Тарих • 19 Сәуір, 2024

Ескерусіз қалған ерлер

226 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Келер жылы Екінші дүниежүзілік соғыстың жеңіспен аяқталға­нына 80 жыл толады. Осы мерейтойды өз деңгейінде атап өту үшін дайындық жұмыстары қазірден басталып, жоспарлы, жүйелі түрде жүргізілгені жөн. Мемлекет басшысы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда: «Жеңістің 80 жыл­дығына орай зерттеулер тың қарқынмен жалғасады деп сенемін. Сұрапыл соғыс кезіндегі аға буынның өшпес ерлігі мен ерен еңбегін ұрпақ жадында жаң­ғырту өте маңызды. Мемлекет бұл бағыттағы жұ­мысты жалғас­тыра береді», деп атап өтті.

Ескерусіз қалған ерлер

1941 жылдың маусымында басталып, үздіксіз 4 жылға, яғни 1418 күнге созылған сұрапыл соғысқа Кеңес одағы құрамындағы республикалардың азаматтарымен қатар жерлестеріміз де көп қатысты. Кейінгі деректер бойын­ша Қазақстаннан майданға аттанған 1 366 164 жауынгердің 602 928-і соғыстан қайтып оралмады.

Бұрынғы Кеңес одағының 27 мил­лионға жуық адамын жалмаған қанды қырғында елімізден аттанған 500-ге тар­та жауынгер 1934 жылы бекітілген ең жоғары награда Кеңес Одағының батыры атанған болатын, оның 100-ден астамы – қазақ. Соғыс аяқталғаннан кейінгі жылдары бұл атақты 1946 жы­­лы Құдайберген Сұрағанов, 1965 жылы генерал Сабыр Рахымов, ал 1990 жылы Бауыржан Момышұлы (қайтыс болғаннан кейін) алды. Кеңес Одағының батыры атағын Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Лу­ган­ский екі мәрте иеленді. Шығыстан шыққан қос жұлдыз – пулеметші Мән­шүк Мәметова мен мерген Әлия Молдағұлова да осы жоғары атаққа лайықты деп танылды.

Кейінгі кезеңде, еліміз егемендік алғалы бергі жылдары бірқатар мәсе­ле­­ге тың тұрғыда, тәуелсіз ел талап­тары­на сай қарау қажеттігі туындады. Айталық, Кеңес одағының батыры атағына ұсынылып, бірақ осы лайықты марапатқа ие болмаған ерлердің есім­дерін іздестіру мен халық жадында жаңғырту, сөйтіп тарихи әділеттілікті қалпына келтіру мақсатында құрылған «Ұмытылған батырлар» жобасының аясында жүргізілген жұ­мыстар нәтиже­сінде осындай 133 майдан­гердің есімі анықталды. Олар туралы деректер нақтылы тарихи, архивтік құжаттар арқылы дәлелденді.

Аталған 133 майдангердің сегізі аталған атаққа тіпті екі реттен ұсыныл­ған. Олардың екеуі капитандар Сағадат Нұрмағанбетов пен Сейітхан Темірбаев болса, әрқайсысы бір-бір рет Батыр ата­ғын алды, ал қал­ғандарына екі ретінде де беріл­меген. Олар – қатардағы жауынгер Құ­дайберген Жансеріков және аға сер­жант Мінайқұл Сағындықов, ат­қыш­тар ротасының командирі, лей­­те­нант Қабыш Көктаев, 248 фа­­шис­тің көзін жойған мерген, аға сер­жант Зей­тін Байжанов, сонымен қатар майор В.А.Гу­тов пен лейтенант В.И.Гутовский.

Шығыс Қазақстан облысы Зырян қаласының тұрғыны, майор Александр Несмиянов Кеңес Одағының батыры атағына үш рет ұсынылған. Үш ретінде де берілмеген.

