(Екеуара әңгімемізден)
Маған біреу: “Осынау азды-көпті ғұмырыңдағы балаң кезіңнен немесе орта жолдан қосылған достарың мен көзтаныстарыңның ішінен Адамдығы мен Адалдығы басқа пенделік қасиеттерінен шүйдесі асып, өркештеніп тұрар біреуін аташы” – десе, мен іркілместен оның атын атар едім. Маған біреу: “Алланың алқалап бермегеніне әукесі түсе емінбейтін, өзінің қарақан басындағы жетістіктері мен кемістіктерінен әсте жерінбейтін, қолда барына әманда “шүкірін” айтып отыратын тәубешіл азаматың бар ма?” – десе, имандай шыным, тағы да оның есімін ең бірінші ауызға алар едім. Маған біреу: “Шолақ ғұмырында бүгін бар, ертең жоқ баянсыз, тыз етпе саясатқа еріп далақтамаған, қаламын әлдекімге жағып қалу үшін балақтамаған, өндіртіп, “жоспар” қуалап жазғандарға қарақтамаған, не жазса да шындықтың ақсүйек қамалынан қара үзіп кетпейтін қаламгерді аташы” – десе, тағы да оны атайтыным анық. Маған біреу : “Ел мен Жерінің жылт еткен жақсылығын естісе қақырай қуанатын, жамандығын естісе көкірегі қарс айырыла күйінетін, туған елі мен жерінің тулағы, садағасы болуға дайын еріңді тауып берші” – десе, тағы да оған сауын айтатыным шындық. Маған біреу: “Қазақ әдебиетіндегі қысқа новеллалары – повестке, шағын әңгімелері – романға бергісіз бірер жазушының атын атап, түсін түстеп бере қойшы” – десе, әй, кім білсін, тағы да оның босағасына барып тәу ететін шығармын. Ол деп отырғаным – қарымды қаламгер, танымал журналист, белгілі баспагер, халықаралық “Алаш” сыйлығының иегері Дидахмет Әшімханұлы. Бүгінгі күн биігінен өткен ғасырдың 70-жылдарында көркем әдебиетке келген қалың топтың сұлбасына, аяқ алыстарына қарап, оларды екі топқа жіліктеуге болатын секілді. Біріншілері – өмірді боямалап, мүлдем екінші қырынан көрсетуге тырысатын, яғни социалистік реализм деген жасанды әдістің емізігіне емінгендер тобы. Екіншілері: бір ғана әңгімесімен өзінің тума дарын екендігін дәлелдей келген, алайда атақ-даңқ, бақ пен тақ атты төрден орын берілмейтін, көркем әдебиеттің отын жағып, қоламтасын қағыстыратын, тоқ етерін айтсақ, әдебиеттің нағыз еңбекторылары. Өзімнің жерлесім әрі досым Дидахмет Әшімханұлының дәл осы екінші топтың бел ортасында маңдайы жарқырап, жарқылдап жүргенін көріп әсіре қуанатынмын. Мың сан рет шүкіршілік ететінмін. Неге десеңіз, сонау Төр Алтайда туып, ержеткен, бойына Алласы алқалаған арда қасиеті – жазушылық дарынын басқа көзге қамшылап өздігінен ержеткен, өздігінен танылған сары баланың бүгіні сүйсіндіретін, ертеңі үкілі үміттерге жетелейтін. Екеумізді таныстырған да, табыстырған да қара қос – интернат еді. Төр Алтайдың жерін жерлеп, суын сулап жатқан қаймана қалың қазақтың кіндік жұрты – Қатонқарағай десек, біздің бала кезімізде сол ауданда жалғыз ғана қазақша орта мектеп болды. Ол – ғасыр басында сол өңірдің соңғы болысы болған, көзі ашық, көкірегі ояу Әбдікерім Ережепұлы салдырған Шыңғыстай орта мектебі. Кезінде Сұлтанмахмұт Торайғыров ұстаздық еткен, Сәрсен Аманжолов, Садық Қасиманов сынды ғұламалар білім нәрімен