Қоғам • 16 Сәуір, 2024

Академикті ардақтады

177 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ғасыр саңлағы, академик Қаныш Сәтбаев­тың туғанына 125 жыл толуына орай таутұлғаның туған жері – Баян­ауыл ауданында «Қазақтың Қанышы» атты рухани іс-шара өтті.

Академикті ардақтады

Қ.Сәтбаевтың  Баянауыл мемо­риалдық музейінде ұйымдас­ты­рылған салтанат­та жиналғандар ең әуелі ғалымның ескерт­кішіне гүл шоқ­тарын қойды. Баянауыл ауданы­ның әкімі Ардақ Кісентаев, Пав­лодар облысының құрметті аза­маты, еңбек ардагері Қорабай Шәкі­ров көп­шілікті құт­тықтап, лебіздерін білдірді.

Мәдени іс-шараның жалғасы музейдің мәжіліс залында жалғасын тапты.  Баян­ауылдық мәдениет саласының арда­гер­лері, кезінде Сәтбаев музейінің ашы­луына мұрындық болған азаматтар мен өлкетанушылар, жергілікті прокура­тура, сот басшылары сөз сөйлеп, акаде­мик­­тің  өлшеусіз еңбегі жөнінде ой тер­беді. Ғалымның жиен немересі, Ханиса Сәтбаеваның перзенті Әлима Қай­некей­қызы, Ғабдұлғазиз Сәтбаевтың шө­бересі, геолог маман Ғабдұлғани Сәтбаев, сон­дай-ақ Алматыдағы Ұлттық ғылым академиясы мен Қ.Сәтбаев университетіндегі мұражай өкілдері, Мәкен Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінің қызметкерлері бейнежазба құт­тықтауларын жолдады.

Таутұлғаның 125 жылдық мерейтойы аясында музейдің ұйымдастыруымен жас ақындар арасында «Сәтбаев және ұлт руха­нияты» атты облыстық көркемсөз оқу байқауы өткен еді. Жеңімпаз атанған Күннұр Солтанбай өзінің жырын оқып берді. Дәстүрлі әнші Самал Жақыпова «Екі жиренді», Жандос Адамов Жаяу Мұсаның «Баянауыл» әндерін орындады.

Кезінде ақын Қабдыкәрім Ыды­ры­сов Зейін Шашкиннің мерейтойына тарту ретінде қазіргі «Баянауыл вальсінің» сөзін жазғаны мәлім.  Онда: «Қанышы көпке әйгілі», деген жыр жолдары болыпты. Әсерлі ән кейін Қаныш Сәтбаевтың құлағына шалынады ғой. Қашан да өзін халықтан биік ұстап көрмеген нар тұлға бұл тармақты алып тастауын сұрайды. Осылайша ән қайырмасындағы «Қанышы көпке әйгілі» деген жол «Ұлдары көпке әйгілі» болып өзгертілген екен.  Кешті Мәдениет қайраткері Рымбек Баязи­тов ауданның гимніне айналған әйгілі «Баян­ауыл» вальсімен қорытындылады.

Айтып өтерлігі, сол күні Ресей Феде­рациясының Том қаласында атақ­ты жер­­ле­сіміздің құрметіне ұйым­дастырыл­ған жиынға өңір делегациясымен бірге музей басшысы Қайыргелді Абылғазин қаты­­сып келді. Сонымен қатар елордада өткен «Қаныш Сәт­баев – ұлт мақтанышы» атты ха­лық­аралық ғылыми-практика­лық кон­фе­ренцияға академиктің Баянауыл ­мемо­­риалдық музейі «Қазақтың Қаны­шы­на ­125 жыл» атты жылжымалы көр­ме­сін апарды.

 

Сансызбай Сапарғалиев,

Баянауылдағы академик Қ.Сәтбаевтың мемориалдық музейінің қызметкері

 

Павлодар облысы