Қазақстан Республикасының Прези­денті Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 6 ма­мыр­дағы Жарлығымен «1941–1945 жыл­дардағы Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі мен қаһармандығы үшін үш батырға – Александр Александрович Несмияновке, Төлеуғали Насырханұлы Әбдібековке және Ыбырайым Сүлейме­новке (қайтыс болғаннан кейін) ерекше атақ «Алтын Жұлдыз» және «Отан» ордендерін тапсыру арқылы ең жоғары дәреже «Халық қаһарманы» атағы беріл­гені белгілі. Ал 2023 жылы осы мәртебелі атаққа жүз жасаған ақсақалдар Әбдіғали Қаймолдин мен Иван Гапич те ие болды.

Мемлекет басшысы айтқандай, өт­кенді саралап, оған шынайы баға берудің маңызы зор. Сол үшін де мұрағат материалдарын мұқият зерттей беру қажет. Осы орайда «Қазақстанның қаһар­­ман майдангерлері» жобасы да ұлан-асыр іс атқарып жатыр. Енді осы, нақ­тылы дерек көздерінен алын­ған мәлі­меттер негізінде дер кезінде бағалан­баған батырларымыздың бірқатарының ерлік істеріне қысқа-нұсқа тоқтала кетсек.

Құдайберген Жансеріков – 1914 жылы Талғар ауданының Панфилов аулын­да туған. Армия қатарына Алматы қаласынан шақырылған Қ.Жан­серіков Суворов дивизиясының 86-жеке гвар­диялық саперлік батальонында жауын­герлік міндетін атқарды. 1941 жылдың 20 шілдесінде толтырылған марапаттау парағында: «Дивизия Висла өзенінен өткен кезде сапер Қ.Жансеріков екі дүркін снаряд жарықшағы тиіп зақым­данған қайықты қайта жөндеп, өзеннің арғы бетіне 13 рет жүзіп өтіп, паром арқылы қару-жарақпен тиелген 6 жүк көлігін, 76 миллиметрлік 8 зең­­біректі, 250 жаяу жауынгерді өткізді» деп жазылған. Осы ерлігі үшін Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылған. Бірақ Қызыл Ту орденімен ғана марапатталған. Мәр­те­белі атаққа ол 1945 жылдың 22 ақпа­нында екін­ші рет ұсынылған. Бұл жолы да Батыр атағының орнына екінші рет Қы­зыл Ту ордені берілген. Батыр 1947 жылы майдан­­нан аман-есен елге оралады. 1993 жылы қайтыс болып, сүйегі Панфилов аулынан Алматыға шыға берістегі зиратқа қойылған.

Мінайқұл Сағындықов – аға сержант. 1942 жылы Алматы облысының Алакөл ауданынан майданға шақырыл­ған М.Сағындықов Қызыл Ту орденді Б.Хмельницкий атындағы 136-атқыштар дивизия­сы 42-саперлік бөлімшесінің коман­дирі болып соғысқа араласады. Ол 1944 жылдың 1 тамызында толассыз жауған оққа қарамастан, қайықпен жау лагері орналасқан жағаға бірінші болып жүзіп өтеді. 2–7 тамыз күндері аралығында ол өткелдегі паромға қару-жарақ және артиллерия зеңбіректерін тиеп алып, жауған оқтың астында өзен­нен 42 дүркін өтеді. Осы ерлігі үшін 1944 жылы 8 тамызда Кеңес Ода­ғының батыры атағына ұсынылады. Бі­рақ Қызыл Ту орденімен марапатталады. М.Сағындықов 1945 жылдың 31 наурызында Кеңес Одағының батыры атағына тағы да ұсынылады. Мара­паттау парағында: «1945 жылы 27 наурызда Мертвая Висла өзенінен өту кезінде бөлімше командирі М.Сағын­дықов ерекше батылдық пен әскери зеректігін көрсетті. Ол бір сағат ішінде өзен­нен 7 дүркін әрі-бері өтіп, 40-қа жуық жауынгерді қарсы жағалауға жеткіз­ді. Бұл жауынгерлер жау плацдармын басып алып, полктің өзен арқылы өтуіне мүмкіндік жасады» деп жазылған. Бірақ бұл жолы да тек Қызыл Ту ордені бұйырыпты.