сусындаған қара шаңырақтан білім мен тәрбие алғандар қатары мол. Әдебиетші-ғалым Баламер Сахариев те, бізден үш-төрт сынып жоғары оқыған Оралхан Бөкеев те сол мектептің түлектері. Әлібек Асқаров ініміз де бірер жыл осында оқыған. Интернат, оның мәңгі сыз тартып тұрар көкшулан қабырғалары, жылтырақсыз көк көжесі, мардымсыз наны әлі күнге барлық жетімсіздігімен есіме түссе, сағыныштың сары мұңы буады. Ол менен үш сынып төмен оқыды. Пысық сары баланы бірде аннан, бірде мұннан көріп қалатынбыз. Өзінен кейін өсіп келе жатқан шиеттей іні-қарындастары да интернатта тұрды. Соларға қамқорлық жасап, шыж-быж боп жүретіні көз алдымда қалыпты. Сонан кейін... Қысқы кеш. Интернаттың қаракөлеңке бөлмесі. Ортадағы үлкен орыс пешінде сытыр-сытыр жанған қызыл қарағай. Пештің есік-тесігінен жылт-жылт еткен от сәулесіне қарап отырып ақырын әңгіме шертетінбіз. Балалық арман, балалық қиялымыз да шектеулі-тін, Алтайды асып кетуге дәрменсіз еді. Ол кіп-кішкентай болса да әдеби, көркем тілде сөйлеуге әуес болатын. Прозалық шығармалардан кесек-кесек үзінділерді, жыр-дастандардың ұзақ бөлімдерін жатқа соғатын. Жазушы болам, онда да мықтысы болам дейтін. Күлетінбіз. Мазақ ететінбіз. Біз, балалар, мынадай қоңырсалқын бөлмеде жаурап отырған, ылғи бір ашөзектер тобырынан, әрі Алтайдың қайдағы бір қуысында туғандардан жазушы шығады дегенге әсте сенбейтінбіз. Жазушылар Алматыда туса керек еді. 1965 жылдың 8 наурызы. Бұл мереке нағыз Дидахметтің мерекесі болды. Дүйкеш (оны солай атайтынбыз) кісі танымай кетті. Жуылған шытырадай ақ көйлегін киіп ап шапқылағанда, қолды-аяққа тұрмайды. Мәре-сәре. Қолында аудандық “Еңбек туы” газеті. Бар абырой соның әнеу бір төртінші бетіндегі жетім бұрышында. Онда Дидахметтің “Шырқал ән” деген төрт шумақ өлеңі басылған. Өлеңнің соңына “Дидахмет Әшімханов, Шыңғыстай орта мектебінің 8-сынып оқушысы” деп жазылған. Дүйкешке қызғанышпен қараймыз. Кейбір балалар әдейі оның намысына шоқ тастап: – Мүмкін біреуге жазғызып алған шығарсың? – дейді. Анау шыж-быж. Міне, дәл осы бір тұтам өлең бүгінгі кемел жазушы Дидахметтің ең алғашқы шығармашылық қуанышы, тасқа басылған тұңғыш еңбегі еді. Одан бері де сананы сағыздай илеген сандаған жылдар, жылдарға бергісіз күркіреген күндер өтті: мектеп біттік, от бастық, су кештік, тұяғымыз кетілді. Сирек кездесе бастадық. Оның ҚазМУ-дың журфагында оқитынын еститінмін. 1976 жылы аяқ астынан жолығып қалдық. Домаланған көк автобус бізді кешқұрым аудан орталығы Катонға әкеле жатқан. Дүйкеш денсаулығына байланысты бір жыл демалыс алып, облыстық “Коммунизм туы” газетінде қызмет істеп жүргенін айтты. Ол кезең журналистердің құдай да емес, одан былай да емес кезі. Мен де осал емеспін, әдебиетіңді шемішкеше шағам, проза мен поэзияны жіліктеп талдағаның не, ішек қарнын ақтарам, көркем әдебиеттің хирургімін деп ауыздығымды қарш-қарш шайнап, жер тарпып жүрген шағым. Амандық-саулығымыз шолақ болды да, бірден қазіргі қазақ әдебиетіне ауыз салдық. Қазақстанда екеумізден асқан сын классигі жоқ сынды. Шарпысып қалдық. Дау басталды. Оның бісмілләсі өзіміздің жерлес ағамыздың соңғы шыққан бір жинағы төңірегін шиырлаудан бастау алды. Екеуміз де көктің шылбырын жібердік: мен мақтадым, ол даттады. Қызылшеке болдық. Қуықтай автобуста отырған жолаушылар алғашында екеуміздің дауымызды қызықтағандай боп еді, ақыры қолдарын бір-бір сермеді де қойды. Түн. Катонға кеп автобустан түсіп жатырмыз. “Сау болды” да теріс қарап тұрып айтыстық. Хош, 1983 жылдың жазы. Түпкірдегі Аршаты ауылы. Мен сондағы мектепте директормын. Түс ауа есік алдына екі аяқты мотоцикл кеп тоқтай қалсын. Үстеріне сулық киіп алған екі жігіт қағынып-сілкініп түсіп жатыр. Өй, мынау Дүйкеш қой! Мәре-сәреміз! Төр Алтайдағы тағылар мекені, мынау итарқасы қияндағы Аршатыға не жетеледі екен оны? – Әлаға, анау жылы әлгі жазушы ағамыз туралы менің айтқандарым тым ұшқарылық екен. Сенікі шындыққа келетін сияқты. Тек осыны ғана айтып, алдыңда арылайын деп келдім, – деп тұр ол. Қатты разы болдым. Мәселе кімнің айтқаны ақ, кімдікі қара екендігінде де емес. Жалпы, шындық дегеннің өзі шартты ұғым ғой. Оның осынау аз жылдар ішінде ұлағатты азамат, қажет кезінде шалқайып, керек кезінде еңкейе білетін жігіт ағасы боп қалғаны сүйсіндірді мені. Әйтпесе, айттым, бітті деп өзін өркеудемін деп жарнамалайтын көркеуделер арамызда қаптап жүр емес пе. Онан кейін... Осы біз – пенделер қызықпыз өзі. Жайбарақат, мамыржай, бейбіт күндерде: “Мен өзі шындықты жақсы көремін. Сырттан пыш-пыштамай, кемшілікті бетке айтқанды ұнатамын” – деп көлгірсиміз. Ал, егер кемістігімізді көзімізді бақырайтып қойып алдымызға қос жауырынымен салса бар ғой, жатып кеп мөңкиміз. “Немене, өзің қарқ боп тұрсың ба? Сен кім едің сонша?..” Жо-жоқ, біз қаны сорғалаған нағыз шындықтан өлердей қорқамыз. Оның үстіне ол шындық сенің бойыңдағы өзіңе белгілі пенделік кемшіліктеріңді жіпке тізіп жатса. Қолында өлеміз. Ал Дидахмет ондай емес. Қызық, ол да пенде. Пенде болғанда өзі жақсы білетін тақырып төңірегінде пікірталас басталса бас жарысып, кеңсірік бұзысуға дейін баруы мүмкін. Мүмкін емес, ол сөйтеді. Алайда, өзінің мінез-құлқындағы шәлкем-шалыс қасиеттерін иі қанған дәлелдермен алдына тартсаң, одан кеңқолтық адам жоқ. Жайылып жастық, иіліп төсек. Меніңше, өзің туралы шындықты мойындай білу үлкен ерлік. Сол бар Дүйкеште. Ал, оның шығармашылығы... Қызық, мен онымен әңгімелесе, сырласа жүріп, оны толғандыратын тоғыз ай, тоғыз күндік ойларына құлақ сала жүріп мынадай тоқетер пікірге тоқтағам: Дидахмет атам-асам десең де шындықтың шекарасынан аспайтын, өтірікке баспайтын жазушы; ол өзі білетін оқиғасын не санасын сағыздай илеген сюжетін оқырманға мезі етер құрғақ баяндаумен тарта салатындар тобынан емес, айтар ойын, шертер оқиғасын алдымен өзінің сана қазанында уылжыта пісіріп, қалыпқа салып иін қандырып, он өлшеп, бір турайтын қаламгер; Әшімханұлы кесек-кесек ойларды қарапайым да көркем тілмен кестелер философ – “тігінші”; Дидахмет – елінің бүгіні мен ертеңі жайлы ойларымен үнемі итжығыс түсіп