Ғылым • 23 Сәуір, 2024

Іштен жану қозғалтқышы әлі де көкейкесті

163 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Инженерия саласында көлік техникасының динамикасы деген бағыт бар. Бұл – машинаның басқаруын, оңтайлығын, жатықтығын, өткіштік мүмкіндігін арттыруға арналған ғылым. Соның ішінде көпсалалы көлік құралына қажет жүріс жүйесін құрастыру үлкен ізденіс пен қажырлықты қажет ететін еңбек. Осы орайда, техника ғылымының кандидаты, профессор Қайратолла Әбішевпен ғылыми ізденістері жөнінде әңгіме өрбіттік.

Іштен жану қозғалтқышы әлі де көкейкесті

Ғалым бүгінде Торайғыров уни­вер­­си­тетіндегі Инженерия факультетінің деканы. Кезінде осы оқу орнын тәмамдап, атағы бүтін­дей КСРО-да, бертін ТМД-да дүр­кіреп тұрған Павлодар трактор зауы­тында қызмет жолын бастаған. Айтуын­ша, шынжыр табанды тракторлар шы­ғара­тын кәсіпорынның бас конструктор бөлі­мін­де және тәжірибелік өндіріс цехында жұмыс істеген. Зауыт жабылған соң оқытушылық салаға бет бұрып, бүгінде көлік саласының болашақ инженерлері мен мамандарын дайындайды.

– Біздің факультетіміз тек шәкірт тәрбиелеп қана қоймай, отандық ғылым саласының дамуына белгілі деңгейде үлесін қосып отыр. Менің таңдаған бағытым көлік техникасының динамикасы, нақтылай айтқанда көлік құралының өткіштік мүмкіндігін арттыруына байланысты. Біраз жылдан бері шынжыр табанды және дөңгелекті көліктерді жетілдірумен шұғылданып жүрмін. Кезінде зауытта ДТ-75М тракторына әртүрлі моторларды орналастыру жобаларын әзірлеумен шұғылдандық. Сол замандарда елімізде кең тараған шынжырлы тракторға ТМД-дағы мотор зауыттарында шығарылатын 4 түрлі моторды ауыстырып сала беретіндей етіп жоба жасадық. Ол сәтті шықты. Бұл жоба сол кездегі қозғалтқыш шығаратын зауыттардың моторлардың қажетті санын жеткізе алмауына байланысты пайда болды. Мақсаты – тракторларды тоқтаусыз жинауды қамтамасыз ету еді. Ал қазіргі уақытта негізінен үлкен кәсіпорындардың цехтарында, коммуналдық шаруашылық қызметінде пайдаланылатын көпсалалы көлік құралдарына арналған резеңкелі шынжыр табанды жасау жобасымен әуестеніп жатырмыз, – деп бастады әңгімесін Қайратолла Қайроллаұлы.

Айтуынша, мұндай резеңке табандар бүгінде көптеген дамыған мемлекеттердің көлік саласында қолданысқа енгізілген. Оны ауылшаруашылық техникаларында пайдалануға да болады. Резеңкенің иілгіштік, созылғыштық қасиеттерін ескерсек, құнарлы топырақты аудару, өңдеу барысында жерді таптау факторлары неғұрлым азая түсер еді. Яғни металды табанға қарағанда, ол экологиялық тұрғыдан тиімдірек. Қ.Әбішевтің ғылыми жетекшілігімен университет ғалымдары бұрынғы Білім және ғылым министрлігі жариялаған конкурсқа қатысып, 2021-2023 жылдарға арналған жоба бойынша 55 млн теңге қаражат ұтып алған. Ғылыми жобаның алғашқы кезеңінде резеңкелі шынжыр табан орнатылған көпсалалы көлік құралының құжаттамалары толық дайындалды. Енді ғалымдар жобаның екінші кезегіне, яғни оны іс жүзінде жасаудың қамына кіріседі. Бұл бойынша еліміздің Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауына үміт артып көрмек ойлары бар.

