақ зиялылары музыканы әуез деп аударған. Ал мелодия әуен екені бел­гілі. Әуездің адамға әсерін қазақ халқы ежел­ден білген және соған байланыс­ты тұрмыс-салт дәстүрі, фольклоры қалып­тасқан. Сәби дүниеге келгеннен ана­сының әуендеткен әлдиін – бесік жырын тыңдап, үш-төрт жасынан шіңкілдек домбыраны ермек етіп, кейін жыр-дастан естіп, ержетуі дала халқына қалыпты жағдай болған. Тұрмыс-салт жырлары, бесік жыры, сыңсу, беташар, тойбас­тар, арыздасу (қоштасу) жоқ­тау хал­қымыздың «әуездік фольклорына» айналды.

Осы аталған дәстүрлердің бәрінің өзіне тән әуендері бар. Соның бар­лығы «қоңыр үнмен» есілген. Қоңыр дауыс­пен орындалған. Бұл тұрмыс-салт жырлары қазақ халқының «әуездік фоль­клоры» ретінде халықтың жадында қоңыр үнмен мәңгілікке қалып қойды. Тіпті қайғыны азалы күймен жет­кізіп, бақилық болғанда жоқтауын айтып, арулап шығарып салу дәстүрі де қоңырқай үнмен ғана қабыл­данған. Жоқтау айту, азалы күй тарту осы күнге дейін сақталған өңірлер бар.

«Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең.

Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,

Ойласаңшы бос қақпай елең-селең...», деп Абай хакім осы өлең жолдарын халықтың көне жырларын жете түсінген соң батыл айтқан. Енді «қоңыр» сөзінің ұғымдық қолданысы турасында ой өр­бітуге келсек, қазақта «қоңыр» деген сөз көп қолданылады. Бұл сөзді күн­делікті өмірде де еміс-еміс естіп жатамыз. Мысалға: қоңыр жел, қоңыр күз, қоңыр түс, қоңыржай, қоңыр үн, тіпті адамның жағымды дауысын «қоңырқай дауысы бар екен» деп те айтып жатады. Жалпы, «қоңыр» сөзі жұмсақтық пен жай­лы­лықты, салмақтылық пен байып­ты­лықты сипаттайтын ұғым десе де болады.

«Қоңыр» сөзі қандай да бір заттың түсін білдіретіні анық. Ал «қоңыр үн» дегенге терең үңілмесе де, көпшілік жал­пылама түсінеді. Негізі бұл ұғым ән-күй тартып жүрген өнерпаздарға таң­сық емес. Жете түсінбесе де, қандай мағынада айтылғанын біліп тұрады. «Қоңыр» ұғымының халық музыкасындағы қолданысы аса терең болған. Әсіресе күй тартқанда дыбыстың қоюлығына, жалпақтығына, жұмсақтығына, құлаққа жағымдылығына байланысты айтылған. Халқымыздың музыка аспаптары: домбыра, қобыз, саз сырнай, сыбызғы, же­тіген – бәрі қоңыр үнімен самал жел ескендей есілтіп саз төгеді. Көңілдің бір сәтін меңзеген әуенді «күй» деп ата­ған. Уақыт өте келе «күй» халықтың музы­калық жанрына айналды. Адамның көңіл күйін, тылсым әлемнің күйін, аң мен құстың, табиғаттың сиқырлы дыбыс­тарын, болмаса естіген аңыз-әңгімелер мен та­рихи оқиғаларды суреттеп, халық күй­шілері қоңыр үнмен күй тартып жеткізе білген.

Қазіргі таңда күй жанрын аспаптық музыкамыздағы шоқтығы биік жанр ретінде қарастырамыз. Сол күйдің үні­мен, күйші ішіндегі шерін, назын, қуанышын жеткізіп тыңдаушыны еміренткен, тіпті қара қобыздың үнімен адам емдеп, бойды тазартқаны жазы­лып та, айтылып та жүр. Сонымен қатар қобыз бен домбыра күйлерінде «Қо­ңыр» деген күйлер көп кездеседі. Атап айтсақ, Қорқыттың «Қоңыры» және басқа күйлер де қоңыр үнмен үнде­седі. Ал домбыра күйлерінде халық күй­лері: «Қоңыр», «Жайма қоңыр», «Май­да қоңыр», Сүгірдің «Наз қоңыры», Әбі­кен­нің «Қоңыры», Секен Тұрысбектің «Қо­ңыр жел» деген әндері бәрі – табиғатына қарай қоңыр үнмен есіліп тұрады. Құлақ­қа жа­ғымды, жалпақ үнді, салмақты және ба­йыппен, байсалдықпен орындала­ды.