жүретін, миына тыныштық таптырмайтын жанкешті журналист. “Бұл қалай?” дейтін шығарсыз. Көркем әдебиет деген киелі босағадан өткен ғасырдың 70-жылдары имене аттаған Дидахмет шу дегеннен-ақ “социалистік реализм” атты тасқапшық әдіске бой бұрмаған, тек өз жүрегінен жарып шыққан, бұлықсыған бұла ойларын оқырманға таза табақпен тартуға тырысып жүрген қаламгер. Бұл тек Дидахметке ғана тән қасиет десек, асылық болар, жалпы Төр Алтайдан шыққан, соның күнмаңдай мұзарттарынан шығармашылық бастау алғандар өн-бойы таза, сүйегі асыл, бір жібі “жібек” туындылар беріп жүргені өтірік емес. Мүмкін, бұл шыр етіп пәни есігін ашқан сәтте Алтай-анадан сыйға алған, кейін не бақыты, не сорына айналар қасиеті болар. Бәлкім, атамекенінен табан аудармай келе жатқан аруана аналар мен ақбаталы аталардың қанында бар тектілік түйіршігінің ұрпаққа ұласуы ма, әйтеуір шап-шағын әңгімесінің өзінен өрлік рухы аттандап, туған жерінің бал құрағының керімсал иісі танау жара аңқып тұрары ақиқат. Сенбейсіз, ә? Онда тыңдаңыз. Міне, сіз жазушының “Жер аңсаған Сарыатан” жинағын парақтап отырсыз делік. “Ауылда айдарынан жел ескен бала еді, қалаға келіп бір-ақ күнде қор болды ғой, сорлады ғой Сәнтай сормаңдай болып... Таңертеңнен бері табанынан таусылып жүріп таба алмаған үйін енді екі кештің арасында таба қояр деймісің. Қара түнде қай есікті қағып тұрады? Есігін қаққанмен ешкім бұны есіркей қоймасы белгілі. Түсіндіріп айтуға не тілі жоқ, не “тілін” түсінетін тірі пенде жоқ. Жаутаң қағып, кімге жолықса да еститіні – “че? че?... говори по-русски...”. Бұның “по-русскиі” – “там, там... дом нет...” Біреулер иығын қиқаң еткізіп жүре береді. Енді бірі маңайына бажайлап қарап алады да, бұл шіркіннің тілін сен түсінетін шығарсың дегендей “қаракөздердің” біріне жөн сілтей салады. Сәнтайдың одан да еститіні – че? че?... говори по-русскому...”. Әй, қор болды ғой, сорлады ғой Сәнтай сормаңдай болып...” Өз Отанында не жөн сұрауға, не көңілдегісін айтуға жарамсыз бейшара қазақ тілінің қаладағы жайы, адамгершілік, ізгілік дегендер әдірем қалып, безбүйректік, қатыгездік белең алған қоғамның қаны сорғалаған шындығын аспай-саспай, жас баланың ойлау деңгейімен жеріне жеткізе баяндап берер ақиқат туралы жырға құмартсаңыз, осы жинақтағы “Тасқала” атты әңгімені оқыңыз. Біздің бүгінгі күні “тілім қайда, рухым қайда, имандылығым қайда?” деп бетімізді тырнап, шашымызды жұлып іздеп жүрген жоғымыз туралы Дидахмет осыдан жиырма жыл бұрын қазан бұзар тентектіктен ада шағын әңгімесімен әдіптеп, есті бас, тыңдар құлақ болса құйып-ақ берген. Қандай болмасын шаруаны қолы мен ары таза адам істегенге не жетсін! Кейбіреулер адалдық, Ел мен Жерге деген парыз төңірегінде жер тепкілеп, ұран тастап, ал өмірде батпаққа белшесінен батып жүретіні өтірік емес. Ал, Дидахметтің болмысы оған мүлдем қосылмайды, ол өз жүрегінің соғысын қағазға түсіріп, оқырманға да таза көңілмен тартуға тырысады. Кеңестік дәуірдегі былық пен шылыққа толы “жоғарыдағылардың” іс-қимылын, жымсыма әрекетін, бет