“БОЛДЫ ДА ПАРТИЯ...”
Қырғызстандағы тағы бір кезекті оқиға, енді елдің оңтүстігінде орын алған қақтығыстар барша әлемнің назарын өзіне аударды. Маусымның 11-і күні Ош қаласындағы қарулы төбелестің аяғы көптеген құрбандыққа алып келген бұқаралық бүліншілікке жалғасты. Жағдайдың тұрақсыздануы көрші Жалалабад облысына таралып, бұл жағдай бүгінге дейін республиканың оңтүстігін өз қыспағында ұстап тұр.
Көрші мемлекетте орын алған бұл қақтығыс Қырғызстандағы шешімін таппаған көптеген мәселелермен қатар, аймақтық қауіпсіздік жүйесінің де кемшіліктерін ашып көрсетті. Қайғылы жағдайдың алдын алу мен бұл қақтығыстың бүкіл Орталық Азия аймағына таралып кетуіне жол бермеу мақсатында сыртқы күштерді пайдалану туралы ұсыныстар жиі-жиі көтерілуде. Бішкектегі уақытша үкімет те өз күшінің жетпейтіндігін түсініп, Ресей басшылығынан ресми түрде көмек сұрады. 12 маусым күні ҰҚШҰ елдерінің Қауіпсіздік кеңесі хатшылары Қырғызстандағы жағдайға қатысты жедел кеңес өткізуге жиналды. Ал келесі күні Қырғызстан Республикасындағы өзбек ұлттық-мәдени орталығының төрағасы Өзбекстан Президенті И.Каримовке қорғау жөнінде ашық хат жолдады. Сонымен қатар, қырғыз саяси басшылығы елдегі жағдайды реттестіруге батыс елдерін де шақыруы мүмкін деген болжамдар айтылды.
Соған қарамастан, ел аумағында тәртіп орнатуға қатысты Қырғызстанға басқа елдердің қарулы күштерін немесе халықаралық ұйымдардың бейбіткершілік әскерін енгізу процессуалдық жағынан күрделі және де қауіпсіздік мәселесін белгілі бір мерзімге, уақытша ғана шешетін қажетсіз шара болып табылады. Тәртіпті қамтамасыз етудің ұзақ уақытқа созылуы ел аумағында және шеткері аймақтарда бұдан да күрделі қарама-қайшылықтарды тудыруы мүмкін. Сондықтан да, қазіргі қалыптасқан жағдай жақын арада тұрақтанбаса немесе Қырғызстанда бейбіт тұрғындарға қысым жасаушылық пен адамдардың опат болуы бұдан кейін де жалғасатын болса бұл болжамның орын алуы қайтарымсыз болады.
Бұл форс-мажорлық жағдайда сыртқы саяси субъектілердің тәртіп орнатуға талпынысы қиындықтарға ұшырайды, өйткені, олар ерте ме, кеш пе, жақсы ұйымдастырылған, ел ішінде немесе шеткері аймақтарда қолдаушылары бар топтардың қарсылығына кездесетіндігін де мойындау қажет. Тіпті, бұл ұзақ мерзімді ішкі саяси қақтығысқа Ресейді, ҰҚШҰ немесе ШЫҰ тарту сол бүлдіргіш күштердің жоспарларының бірі болуы да мүмкін.
Қырғызстандағы атқарушы биліктің вертикалын қалыптастырушы мемлекеттік-әкімшілік аппарат әулетаралық жанжалдар негізінде әлсіреген, ал қырғыз саясаткерлері саяси жүйенің толығымен жұмыс істеуінің тиімді тетіктерін жасауға қауқарлары жеткен жоқ. Қазіргі таңда, өкінішке қарай, қырғыз қоғамының барынша ұсақ топтарға бөлшектенуі жалғасуда. Мысалы, бұрындары қырғыз саясатында чу-кемин, талас, нарын топтары, отуз уул мен ішкіліктіктер және тағы да басқа әулеттік бірлестіктерге қатысты лоббидің болуы туралы айтар болсақ, қазіргі таңда бөлшектену бұдан да ұсақ рулық топтарға – бір немесе бірнеше аталық қоныстар деңгейінде байқалуда.
