Оқиға • 19 Сәуір, 2024

Оқжетпестің асқарына өрлеген

176 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Өлең-жырларында, зерттеулерінде өлке тарихын да қоса өріп, өн­дірте еңбек етіп келе жатқан қаламгер Тортай Сәдуақаспен таныс болуым, ол 1979–1995 жылдары Алматыда «Жазушы» баспасында редактор кезінен басталды. Ол кезде «Жазушы» бас­пасы республикадағы ең іргелі баспа болатын. Әдебиетіміздің ең құнды дүниелері осы мәдениет ошағынан көп тиражбен халыққа кең тарап жататын.

Оқжетпестің асқарына өрлеген

Біз, Ғылым академиясы Әдебиет институтының зерттеу­ші-ғалымдары, халық әдебиетін, кереғар заманның кесіріне ұшыраған талантты ақын-жазушыларымыздың қымбат мұраларын там-тұмдап осы жерден де жарыққа шығарып жүрдік. Мәдениетімізге қатысты бетбұрысты кезең бел алып келе жатты. Ел мұрасын тезірек дайындап, баспаға береміз. Белгілі ақын Сәкен Иманасов басқарған Фольклор редакциясының белді қызметкері Тортай сол дүниелердің бәрін дерлік өз қолынан өткізіп, қолжазбаны сапалы даярлап, жедел өндіріске жіберуге көп септігін тигізіп жүрді. Қалың қолжазбаларды кейде көз майын тауысып, жедел түрде қарап шығып, кем-кетігі болса көрсетіп, келеңсіз жері болса айтып, құрастырушылармен тығыз жұмыс істеп, ақылдасып отыратын. Оның мұндай ыждағаттылығын Бүр­кіт Ысқақов, Мардан Байділдаев, Көбей Сейде­ханов секілді  ауыз әдебиетінің майтал­ман жанашырларымен бірге, Мырзабек Дүйсенов, Рахманқұл Бердібаев, Мүсілім Базарбаев секілді жетекші ғалым басшыларымыз да құптап, ризашылық білдіретін.

Осындай түсіністікпен бірлесе жұмыс істеудің арқасында «Бес ғасыр жырлайды», «Жоқтау», «Ақ сандық, көк сандық», «Махамбет», «Сүйінбай», «Жамбыл Жабаев», «Нұрлыбек Баймұратов», «Шашубай», басқа халық ақындарының  жинақтары, «Батыр­лар жыры», «Ертегілер», «Айтыстар», «Ше­шендік сөздер», «Ел аузынан» көптомдық­тары халыққа кең тарап жатты. Тор­тай екеу­міз қосарлы құрастырушы болып, еліміз­де алғаш рет «Ақ бата» кітабын құрас­тырып шығардық (таралымы – 40 мың), мұның өзі рухани саладағы елеулі құбылыс болып, сөйтіп кейінгілерге де кең жол ашылды.

Менің қаламгердің баспагерлік қырына тоқталып жатқан себебім, Тортай осы еңбек­қор­лығын, ізденімпаздығын, халық мұрасына деген жанашырлығын заман жаң­ғырып жатқан тұста да үзбей жалғас­тырып, одан әрі дамытып әкетті. Яғни ол халық ақындарының шығармаларында, тарихи жырларда есімдері аталып қалатын, бертінгі дәуірде жасаған би-бағландардың, шешендер мен батырлардың нақты деректерін мұрағат қойнауларынан талмай іздеп тауып, көптеген ел ардақтысын тірілтіп, атын жаңғыртып, қолтаңбалары мен мөртаң­баларын айғақтап, қыруар іс тындырды. Сол бір қысылтаң кезеңде, тәуелсіздіктің елең-алаңында біреулер еріксіз бақшаның, біреулер ақшаның соңына түскен кезде, Тортай тарихтың қойнауына сүңгіп, маржан сүз­ген екен. Бұл бір жағынан тарихи заңды құ­бы­лыс та еді. Солтүстік өңірлерде туған ел­­дің төл тарихы әлі де болсын сеңі сірескен қал­­пын­да болатын. Тортай Сәдуақас соған тәуе­­кел етіп, бейнеті көп, зейнеті кем шаруаға бел ше­­ше кірісіп кеткен еді. Иә, мұның өзі бір адам­­ның емес, зерттеушілер тобының ғана қо­­лынан келетін ғажайып еңбектер болып шықты.

Соның нәтижесінде деректанушы, шежі­ретанушы Тортай Сәдуақастың зор ынта-жігерімен «Назарбай би және туған өлке тарихы» (2000), «Ел мен жер» (2003), «Абылай хан мен Аталық» (2005), «Астана аймағы» (2008), «Шортанкөл ойға шомғанда» (2011), «Екі томдық шығармалар жинағы» (2014), «Хан ордасынан Ханшатырға дейін» (2023)  атты тарихи-танымдық, шежірелік мәні зор өлең, зерттеу кiтаптары, тарихи-мұрағаттық еңбектер жарық көрді. Бұл құнды дүниелер халыққа кең тарап, ел ішінде жаңғырту ту­ғы­зып, сол кітаптардың ізімен, жер-жер­де сол дерек-дәйектерді арқау тұтқан әлденеше танымдық жинақ та басылып шықты. Ердің аты, елдің жады жаңғырды. Әдепті, инабатты, мәдениетті, биязы қалам қайраткері, бауырымыз «Топжарған Тортай» атанды. Зерттеушінің қажырлы ізденісінің арқасында Бөгенбай батыр (нарт Бөгенбай, нарт – бас қолбасшы деген мағынада), Төле би, Айтымбет аталық, Қарасай, Қайып батыр, Жолбарыс би, Қазыбек бидің ұрпақтары, аға сұлтан Тоқтамыс, Байтоқа, Кенесары, Ағыбай, екі бірдей Шоң аталарымыз (бірін­шісі Баянауылдағы аға сұлтан Шоң Едігеұлы, екіншісі Жаңаарқадағы қайраткер болыс Шоң Телғозин), Жанғал батыр, Назарбай би, Тезекбай би, Жолымбет би, Науан хазірет,  басқа тұлғалар туралы тың деректерді та­уып, тарихи айналымға қосты. Тоқтамыс би әу­летінен республикамыздың тұңғыш қазақ басшысы Жұмабай Шаяхметов, Семей­дегі алғашқы қазақ атты әскерінің коман­дирі Хамид Тоқтамышев шыққанын алғаш­қылардың бірі болып анықтай білді. 

Сөз зергері өзінің көркем шығарма­ларында да осынау елдік мұраттарды о басынан жоғары ұстағандығы анық байқалады. Оның алғашқы жинақтарындағы мына бір шумақтар да соның айқын куәсі:

«Уызын емген анамның,

Сырларын түйген даламның,

Асылын терген бабамның,

Туған ел, сүйген балаңмын,

Алдағы күнге алаңмын.

 

Бағамды бергін, қауым, шын,

Айтыңдар ақыл, тәуір сын,

Өздерің асқар тауымсың,

Жолымда бар мың ауыр сын,

Қолымда балғын қауырсын!» –

деген еді, болашағынан үлкен үміт күттірген жас жайнақ сол кезде.

Оның қанатқақты жинақтарының өзі «Жұмбақтас», «Биші қайыңдар», «Айнакөл айшықтары» деп аталады екен.

Автордың осы қатардағы «Көктем. Нөсер. Жастық», «Айнакөл неге мұңайды?», «Сен мені ойладың ба?», «Қылшақты – ханның бекеті», «Бозторғай ақын», «Абай аманаты», «Өтелген парыз», «Шортанкөлдің жағасына кел, жаным!», «Махаббат деген немене?», «Бір тамшы жас» және басқа туындылары – жыр жауһарына қосылған шынайы да шырайлы шығармалар. Мұның бәрі – ақынның туған елге деген үлкен құрметінен, туған жер­­ге, адамға деген зор махаббатынан ту­ған отан­шылдық рухы асқақ бағалы лебіздер.

Ақынның оқыған адамның ой-санасын жаңғырта түсетін эпикалық сүйекті шығар­ма­ларына да көбірек тоқталуға болар еді. Бұл тұрғыда да Тортай Сәдуақас – жер жан­на­ты­ның жыршысы, ел бірлігінің жаршысы екенін дәл танытады. Оның «Абылай хан алаңында», «Алаштың ай мүйізді ақ сер­кесі», «Қараторғай», «Әкемнің екі әңгімесі», «Балуан Шолақ», «Кенесары мен Жанғал батыр», «Абылай хан мен Аталық» атты поэма-дастандары – соның айқын куәсі. Автор­дың «Алаштың ай мүйізді ақ серкесі», «Абы­лай хан мен Аталық» дастандары – атап айтуға тұрарлық кесек дүниелер. Мұның алғаш­қысы арманда кеткен Алаш арысы, жыр жампозы Мағжан туралы. Автор бүкіл өмірі қасіретпен өткен ұлы ақынның айта алмай кеткен арман-шерін ақтарады, оның монологтерінде бүкіл Түркі дүниесінің тұнығынан, адамзаттың асыл қасиеттерінен нәр алған данагөй, ержүрек ақынның жан дүниесі жан-жақты ашылып сала береді, ол туған халқына, келер ұрпағына өсиет сөзін арнайды. Мұнда ұлы ақынның арман-аңсарымен рухани үндесу де, оның «сылдыр-сылдыр» деп келетін «Шолпы» өлеңімен автордың «Кісен» атты шығармасының шендесуі де айқын сезіледі:

«Шылдыр-шылдыр, шылдыр...

