Мүмкін, қарауыта еніп, құшағына құлайтын тұңғиық түнде әлдебір қиял кезген сәтіңіздің тым әсершіл әуені қалып қойды ма екен. Бәлкім оны өзіңіз де сезбейсіз. Бәлкім ұйқыға шомған жұлдызды түн тылсымға бойлатып, өз құдіретін танытқысы келе ме? Сіз оған имандай сенесіз. Себебі шынайы сезім бүркеу астында, қызықтың дені қалтарыста, перде тасасында оянады. Түнегі мол түннен кейін алаулап атар таңның барын, қызырап шыққан күннің шұғыласын санаңызға қондыра аласыз ба? Біз бүгін мысалға алған қылқалам иесі Ян Вермеер музыка сабағында осыған жауап іздейді.
Көкжиектен етегі домалана шоғырланған қазбауыр бұлттар қарасы сұлбаланады. Оған автордың көңілі бөлінген де жоқ. Қайта сол беймаза бұлттардың арасынан баладай сығалаған күннің шапағына шомылған кеңістіктен керемет іздейді. Оны табады да. Қараңызшы, кенептегі барлық әрекет мозаикалық витраждар арқылы күңгірттенген үлкен бөлмеде өтеді. Адам жанының тыныштығы, жадының күйзелуі, өнерге құштарлық, жаңарының талмаурауы, жақындап кетсең үркетін, жарықта жүрсең сағынатын мезеттің ырғағы композиясының ішкі әлемінен көрініс табады.
«Музыка сабағы» туындысы 1662-1665 жылдар аралығында жазылған. Оны жазу барысында автор майды көбірек пайдаланады. 1696 жылдан бастап картина Ұлыбританияның Корольдік коллекциясының бөлігіне енеді. Ең қызығы, қолтаңбаны шешу кезінде жіберілген қателіктің кесірінен авторлық құқық үлкен Франц ван Миериске берілген. Осылайша, екі ғасырдай уақыт шеңберінде Вермеердің еңбегі өзгенің еншісіне байланып келеді. Өнертанушылардың жіті зерттеуінің нәтижесінде 1866 жылы картинаның нағыз авторы табылды. Ол – голландық даңқты суреткер Ян Вермеер еді.
Композицияға көз салсаңыз, бөтен ештеңе жоқ секілді. Оқырманның көзі бірден пианино мен арқасын көрерменге берген қызға түседі. Оның қасына кез келген сәтте оқушының көңілін көтеруге, пайдалы кеңес беруге дайын қарт ұстаз тігінен тік тұр. Аспаптың жоғары жағында оқушы қыздың әсем дидарын әшкерелеп тұрған айна орналасқан. Фортепианоның оң жағында, мұғалімнің артында үлкен картина көрінеді. Онда бейнеленген сюжет көрерменге белгісіз. Қыздың аяқ жағынан ішекті музыкалық аспапты аңдайсыз, яки не контрабасты немесе домраны көре аласыз.
Суреттің бірінші планын ауыр дастарқанмен жабылған үлкен үстел алып жатыр, оның ұштары еденге түседі. Үстелдің үстінде тұрған жалғыз зат – ақ құман. Сол деталь картинаға ерекше жарық беріп тұрғандай. Тіпті қабырғаның не едендегі ақ төсеме тастардың түсіне қарағанда құман ашық һәм сәулелі реңк береді. Суреткердің мұндай қадамға бару себебі тазалыққа бағытталса керек. Мүмкін бөлмеден оңашалық, оқшаулық іздеу. Мөлдірліктің түсін, тазалықтың әлпетін алабажақ бояумен, көпіртпе түстермен әлемештеп бермесе керек-ті.
Суретші кейіпкерлерінің киіміне ерекше мән бергені анық байқалады. Мұғалім ақ манжеттері бар қатаң қара костюм киген. Денесін байлап тұрған белдемше мен сүйенетін таяғына қарағанда ол жоғарғы тапқа жатады. Сірә, кенептегі қыз жиені немесе қызы болуы да ғажап емес. Қыз бала сол кездегі әдет-ғұрып бойынша бірнеше белдемшеден тұратын ұзын көйлек киген. Үстіңгі юбкасы қара, төменгісі қызыл. Көйлектің жоғарғы жағы ақ түсті. Ол төменгі сыныптың оқушысы емес, есейген һәм ұстазын ыждағаттылықпен тыңдап тұр. Сол дәуірде музыкаға баулу тек ақсүйектерге тән іс еді. Сондықтан екі кейіпкердің бойынан тектілік сарынын байқайсыз.
Терезелердің, ақ қабырғалардың және құмыра мен айнаның көмегімен жасалған кейбір жарық ойындарының болуына қарамастан, жалпы сурет өте бұлыңғыр. Оқырманды қызыққа батыру үшін көлденең көз, бөгде тықыр баттастырмаған. Біздіңше, бұл еңбек тапсырыспен жазылған секілді. Бүгінде құны бірнеше миллиардты құрайды. Кез келген суреткер үлкен бір дүниені өмірге алып келерде көп ойланып, үміт пен күдіктің тегеурінді арпалысына түсіп, арып-ашады. Талай жылдан кейін қылқалам шеберінің өзіне оралған шығарма оның өнерге деген жанкештілігінің айғағы болар. Біздіңше, солай...