Сатира • 18 Сәуір, 2024

Алаөкпе атақ

53 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Маған бүгінгі күн ғажап күн болып, бір хабарды естіп, «Әп бәрекелді, осы күн­ге жет­кіз­геніңе құлдық!» деп қуан­ға­нымды жасыра алмаймын...

Алаөкпе атақ

Бұған дейін мен еліміздегі ең дәрежелі «Атақ» болатынмын... Е, иә, еңбегі сіңген, маңдай тері тө­гілген азаматтарға бері­летін өкіметтің ең жоғары награда­ларының бірегейі едім. Бірегейі деп отырғаным, анадай ең мық­ты, мығымы болмасам да менің де өз дәрежем бар, көп­шілік, әсіресе әдебиеті бар, мәдениеті бар өнер саласының өрелі атақ-дәрежесімін.

Алғаш атым белгіленіп, жарық жұлдыздай жарқ етіп ел­дің маңдайалды азаматтарының омырауына қадалғанымдағы мақ­таныш сезімімді жасыра алмаймын. Ойхой, ол аза­матты кілең сен тұр мен атайын­дар құттықтап, омырау­да тұрған қалпымда аялы алақандарымен сипап «Құтты болсын» деген­деріндегі сәтті әлі ұмыта алмай­мын.

Басында жылына екі-үш ерен жүйрікке ғана бұйырып, мәртебем тасыған. Мен бұйырар жылдың мәртебелі мерекесін тағатсыздана күтетінмін.

Ойхой, көп өтпей маған деген ұмтылыс артып, жылына екі-үш мәрте марапатталатын дәрежеге жетіп, бір берілгенде оннан аса пенденің омырауына тағылатын болдым...

Не керек, міне, бас-аяғы бес-алты жылда мен кімге бұйыр­мадым десеңші... Кім көрінгенге барып абыройым азды, бедел-қасиет құлдырады...

Ойпыр-ай, өнерге он қайнаса да сорпасы қосылмайтын омырауына таққанда жүзім жы­ғылып, ел-жұртқа тіке қарау­дан қалып, жүнжіп біттім... Ал ана бір сахнаға кеше ғана шық­­қан тарсыл-тайраң боз­өк­пенің мені омырауына тақ­қандағы кірерге тесік қал­маған қалпымды көрсең... Мына бір аузынан бөзі түскен сайқы­мазақтың қорлағанын кімге айтып көр-жер боламын...

Ал ақшаның ашпас құлпы жоқ екенінің өз басым куәсі болдым. Сол бейбақ мені қаншаға сатып алғанын айтып, қырлы үремкеге матырып, сусынын сі­міріп барып суырып алып қай­та омырауына таққандағы қор­лықты дұшпаныңның басына бермесін...

Құдай көз жасымды көр­ген болуы керек, айым оңынан ту­ып, бүгін мені алмастырған, менен дә­режесі жоғары атақ бел­­гіленген қуанышты хабарды естіп өлгенім тірілгендей болды... Қуанғанымнан келесі­лерге бе­рілетін жерде жатқан жерімнен атып тұрып ең алғашқы болып әлгі сабазды «шын ниетіммен» құт­тықтап, омы­рауыма басып сәт­тілік тіледім...

 

Берік САДЫР