Тілімді кессе де шын бұл:

Ойымда – қазақ пен Алаш,

Мойнында – тұзақ пен шылбыр!?.

Шылдыр-шылдыр, шылдыр»...

Алаштың ай мүйізді ақ серкесі – Мағжан туралы поэма мынадай бір шешендік термелеу үрдісімен басталады:

« – Атың кім? – Мағжан Жұмабай!

– Затың кім? – Ақын.., ұлы Абай!..

– Жұратың? – Түрік, қазақпын,

– Мұратың? – Теңдік, азат күн!»...

Бұл – ұлы ақынның Алашорда үкіметі тұсындағы мақсат-мұраты.  Бұдан әрі оның абақтыдағы азапты ғұмыры өтеді:

«– Атың кім? – Мағжан... сотталған...

– Затың кім? – Тұтқын.., жоқ-бардан...

– Арысың қайда? – Атылған...

– Намысың қайда? – Сатылған...

– «От демің» қайда? – Жылауда...

– Көкбөрің қайда? – Бұғауда...

Бұғауда жыр да, ән-күй де,

«Әлдиле, өлім, әлдиле!»...

Тарлан ақын тар қапаста тарығып жатса да, Алаш жұрты кемел ел болады деген келешектен күдер үзбейді.

Иә, ақын, зерттеуші Тортай Сәдуақас та кемел шағына жетіп, кесек туындыларын туған халқының игілігіне жаратып отыр. Сонау Түркі дәуірінен, Алтын орда мен Жошы заманынан бері жалғасып, халқымыздың соңғы хандығының да жасампаздық туы желбіреген Абылайхан ордасының барша қадір-қасиетін шығармаларының алтын туына айналдырып, оның тарихи мәні мен тағылымын басты мақсат-мұрат етіп, сол тақырыпты үзбей жырлап келе жатқан ақынның еңбегіне оқырман қауымы да тәнті. Отантанушының, өлкетанушының солтүстік аймақтың ұмытылған тарихын сомдаған, осыдан жиырма жылдай бұрын жарық көрген «Ел мен жер» кітабын әлі күнге дейін іздеп жүргендер де бар екен.

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Атырауда өткен Құрылтайда қоғамның келелі мәсе­лелерін көтерген Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі күннің өзекті проблемаларын айта келіп, тарихи жадымызды жаңғырту  жолдарына да тоқталып: «Әйгілі Қасым хан – Сарайшықта, Абылай хан  Бурабайда ордасын тіккені белгілі. Есілдің бойында – Кенесары хан мемлекеттігімізді сақтап қалу үшін талай жорыққа шыққан. Бұл аймақ төл шежіремізде айрықша орын алады. Сондықтан Ұлттық құрылтайдың төр­тін­ші отырысын келесі жылы Көкшетауда өткі­зуді ұсынамын», деген еді. Осындай маңыз­­ды мәселелермен де салғастырып өтсек, ақын, зерттеуші Т.Сәдуақастың жоға­ры­да біз атап өткен рухты шығармалары – сөз етіп отырған сындарлы сұрақтарға да қыз­­мет ететін, осы жайттармен айналысатын қо­ғам, өлкетану, әкімдік қызметкерлеріне де нақ­ты дәйек, деректер беретін елеулі еңбек­тер деуге болады.

Ақынның мынадай да бір өлең шумағы бар: «Қадір тұтқан батыр мен би, ел деген, Хан орда­сы Көкшетауда көлбеген, Жас ұрпақпен жаңғы­рады Ел рухы, Оқжетпестің асқарына өрлеген!..». Иә, ақын жүрек ақтарылып айт­қан­­дай, өзі де Оқжетпестің биігіне өрле­ген, заман­ның, тарихтың, халықтың сөзін сөй­ле­ген қа­рымды қаламгерге алдағы уақыт­та да шы­ғар­машылық табыс, көркемдік жетіс­тік тілейміз.

 

Серік НЕГИМОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор