Мемлекеттің қаражатына түсірілген Ұлттық киноны қолдау орталығы ұсынған фильмдер, «Қазақфильм» өнімдері, сондай-ақ, жеке студияларда түсірілген жаңа туындылар ортақ талап негізінде сыншылардың талқылауына түсті. Қазақстан киносыншылары қауымдастығының президенті Гүлнар Әбікеева келтірген статистикаға жүгінсек, 2022 жылы Қазақстанда 58 фильм көрерменге жол тартса, 2023 жылы 77 толықметрлі фильм түсірілген. Оның ішінде 9 фильм Қазақстанға халықаралық танымалдылық пен бедел сыйлайтын фестиваль фильмі болса, 7 фильмнің түсіріліміне мемлекет қолдау көрсеткен: 5 – Ұлттық киноны қолдау орталығының, 2-еуі телеарнаның өнімі. Жеті фильмнің үшеуі кинофестивальдарға қатысып, топ жарды. К.Шайқақовтың «Айғайы» Франциядан төрт жүлдемен, А.Кучинчирековтің «Дух огня» фильмі Сан-Себастьян байқауынан және А.Әмірқұловтың «Жел тоқтаған жер» фильмі Таллиндегі фестивальдан жүлдемен оралған болатын. Сондай-ақ А.Қасымбектің «Мадинасы» өнер әлемінде үлкен дүмпу тудырса, М.Акбаровтың «Дала» картинасы бірнеше халықаралық жүлдеге ие болды. Г.Әбікееваның айтуынша, 77 фильмнің 9-ының фестиваль фильмі болуы – үлкен жетістік. Әлеуметтік, тарихи, гендерлік маңызы бар тақырыптарды өзек еткен киножобаларды сапалы түсіру үшін мемлекет қолдауы қажет. «Достастық елдері арасында мұндай жетістікпен тек Қазақстан ғана мақтана алады. Бұл – Әділхан Ержанов, Эмир Байғазин, Фархад Шәріпов секілді белгілі режиссерлер қатыспаған биылғы фестивальдардың көрсеткіші. 9 фестиваль фильмінің 4-еуі ғана мемлекет қаражатына түсірілген, ал 5-еуі – жеке студияларда дайындалған, 2-еуі шетелмен бірлескен жоба саналады. Бұл мысал фестиваль фильмдерінің алдағы уақытта да түсіріле беретінін, бірақ мемлекеттің қолдауынсыз сапалы дүние жасап шығарудың қиындығын көрсетеді. Фестивальға қатысатын фильмдер формалық жағынан қызық, интеллектуалды, салмақты келеді», дейді Қауымдастық президенті Гүлнар Ойратқызы.
Қазақстан киносында коммерциялық фильмдер барлық шепті бұзып-жарып, киноиндустрияның көшін бастауға шықты. Еліміздегі киноөнімінің 90%-ы коммерциялық киноға тиесілі. Бір жылда 67 фильмнің прокатқа шығуы – рекорд. Олардың арасында көп касса жинаған «миллиардер» бес фильм бар: Дариға Бадықованың «Таптым-ау сені», Нұрлан Қоянбаевтың «Үндістандағы қазақша бизнес», Қуаныш Бейсектің «Дәстүр», Ернар Нұрғалиевтің «Ең болмаса кинода – 2», Абдусаид Шайхисламның «Маған назар аудар» фильмдері. Осылайша, соңғы жылдары экран бетінде сұранысқа ие болған коммерциялық фильмдер кейбір шетелдік блокбастерлердің өзін шаң қаптырып, миллиондап табыс табатын халге жеткен. Әртүрлі ақпарат көздерінің дерегіне қарағанда, Қазақстан киноиндустриясы жыл сайын 17 миллиард теңге табыс табады. Бұл кино саласының қарқынды дамуының көрсеткіші, ендігі жерде бұл жетістік жаңа сапаға ауысып, толымды тартпаса, төмендемесі анық.
Сонымен сыншылардың ортақ мәмілесіне сәйкес, отызыншы жылдардағы аштық тақырыбын қаузаған Ардақ Әмірқұловтың «Жел тоқтаған жер» фильмі «Үздік драма» болып танылды. Фильмде күйеуін НКВД жендеттері тұтқындап, өзегі талған екі баласын жетектеп, аштықтан аман алып қалатын жер іздеп сенделген жас келіншектің тарихы баяндалады. Талғажау ететін түк таба алмай, құла түзді балаларымен жаяу кезген Жұпар шыбын жаны шырқырап, ұшы-қиырсыз жолды қуалап, аштықтан аман қалатын «жер» іздейді... Марапаттау рәсімінде осы картинадағы басты рөлді ойнаған Жанар Шоқпанова «Үздік әйел» болып мойындалса, картинаның суретшісі Өмірзақ Шманов «Үздік қоюшы-суретші» атанды.
Киносыншылар Ернар Нұрғалиевтің «Өлсең де есіңе түсір» фильмін «Үздік жанрлық фильм» деп таныды. Адамның ақылына қонбайтын абсурд комедияға құрылған фильмнің оқиғасы қызық. Басына тиген соққыдан есін жоғалтқан Айка деген қызды кездейсоқ жолықтырып қалған Естің өзі сәтсіздіктерге ұрынып, жолы болмай жүрген жігіт. Қиындыққа тап болған сайын Айканың ақыл-есі бірте-бірте оралады, ал Ес қыз қолындағы жақұт жүзігін берсе, айырбасқа жадысын қайта жаңғыртуға жәрдемдесетінін айтады.