Қазіргі таңда бізге мәлім үш мыңнан астам домбыра күйлері бар. Тіпті қобыз, сыбызғы күйлерін қосқанда бес мыңға жуық күйлер бар деп Ақселеу Сейдімбек өзінің «Күй тарихы» кітабында жазып кетті. Негізінде әр нәрсенің өзіндік дамуы және құлдырайтын кезеңі болады. Мы­салға домбыра аспабы бүгінгі күнге дейін өзіндік даму үрдісімен жетті. Алғашқыда тоғыз пернелі домбыра, он төрт пернелі домбыра, кейін ХХ ғасырдың басында домбыра аспабы 19 пернелі болып бекіді. Оны қалыптастырған академик Ахмет Жұбанов болды. Сол он тоғыз пернелі домбыраны пайдаланғалы бір ғасыр болып қалды. Сонымен қатар А.Жұбанов домбыраның құлақ күйін қалыптастырды, яғни астыңғы ішегі соль нотасы, үстіңгі ішегі ре болып құлақ күйін келтіріп, еліміздегі барлық ансамбль, оркестрлердің домбыра тобы осы бұрау­мен шығармалар орындайтын болды. Бүгінге дейін сол үрдіс жалғасын тауып келеді. Жалпы, домбыра, қобыз транспорттық аспап болып саналады, бұл дегеніміз нотаға жазылуынан бір октава төмен естіледі. Сол себепті де оркестр немесе ансамбльде домбыра, қобыз қоңыр үнімен ерекшеленіп тұрады.

Жоғарыда айтылғандай, даму мен құл­дыраудың болуы заңдылық демек­ші, қазіргі құлдырауымыз қоңыр үнді қабыл­дай алмауымыз болып тұр. Сезімталдық пен нәзіктіктің жоғалып бара жатқаны да – осы қоңыр үннен ажырап бара жат­қанымыздың әсері. Осы тұрғыда қазақ халқы қоңыр дыбыстың әсері адам баласына аса тиімді екенін жақсы түсінген. Енді соны бағалап, қай­та қалпына келтіруге әрекет жасауымыз керек. Егер тереңірек қан жүгіртіп қа­рас­тырсақ, төмен (жуан) дыбыстың тербелісі бәсең қозғалыста адамның құлағына жетеді. Дыбыс жоғарылаған сайын, яғни жіңішкерген сайын тербеліс жиілей түседі. Егер кез келген дыбыс бір октава жоғары орындалса, дыбыс тербелісі екі есе жиілейді. Сонда дыбыс жоғарылаған сайы­н, яғни жіңішкерген сайын дыбыс күші айқын және қатты естіледі. Ал төменгі ды­быстар, яғни жуан дыбыстар бәсеңдеу және жалпақтау естіледі де, құлаққа сал­мақ сал­май, еркін және байсалды қабыл­данады.

Данышпан халқымыз сол төмен дыбыс пен жоғарғы дыбыстың, яғни жі­ңішке мен жуан дыбыстың ортасын «қо­ңыр» дыбыс деп атаған. Аса төмен де емес, аса жоғары да емес, екеуінің алтын ортасын «қоңыр» деп атаған деуге болады. Міне, ұлтымыздың ұлылығы да осында. Сол қоңыр үнмен тәрбиеленген, таңға дейін тоқтаусыз жыр жырлап, том-том дастанды жатқа соғып, ән мен күйді жанының ләззаты үшін пайдаланған бірден-бір халық – қазақ.

Сол себепті қазіргі таңда ұрпағымызды жаһандану заманына жұтылдырмайық десек, қоңыр үнмен тәрбиелеу керек. Қоңыр үн – құлаққа жағымды үн, миға салмақ салмай, жүректі тыныштандырып, 62 тамырды идіріп, сезімнің селтегіне жеткізіп, түрлі ойға салып, ойдан ой тудырып, әртүрлі қиял әле­міне ендіріп, еріксіз емірентеді. Ми қабыр­шықтарын жұмсартып, барлық ақ­паратты қабылдауға жол ашады. Әр­дайым қатты және шулы дыбыс тыңдап үйренген адам қоңыр үнге еміренбейтін халге жетеді. Тіпті ешқандай әсер ала ал­май тыңдаудан жериді. Соның нәти­жесінде ашушаң мінез қалып­тасады. Оған да дағдылану керек. Баланы жасынан қоңыр үнмен тәрбиелесек, мейірім де, инабаттылық та, нәзіктік те сіңеді. Сол себепті ұрпағымызды домбыра мен қобыз үнін тыңдауға үйреткен абзал. Міне, қара қобыз бен домбыраның құдіреті де осында.

 

Нұрлан БЕКЕНОВ,

Мәдениет қайраткері

 

АСТАНА