Бұл жағынан алғанда әртүрлі әулетке қарасты қырғыз саясаткерлері арасындағы қайшылықтармен қатар, олардың біріге отырып, экс-президент Қ.Бакиев пен оның бұрынғы саяси жақтастары шыққан және кезінде белгілі бір дәрежеде экономикалық жеңілдіктер алған әулеттердің бизнестерін шетқақпайлау орын алып отыр. Әртүрлі ірі рулық топтар арасындағы әлеуметтік-экономикалық мүдделер теңдігінің бұзылуы Қыр- ғызстандағы саяси сілкіністердің себебі болған болса, бұл жағдай қазіргі таңда одан әрі шиеленісе түсуде. Әрине, елдегі жағдайды пайдаланып, оны бұдан да қиындатуға бірінші кезекте саяси билік пен экономикалық активтерінен айрылған, бірақ әлі де болса қаржылық мүмкіндігі бар топтар мүдделі екені белгілі.
Бұл жағдайда ел аумағына деструктивті элементтердің кіруі мүмкін, өйткені, радикалды көзқарастарды білдіруге және бұған қазіргі билікке көңілі толмаған жергілікті әулеттер өкілдерімен қатар, Қырғызстан аумағынан шеткері аймақтарда орналасқан белгілі экстремистік және террористік ұйымдарды да тартуға таптырмайтын қолайлы жағдай туындап отыр. Мәселе тек жағдайдың бұлай өрбуіне кім мүдделі және бұл үрдісті кім қаржыландыратындығында болып отыр.
Екінші бір атап көрсететін жәйт – уақытша үкімет төрайымы Роза Отунбаева былай деді: “...Бұл саяси партиялар қызметінің айтарлықтай жандануына алып келді, ал олар бізде 100-ден асады. Және әркез жаңа партиялар құрылып жатады”. Мұндай жағдайда елде береке-бірлік болады деу қисынсыздау көрінеді.
Қазіргі таңда әлемде есірткі саудасы, заңсыз қару-жарақ айналымы, адам саудасы және басқа да заңсыз әрекеттер табыс көзі болып табылатын көптеген деструктивті элементтер бар, ал халықаралық терроризм мен діни экстремизм бұл мәселенің құрамдас бөлігі болып табылады. Қырғызстандағы оқиғалардың басталуынан кейін бүкіл Орталық Азия аймағында басқармалы бүліншілік аймақтар қалыптасуының белгілері байқалып, оған Орталық Азия аймағына қатысты өз мүдделері бар әлемнің ірі геосаяси субъектілері тартылуы мүмкін. Қырғызстан аумағында алтын мен уран қорының, ірі ГЭС кешенінің болуын, ал жақын көрші ретінде көмірсутегі мен басқа да энергетикалық ресурстарға бай Қазақстан мен Өзбекстанның орналасуын есепке алар болсақ, аймақ жаһандық саясатта стратегиялық маңызға ие екендігін байқаймыз. Қырғызстандағы мемлекеттік басқарудың әлсіреу үрдісі деструктивті күштердің мемлекет әлсіздігін пайдаланумен қатар, жалпы аймаққа ықпал ету мүмкіндігін арттырады.
Ош және Жалалабад облыстарында орын алған оқиға бұл күштердің қаншалықты адамгершілікке жат шараларға баратындығын көрсетті. Екі апта бойы тұрақтылықты жоюға қатысты шараларының нәтиже бермегендігін көрген олар, соңғы шара – ұлтаралық қақтығыс ретінде қырғыз және өзбек ұлт өкілдерін жаппай қыру әрекетін жүзеге асырды. Бұған оңтүстік облыстардың таулы аймақтарындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлығы, қоғамның криминалдануы және кейбір саясаткерлердің жауапсыздығы себеп болды. Қырғызстанның Ферғана аймағындағы қырғыздар мен өзбектер арасындағы көпжылдық өзара татулыққа айтарлықтай сызат түсті.
Осылайша, Қырғызстандағы жағдайды реттестіру шұғыл шараларды талап етеді және де ол тек Қырғызстан уақытша үкіметінің ғана шаруасы емес, ол аймақтағы көрші елдердің, халықаралық ұйымдардың және жалпы әлемдік қоғамдастықтың алдындағы мәселе. Көрші елде орын алған көптеген оқиғалар олардың ішкі шаруасы, бірақ олардың шектен шығып кетуі тек бір ғана емес, жалпы аймақтың тұрақсыздануына алып келуі мүмкін, бұл жағдайда көрші республика өте терең және ауқымды қолайсыздықтардың бастамасы болады.
Сондықтан да, аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге Қырғызстанның геосаяси ортасы болып отырған барлық Орталық Азия республикалары мүдделі, ал мәселені шешуде батыл шешімдермен бірге, сақтықпен әрекет ету, жергілікті ерекшеліктерді есепке алу мен оны жүзеге асыруда әскерилермен қатар, саяси сарапшыларды да тарту қажет. Сонымен қатар, Қырғызстанда жергілікті және қоғамдық басқару органдарының дәстүрлі үлгілері қалыптасқандығын ескеру керек. Бұл фактор Қырғызстанның саяси өмірін тұрақтандырушы болып табылады, өйткені, қырғыз халқы (қоғамы) жағдайдың тұрақтануы мен мемлекеттіліктің орнығуы, ел ішіндегі бүліншіліктің келмеске кетуіне өзіндік саяси ерік танытуы қажет. Сондықтан да, Қырғызстанның барлық азаматтары, қоғамдық ұйымдары мен партиялары қырғыз мемлекеттілігін нығайту, ұлттық мүдделерді жүзеге асыру мен тұрғындардың әртүрлі топтарының мүдделерін үйлестіруге қатысты саяси механизмдерді қалыптастыру мен мәмілеге келу жолында бірігіп қызмет атқарулары керек.
Нұрлан СЕЙДІН, Қазақстан Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты.
ТАҒДЫРДАН ТАТУЛЫҚТАН АЙЫРМА ДЕП ТІЛЕЙМІН
Қырғызстанда болып жатқан бүліншілікті естіп, біліп отырмыз. Туысқан халықтың адамзаттың ақыл-ойы осынша өркендеген ғасырда текке қан-жоса болып, жатқанына жүрегің ауырады. Түрлі наразылықтың соңы, міне, ұлтаралық араздыққа ұласты. Мемлекет үшін де, халық үшін де мұнан асқан қайғы, бақытсыздық болмас, сірә.
Менің ұлтым тәжік болса да, тағдырым Қазақстанға байланған жанмын. Бала кезден Оңтүстік Қазақстанда тұрдым, жастық шағым сонда өтті. Қазақ шешелеріміздің шыптаға жайған құртын, тәжік бағбандарының баптаған жеміс-жидегін жеп өстік. Қазақ арасында тұрғаннан кейін тәжік, өзбек, қазақ тілдеріне қанықпын, орыс тілін де білемін. Мерзімді баспасөзді осы тілдердің барлығында да оқи беремін.
Тағдырдың жазуымен қазір Қостанай қаласында тұрамын. Жұбайым қазақ қызы, одан екі перзент сүйіп отырмын. Достық үйінде тәжік ұлттық-мәдени орталығын басқарамын. Жұмыстан қолым қалт еткенде осында келіп, ұлттық тілімізді, дәстүрімізді ұмытпау үшін түрлі шаралар өткізуге атсалысамын. Бұл да менің өмірімдегі бір қызық, бақытты сәттер. Өйткені, менің ана тілімді білуіме, дәстүрімді сақтауыма көлденең тұрып жатқан ешкім жоқ. Облыс әкімі Сергей Кулагин Ассамблея мүшелерімен белгіленген уақытта кездесіп, жұмысымызды, керек-жарағымызды сұрап отырады. Осының барлығы да Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сара саясатының арқасында деп білемін.