«Көлік саласындағы екінші бір бағытымыз – көлік құралдарына электр қоз­ғалтқыштарды орнату. Мысалы, үлкен зауыттарда, соның ішінде өзі­міздің Павлодардағы Қазақ­стан электро­лиз зауыты, алюминий зауыты, «Пром­маш­комплект» кәсіпорын­дарының өнді­рістік цехтарында көп­салалы көлік құрал­дары көп пайдаланылады. Бұдан бөлек көшелердегі қарды күреп, сыпырып жүретін шағын коммуналдық техни­калар бар. Қалалық жерлердің ком­муналдық қызметтері шетелдің қым­бат­ техникаларын сатып алуға мәжбүр. Олардың көбі дизельмен, бензинмен жүреді, экологиялық жағынан аса тиімді емес. Болашақта сондай техникаларды өзімізде құрастырып, соларға арналған электр қозғалтқыштар қойсақ, қандай ғанибет. Осыған мемлекет тара­пынан қолдау, тапсырыс болса, біз­дің ғалымдар жұмыла жұмыс істер еді. Уни­верситеттегі «Көлік техникасы және логис­тика» кафедрасының оқытушы-про­фессорлар құрамы біраз жылдан бері бұл салада ізденіп келеміз. Т-25 (немесе ВТЗ-35А) тракторының негізінде электр қозғалтқышы бар көпсалалы көлік құралын құрастырып шығу жоба­сын әзірлеген едік. Оны іске асыру үшін жа­уапты министрліктен 2024-2026 жыл­дар­ға 97 млн теңге қаражат бөлуді сұрап отыр­мыз. Министрлік жобамызды мақұл­даса, бірден іске кірісеміз», дейді ғалым.

Қ.Әбішевтің айтуынша, бұдан бөлек факультет ғалымдары металл кескіш аспаптар жобасы мен техниканың кейбір күрделі тетіктерін жетілдіру бойынша ғылыми ізденістерін жалғастырып жатыр. Мәселен, жуықта жергілікті «ДАФА» фирмасы» ЖШС-ның сұранысы бойынша ғалымдар муфтаның жаңа түрін жасауға ғылыми тұрғыдан көмек көрсеткен. Авторлығы – аталған фирмаға тиесілі болғанымен, жобаны жүзеге асыруда университет мамандары сүйе­мелдеп шықты. Мұндай бірлескен ғылыми іс-шаралар облыстағы өзге де өндіріс орындарымен тұрақты жолға қойылған. Есесіне, ірі кәсіпорындар университетке материалдық-техни­калық қамтылу жағынан қолғабыс етеді. Қазақстан электролиз зауыты, «KAZ Minerals» компанияларының қолдауымен біраз уақыт бұрын мұнда 3D модельдеу аудиториясы ашылды. Соны­мен қатар «Erasmus Plus» халық­ара­лық бағдарламасы бойынша 2020 жылы 6 мемлекеттің 9 университеті қа­тысқан «Таза ортаға арналған жылу энер­гетикалық жүйелер бойын­ша уни­верситеттік білім беруді жетіл­діру және PhD дағдыларын дамыту» жоба­сы­на қатысып, шетелдік тәжі­ри­бені отан­дық білім беру жүйесіне енгіз­ді. Нәтижесінде, жоба аясында уни­вер­си­те­т­тің зертханасына 5 кешен-қон­дыр­ғы са­тып алынды.

Сөз соңында әлемнің дамыған мемлекеттері көлік техникасын электрлі қозғалтқышқа көшіріп жатқаны дұрыс үрдіс екенін, бұл экологиялық тепе-теңдікті қалыпты ұстауда құптарлық қадам екенін атап өтті. Ғалымның пікірінше, бірақ Қазақстан, соның ішінде еліміздің солтүстік өңірлері механикалық, яғни іштен жану қозғалт­қышынан бас тарта алмайды. Себебі электрмен жүретін көліктер біздің қысқы аязымызға шыдамайтынын қазір­гі тәжірибенің өзі байқатып отыр. Биыл қыста талай мақтаулы электро­мо­биль­дердің өзі аязда жол бойында қатып жатқанын көзіміз көрді. Ал қала ішіндегі жолаушылар тасымалына арналған электрлі автобустар да қыста көшеге шығарылмайды. Тек тұрақты қуат көзіне қосылған көліктер, яғни трамвай, троллейбус, электрлі пойыздар ғана саланы дамытуда негізге айналуы мүмкін.

 

Павлодар облысы