«Бауырына салу», «Жел тоқтаған жер», «Мадина», «Өлсең де есіңе түсір» фильмдерінің ішінен «Шәйнек сатып алған ару» фильмін түсірген Нариман Төребаев «Үздік режиссер» атанды. Арт-хаус жанрындағы фильм «Үздік монтаж» аталымын да жеңіп алды. Фильмді музыкамен көркемдеген Ғалымжан Секеев «Үздік музыка» аталымында жеңімпаз деп танылып, кино картинаның салмағы мен маңызын тіпті арттыра түсті. Бір өзі үш бірдей аталым бойынша қара үзген фильмді түсірген Нариман Төребаевқа жүлдесін табыстаған Дәрежан Өмірбаев «қолтаңбасы дара, соны бағытта ізденетін, өз ұстанымы бар режиссер» деп атап өтті.
Данияр Ибрагимовтің «Бүркіт», Максим Акбаровтың «Дала», Дәулетжан Макмуттың «Глобус», Олжас Баялбаевтың «Қамауда» фильмдерімен бірге аталған Асхат Кучинчирековтің «Бауырына салуы» «Үздік дебютті» жеңіп алды. Фильмнің оқиғасы қазақы, ұлттық дүниетанымнан қайнап шыққан тың туынды. Тұңғыш баласы үйлене сала, аңсап күткен алғашқы немересі шыр етіп дүниеге келісімен, әжесі байырғы дәстүрмен шақалақты бауырына салып алады. Маңдайына жел тигізбей, төбесінен құс ұшырмай еркелетіп өсіреді. Күндердің күнінде жасы жеткен кейуана пәни жалғанның есігін жауып, бақиға аттанады. Өзін жетім сезініп, далада қалғандай күй кешкен кейіпкер өзіне мүлде жат туған әке-шешенің қолына баруға мәжбүр...
Семейде ядролық полигон сынақтарының зардабын тартқан адамдардың өмірін арқау еткен «Айғай» фильмі Кенжебек Шайқақовты «Үздік сценарий» авторы атандырды. Ал жалғызбасты ана тартқан тауқыметті толғаған «Мадина» фильмі үшін Айгүл Нұрболатова «Үздік операторлық жұмыс» аталымында топ жарды. «Екінші пландағы ер адам» мен «Екінші пландағы әйел адам» аталымдарының жеңімпазы болып Ақтан Арым Кубат пен Самал Еслямова танылды. Олар ойнаған «Кішкентай самурай» фильмі Қазақстанды өз Отаны деп санайтын кішкентай жапон баласының бастан кешкен оқиғасына құрылған. 1941 жылы Сахалин аралында жұмыс істейтін әкесі мен ағасына көмектесуге келген бала шекараны заңсыз кесіп өтті деген желеумен кеңес шекарашыларының қолына түседі. Сот бұғанасы қатпаған кішкентай баланы жазықты деп танып, екі жылға түрмеге жауып, босап шыққан соң Оңтүстік Қазақстанға «еңбекпен түзелуге» жібереді.
Жүлде тарихында алғаш рет көпшіліктің дауыс беру нәтижесі бойынша арнайы «Көрермен таңдауы» жаңа аталымы табыс етілді. Режиссер Мұрат Есжанның «Міржақып. Оян, қазақ» фильмі арнайы тағайындалған «Көрермен таңдауы» жүлдесін иеленді. Ал Міржақыптың рөлінде ойнаған Бақыт Қажыбаев «Үздік ер адам бейнесі» үшін марапатталды. Сыншылардың пікірінше, «Міржақып» – нағыз «халық фильмі». Қазақ сусап отырған, халық қажет ететін тақырыпты дәл танып, көркем таспалаған бірегей туынды.
Әл Nasr feat. Raim орындайтын «Дала ерлері» «Дәстүр» фильмін сүйемелдегені үшін «Үздік ән» болып ұйғарылды. Өзін қорлаған зорлықшыға күйеуге шығуға мәжбүр болған қыздың оқиғасын суреттеген «Дәстүр» фильмі биылғы байқаудың бірнеше аталымына қатысып, сыншылардың оң бағасына ие болды.
«Бұл фильмдер кімнің сүзгісінен өтті, кімдер талқылап, таразылады?» деген сұрақ көрерменге қызықты болғаны анық. Осы орайда Киносыншылар қауымдастығының биыл жаңа мүшелермен толыққанын да айта кеткен абзал. Олар: кинотанушылар Снежана Баймуханова, Еңлік Егеубаева, Ораз Керейбаев және Евгений Лумпов пен Жангелді Өмірәлиев. Киносыншылар қауымдастығына 26 кәсіби маман мүшелік етеді. Оның құрамында жаңадан қосылған бес маманнан бөлек, Қауымдастық президенті – Гүлнар Әбікеева, Олег Борецкий, Төлеген Байтукенов, Кәрім Қадырбаев, Баубек Нөгербек, Назира Мұқышева, Гүлажар Машрапова, Ғалия Байжанова, Дмитрий Мостовой, Инна Смайылова, Ольга Малышева, Мәди Мамбетов, Александра Поршнева, Молдияр Ергебеков, Ержан Жұмабеков, Дана Әмірбекова, Жәмиле Сатыбалдиева, Әсия Бағдәулетқызы, Алма Айдар, Камила Ғабдрашитова, Досхан Бояубаев сынды кинотанушылар мен киносыншылар бар.
АЛМАТЫ