Қазір ұлттар аралас тұрмайтын мемлекет кемде-кем шығар. Солардың барлығына да Қазақстан кеңпейіл ұлттық саясатымен үлгі болып отыр десем артық айтқандық емес. Осында өніп-өсіп тұрып жатқан ұлыстардың барлығы да қазақ халқының кеңқолтық пейілін, қонақжай мінезін жақсы біледі, әрі бағалайды. Бірлік болса, жалқауланбай еңбек етсе–береке сонда. Нұрсұлтан Әбішұлы алдымен экономиканы дамыту керектігін, ал саясаттың ешқайда қашпайтынын жиі айтып келеді. Қазақстандағы ұлт пен ұлыстар татулығы күнделікті тұрмыстан, күнделікті өмірден анық көрінеді. Менің көршілерімнің бірі орыс, бірі армян, бірі грек, бірі қазақ. Көрші тұрған соң аяқ-табақ араласып жатады, сонда сен пәлен ұлтсың, мен түген ұлтпын деген сөз ауызға да алынбайды. Бәріміз де бір атадан тараған ағайын жандардай өмір сүріп келеміз. Менің жасым үлкен болғандықтан, олар “Ереке” деп сыйлайды. Қазақты қайынжұртым десем, басқа ұлттардан достарым жеткілікті. Ал қайғы мен қуаныш адамның барлығына ортақ. Сондай сәттерде ұлтына қарамай дос-жаранның қасынан табыламыз. Тыныштық өмірге ешнәрсе жетпейді.
Қостанайда жыл бойы мерекелік шаралар үзілмейді. Жаңа жыл, мемлекеттік мерекелер, Наурыз, Рождество, кәріс ағайындардың жаңа жылды қарсы алуы, армян ағайындардың аналар күнін тойлауы сияқты мейрамдардың ешқайсысынан қалмай барамын. Бұл–сыйлағанның белгісі. Қазір қарап отырсам, Қостанайдағы ұлыстардың этномәдени бірлестіктері мерекелерін тек өздері ғана атап өтпейді. Мысалы, тәжік этномәдени бірлестігі бір шара өткізсек, оған қазақ та, орыс та, украин да, корей де, неміс те, поляк та келеді. Мен адамдардың ұлтына қарап емес, адамгершілік ұстанымдарына қарап достасатынын, араласатынын жиі байқаймын.
Қырғызстандағы болып жатқан қайғылы оқиғалар туралы әркім өз тұжырымын, пікірін айтады. ХХ ғасырда қазақ халқы да, Қазақстан да нәубетті аз көрген жоқ. Аштықты да, қуғын-сүргінді де, соғысты да бастан кешті аталарымыз. Ал 90-шы жылдары нарықтық экономика келген кездегі қиыншылықты да ешкім ұмыта қойған жоқ. Сондай кездерде Қазақстанда ұлт араздығы орын алмады, халық жұдырықтай жұмылды, тастүйін болып бірікті. Елбасының дана саясатына ұйыды, соның арқасында экономикалық қиындықтарды артқа тастады. Қазір жұрттың тұрмысы жақсарған, дастарқан мол. Алайда, бұл ешқандай проблема жоқ деген сөз емес. Рас, ауыз су тапшылығы, экологиялық мәселелер, жергілікті маңызы бар шешілмей жатқан шаруалар жоқ емес, әрине. Бірақ соның барлығы да Қазақстанда тұрып жатқан ұлыстарды түгел ойлантады, оны бірігіп жеңеді.
