Таным • 15 Сәуір, 2024

Ең, ең, ең... Кішкентай кітапхана

322 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Британия елінің Уэстбери-саб-Мэндип деп аталатын шағын қаласында әлемдегі ең кішкентай кітапхана бар. Ол жылына 365 күн, күніне 24 сағат үздіксіз жұмыс істейді.

Ең, ең, ең... Кішкентай кітапхана

Қазір байланыс құралдарының жа­ңаруына байланысты телефон үй­шік­теріне сұраныс бұрынғыдай емес. Сол себепті «British Telecom» компаниясы оларды иемденем деушілерге ашық сау­да жариялаған. Уэстбери-саб-Мэндип қаласының тұрғындары үйшіктерді сатып алып, кітапханаға айналдырған. Яғни оған арнайы сөрелерді қойып, әркім әртүрлі тақырыптағы қызықты шығармаларын жайғастырған. Әрине, мұнда кітапханашы жоқ. Адамдар іздеген кітабын алып, оқып болғаннан кейін қайтадан орнына қояды. Қалашықтың тұрғындар саны шамамен 800 адам. Бірақ кітапхананың танымал болуына байланысты кей кездері ұзынсонар кезек болады екен.

 

Қымбат кітап

ми

Қымбат кітаптардың көшін бас­тап тұрған – «Лестер Кодексі». Ол Леонардо да Винчидің ғылыми еңбектерінің жинағы. Кітапты 1994 жылы өткен аукционда Билл Гейтс 30,8 млн долларға сатып ал­ған.

Жетпіс екі беттік кітапта әртүрлі есте­ліктер, суреттер, математикалық есептер жинақталған. Ал атауы алғаш тұтынушы Лестердің құрметіне қойылған. Кітапты оның ұрпақтарынан 1980 жылы сирек кездесетін заттардың коллекционері Армад Хаммер есімді азамат сатып алған. Тіпті аз уақытқа болса да шығарманың атауын «Хаммер Кодексі» деп те өзгерткен. Х.Армад дүниеден өткеннен кейін, 1994 жылы кітап аукционға қойылып, оны «Microsoft» компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтс сатып алған. Алайда ол кітапты үйінде сақтап қойған жоқ. Халықаралық көрмелер кезінде «Лестер Кодексі» әлі күнге дейін кітапсүйер қауымға таныстырылып келеді.

 

Қызық кітап

см

Мәдениет – оқылған кітаптың саны емес, өзің түсінген кітаптың саны. Том-том кітаптың түйіні бір ғана сөйлемде тұруы мүмкін. Сол сөйлемнен байқаусызда өтіп кетсеңіз, онда өкінішті. Ал біздің айтқымыз келіп тұрған кітап – ақшаңызға шығын болғанымен, уақытыңызға үнем.

Бұл – атақты голланд дәрігері Герман Бургавенің «Медицина өнерінің жалғыз һәм терең сыры» атты кітабы. 1738 жылы дәрігердің өзі қайтыс болғаннан кейін кітап аукцион кезінде 10 мың долларға сатылады. Сатып алушы әдемі безендірілген және құлыпталған 100 беттен тұратын кітапты ашқанда, барлық беті бос болып шыққан. Тек алғашқы бетінде ғана «Басыңды суықта қалдырсаң да, аяғыңды жылы ұстасаң, сен ең білікті дәрігерлерді де кедей етесің» деп жазылған бір ғана сөйлем болыпты.