Қабыш Көктаев – гвардия лейтенанты. Армия қатарына Павлодар облы­сының Ертіс ауданынан әскерге шақыры­лып, Суворов дивизия­сы 1033-атқыштар полкі 5-атқыш­тар ротасының командирі міндетін атқарды. Ол 1944 жылы 9 тамызда Висла өзенінен өту кезінде ротасын бастап, жағаға бірінші болып же­тіп, қалған жауынгерлердің батыс жа­ғалаудағы плацдармға сәтті орна­ла­суын қамтамасыз етеді. Осы ерлігі үшін Кеңес Одағының батыры ата­ғына ұсынылады. Бірақ Ленин орденімен марапатталады. Лейтенант Қ.Көктаевтың марапаттау парағында: «Жолдас Көктаев басқарған рота 1945 жылдың 27 қаңтарынан 28 қаңтарына қараған түнде жаудың екі ату нүктесін және ротаға жуық жауынгерін жартылай жойды. 28 қаңтарда оның ротасы плацдармды жаудың ішкі жағына қарай 4 шақырымға, майдан бойымен 2 шақырымға кеңейтті. Басып алын­ған трофейлер: 3 жеңіл автокөлік, 5 жүк көлігі және 10 неміс жауынгері», деп жазылған. Осы ерлігі үшін екінші рет Кеңес Одағының батыры атағына ұсыныл­ған. Бірақ бұл жолы да Қызыл Ту орденін ғана алған. Қ.Көктаев 1945 жылдың 20 сәуірінде Польшаны азат ету кезінде қаза тапты.

Зейтін Байжанов – гвардия аға сер­жан­ты. Баянауылдық мерген З.Бай­жа­нов майдан жолын 1941 жылы 61-гвардиялық атқыштар дивизиясы, 187-гвардиялық атқыштар полкі мергендер бөлімшесінің командирі болып бастады. Алғашында 120 мм миномет батареясында қара­пайым жүргізуші болды. Кешікпей мерген мылтығын қолға алады. Тіпті тәлім­гер-мерген дәрежесіне көтеріледі. 1942 жылдың 25 қарашасынан бас­тап, үш айдың ішінде ол 50 мергенді даяр­лап шығарады. 1943 жылдың 25 мау­сымында З.Байжанов Кеңес Ода­ғының батыры атағына ұсынылды. Бірақ Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталды. Тәлімгер-мерген З.Байжанов 1943 жылдың сәуір айынан бастап аз ғана уақыт ішінде 72 мергенді даярлады. Оның жеке құжатында: «Жауынгер Байжанов дайын­даған мергендер тобы 632 неміс жауынгері мен офицерін жойса, жеке өзі жаудың 248 жауынгері мен офицерін жойды» деген жолдар бар. Осы ерлігі үшін екінші мәрте Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылады. Бірақ Ленин орденімен марапатталған.

Батыр Баукеңнің: «Шындық қашанда ке­леді, бірақ сәл кешігіп келеді», деген сөзі бар. Осы орайда жоға­рыда аты аталған, Ба­тыр ата­ғына екі рет ұсы­ны­­лып, ала алмаған ер­жүрек ата­­­лары­­мызға да Жеңіс ме­рекесі қар­саңын­­да «Ха­лық қаһар­маны» ата­ғын берсе, артық болмас еді.

Біз Кеңес одағының батыры атағына екі рет ұсынылған майдан­­гер­лерді ғана сөз еттік. Бір рет ұсыныл­ғандардың қарасы тіпті мол. Айта­лық, мерген, гвардия сержанты Әбді­халық Қабдулов 1942–1944 жылдары 215 фашистің көзін жойған. Сонымен қатар жаудың 400-ге жуық солдаты мен офицерін ажал құш­тырған мергендер тобын даярлаған. 1944 жылы 21 шілдеде ерлікпен қаза тапқан.

89-атқыштар дивизиясы 526-атқыш­тар полкінің бөлімше командирі, аға сержант Құрманғали Жақсымбаев майданға 1944 жылы Қарағанды әске­ри комиссариатынан шақырылған. Севас­тополь маңында болған шайқаста өзін нағыз батыр ретінде көрсеткен. Автоматшылар бөлімшесімен жаудың траншеясына басып кіріп, жаудың 22 жауынгері мен офицерінің көзін жойған.