Отбасында бір күн ұрыс-керіс болса, ол үйден қырық күн несібе көтеріліп кетеді деген сөз бар халқымызда. Бір шаңырақ астында тұрып жатқан жандар арасында сыйластық болмаса, ұрыс-керіс жалғаса бермей ме? Мемлекет те сол сияқты, онда тірлік кешіп жатқан ұлт пен ұлыстар шынайы сыйласқанда, біріне бірі құрметпен қарағанда ғана әр шаңырақтың түтіні түзу ұшады. Көшбасшысы халқының жағдайын, елінің болашағын өзінен бұрын ойлағанда мемлекеттің төрт жағы құбыла болады. Тағдыр бізге сондай тұлғаны тарту етті. Қазір Нұрсұлтан Назарбаевты ұлтына қарамай, бүкіл қазақстандықтар мақтан етеді, амандығын тілеп отырамыз. Елбасы оның бірлік, татулық болмай елде табыс та, дұрыс өмір де болмайды деген ұстанымы жүректерге сіңіп кеткен.
Әр адам бір тағдыр. Жанжалдасып, этносаралық қақтығыстарда өмірін құрбан еткен қандай қасірет. Бірлік, татулық барда адам алмаған қамал болған емес. Тағдырдан осы татулықтан айырма деп тілеймін.
Эргашвой ХОЛМЕТОВ, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі.
ҚОСТАНАЙ.
КӨМЕКТІ БЕЛСЕНДІ ЕТУГЕ ӘЗІР
ЕҚЫҰ-ға мүше 56 мемлекет өкілдері Ұйымның Тұрақты кеңесінің арнайы мәжілісінде бас қосты. Венадағы жиынға қатысушылар Қырғызстанда жедел тұрақтылық орнату, заңының үстемдік етуіне шақырып, дағдарысты реттеу мақсатында көмек көрсетуді өрістетуді ұсынды.
Ұйымға қатысушы мемлекеттер Қырғызстанның өтініші бойынша оған өңірде жанжалды жағдайлардың одан әрі таралуын болдырмау мақсатында көмек қолын созуға әзір екендіктерін білдірді. Бұл бағытта БҰҰ-мен ынтымақтастыққа барып, өз әрекеттерін үйлестіру қажет екенін де атап көрсетті.
Қазақстан өкілі, елші Қайрат Абдрахманов Тұрақты кеңестің төрағасы болып табылады. Ол бұл мәлімдемені қуана құптап қарсы алды. “Консенсус негізінде жасалған бұл мәлімдеме ЕҚЫҰ-ға мүше 56 мемлекеттің Қырғызстанда шұғыл бейбітшілікті қалпына келтіру қажеттігін тануда ортақ пікірге келіп отырғаны құптарлық жәйт. Бұл зорлық-зомбылықтың одан әрі өрістеуінің алдын алып, адамдар қазасының жолын кеседі”, деді ол.
ЕҚЫҰ-ның негізгі органдарының бірі болып табылатын Тұрақты кеңестің арнайы мәжілісі ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Қанат Саудабаевтың шешіміне сәйкес шақырылған болатын. Бұл шешімге ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары, елші Кнут Воллебектің 12 маусым күні жасаған ескертуі түрткі болған еді, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.
“ҚЫЗЫЛ ЖЕЛІ” АШЫЛДЫ
Ош және Жалалабад қалаларындағы тұрақсыз жағдайға байланысты ҚР СІМ Консулдық қызмет департаментімен келесі номерлер бойынша “қызыл желі” ашылды: 8(7172) 72 01 74 (9:00 – 19:00), 8(7172) 72 01 11 (19:00 – 9:00). Осы телефон байланыстары арқылы Қырғызстанның аталған аймақтарында болуы мүмкін Қазақстан азаматтарының жағдайын және олардың туысқандары, таныстары, достары және т.б. туралы ақпарат алуға болады.