бейнесін табу қиын емес, ол үшін “Тон” әңгімесін оқыңыз. Ана болу бақыты, ұрпақ алдындағы борыш, имандылық иірімдері жөнінде жыр естігіңіз келсе “Медаль” әңгімесіне үңіліңіз. Туу бар жерде – өлім хақ. Бірақ қалай өлу, қай жерде өлу, міне, мәселе осында. Ал, қай жерде сүйегің қалу керектігіне қазақтан басқа жұрт аса көп бас ауырпайтын сыңайлы. Ит арқасы қияннан сүйегін туған жер топырағына сүйрейтін халықтың табиғатын түсіну өте қиын. Ұлтымыздың бұл әдетінде де өзіндік философия, өзіндік заңдылық бар шығар, кім білсін?! Міне, осы үлкен мәселені қаузаған шығармаға көңіліңіз кетсе, “Жер аңсаған Сарыатан” атты повестке ден қойыңыз. Бұл қара сөзбен жазылған, астары күміспен қақталған жыр. Бұл өзегіңді қорғасын құйғандай өртер алапат өкініш жыры, бұл туған жерге деген адами сағыныш жыры, бұл ат жалын тартып міне, қиырға көз тігіп, Алтайынан ұшып кеткен, бүгінгі күні аһ ұрып, сағыныштың сал қылатын тауқыметін тартып жүрген автордың – Дидахметтің кіндік қаны тамған жерге деген күркіреген сезімдерінің жарыққа шыққан көрінісі. “... Ұшы-қиырсыз сары дала. Сары даланың бір ұшында сары бел... Табанын тасқа тілдіріп, жанарын жасқа жудырып, маңдайын күн күңсітіп, таңдайын шөл қаңсытып, сар желіп келеді Сарыатан. Таусылмайды сары дала, жеткізбейді сары бел. Сары белдің ар жағы – бота күнгі мекені. Бота күнгі мекенін боздап іздеп келеді, жүректегі бар шерін қозғап іздеп келеді...” Жыр осылай аяқталады. Атамекенге оралар жолдың ауыры-ай десеңізші! Шынында, туған жер топырағында қалған тектілердің зиратының жоғы рас та шығар. Ол социалистік реализм әдісінің қылышынан қан сорғалап тұрған шақта, міне, осылай, “жауын-шашынның” арасымен өте шыққан. Кеңестік идеологияның “сен тұр, мен атайын” кезеңінде жат жұрт, жат мекеннен жансауға сұрап бошалап кеткен боздақтарымыздың қасірет-реквиемі деген тасқа осылай басылса керек еді. Осылай айтылса керек еді. Бұл деген шеберлік, бұл принципшілдік, бұл киелі өнерге деген Дидахметтің тазалығы. Қай жерде қызмет істемесін, оның абыройы асқақтап жүргені мен үшін қуаныш. Он екі жыл Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкей ағаларымен “Қазақ әдебиеті” газетінің отын көсеп, күлін шығарды. Қазақтың көркем әдебиетінде соңғы 30-40 жылда белгілі бір жаңа үрдіс қалыптасса, онда Дидахметтің де қолтаңбасы бар. Екі жүзден астам публицистикалық еңбектерінің өзі бір төбе. Ал әңгімелері... үлкен-үлкен сағыз-романдардың жүгін арқалап тұрғаны – қаны сорғалаған шындық. Сенбейсіз бе? Онда Дидахмет Әшімханұлының шығармашылығын қайтара парақтап шығыңыз. Әлібек ҚАҢТАРБАЕВ, журналист.Ауыл шаруашылығы саласында 142 миллиард теңге тиімсіз игерілген
Оқиға • Бүгін, 12:25
Ел мектептерінде медиация қызметтері пайда болады
Оқиға • Бүгін, 11:50
Сегіз жасар оқушы шахматтан Азия чемпионы атанды
Шахмат • Бүгін, 11:28
Ольга Рыпакова басшылық лауазымға тағайындалды
Спорт • Бүгін, 11:14
Қазақстанда педагогтер саны 8 мыңға артқан
Ұстаз • Бүгін, 11:03
Тоғыз қазақ боксшысы «алтын» үшін таласады
Бокс • Бүгін, 10:45