Аты аңызға айналған ұшқыш, гвардия капитаны Байтұрсын Есіргепов 1941 жылдың шілдесінен 1945 жылдың мамырына дейін соғысқа қатыса отырып, 174 сәтті жауынгерлік ұшу жасаған.

Танкішілер де ерекше көзге түс­кен. Гвардия аға лейтенанты Жұ­маш Рахме­товтің жауынгерлік есебін­де жойылған 4 неміс танкі, түрлі ка­либр­дегі 15 қа­ру, 36 дзот, 6 миномет, 19 пуле­мет, 300 неміс солдаты мен офи­­цері бар. 1942 жылы 24 желтоқсанда Вереиста кенті үшін болған шайқаста гвардия аға лейтенанты Ж.Рахметов маневр жасап, күтпеген жерден шабуыл ұйымдастырып, жаудың 2 танкісін, 7 пулеметтік бекіністі және 60-қа жуық фашисті атып түсіреді. Осы шайқаста ауыр жараланып, қаза болады.

Кутузов бригадасының 9-механи­каландырылған Қызыл Ту орденді Вар­­шава полкінің танк командирі, кіші сержант, атыраулық азамат Сада Дүй­сен­беков – бірінші болып Берлиндегі Бисмарк-штрассеге басып кірген жауын­­герлердің бірі. Оның марапаттау парағында: «1945 жылы 17 сәуірде Буц­­лов ауданында өткен түнгі шабуыл кезінде Дүйсенбековтің танкісі бірінші болып жаудың қорғанысын бұзып өтіп, 1 зениттік батареяны, 2 танкіге қарсы қаруды, 35 автокөлік пен 30 неміс солдаты мен офицерін жойды» деп жазылған. Содан кейін, 1945 жылы 1 мамыр күні 3 неміс танкісін жойып, баррикаданы еңсе­ріп, сонымен қатар 50 фашисті жер жас­тандырған. Берлиннің орталығында өткен шайқаста 115 немісті тұтқынға түсірген.

Аты аталған азаматтардың барлығы Батыр атағына ұсынылып, бірақ ала ал­маған, түрлі орденмен ғана марапат­талған. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Ай­та кету керек, бұл – бағаланба­ған батыр­­лардың бір бөлігі, марапаттау парақ­ша­сы тізімінен табылған майдангерлер ғана.

Өкінішке қарай, осы қаһармандар­дың есімі, ерлік істері негізінен жақын туыстарынан басқа адамдарға жақсы таныс емес. Басқа, Батыр атағына ие болған отандастарымыз сияқты, мектептер, көшелер мен ауылдарға есімдері берілмеген. Отқа оранған өмір жолдары туралы жеткілікті дәрежеде айтылма­ған, жазылмаған, дәріптелмеген. Бүгінгі бейбіт күн үшін жанын қиған сол арыста­рымыздың есімдерін қайта жаң­ғыр­­тып, ерліктерін ұлықтау – бар­­ша­­мыздың абыройлы борышымыз. Олар­дың барлығы – ел жадында мәңгі сақ­талуға лайық нағыз қаһармандар.

Жеңіс мерекесі қарсаңында өз тара­пы­мыздан бірнеше ұсыныс білдірсек дейміз: аталған батырлардың есімдерін мәңгі есте қалдыру жөніндегі кешенді іс-ша­ралар жоспары жасалса, олар тура­­лы де­ректі кітаптар шығарылса, фильм­­дер тү­сірілсе, арыстардың туған жерле­рін­де, ауылдарында мемориалдық ескерт­кіш­­тер, тақталар орнатылса, тағы­сын тағылар.

Жоғарыда аталған іс-шаралардың барлығы еліміздің болашағы – өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге де ерекше септігін тигізеді. Ерлік ешқа­шан ұмытылмақ емес, ұран болып жал­ғаса береді. Сөзімізді Мемлекет бас­шы­сының жүрекжарды лебізімен бастап едік, тағы бір түйінді сөзімен аяқта­ғы­мыз келеді: «Екінші дүниежүзілік со­ғыс­тағы батырлардың ерлігі – бүгінгі және бо­лашақ Отан қорғаушылар үшін шынайы үлгі-өнеге».