Аймақтар • 24 Сәуір, 2024

Мал-мүлік шығыны толық өтеледі

137 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде халықтың үй-жайын, мүлкін қалпына келтіру, мал шығынын өтеп беру бағытында жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Мамандар бүгінге дейін 864 үйді техникалық зерттеуден өткізіп, 561 тұрғын үйді қайта қалпына келтіруге болатынын анықтады. Бұл үйлерді жөндеуден өткізуге қажет қаржы шығын көлемін нақтылау, бағалау жұмыстары аяқталған соң төленеді.

Мал-мүлік шығыны толық өтеледі

Қалған 303 тұрғын үйдің орнына жаңа баспана беріледі. Мәселен, тасқын судан зардап шеккен Екідің, Қызылжұлдыз ауылдарының отыз шақты тұрғыны Арқалық қала­сына мемлекет сатып алып берген пәтерлерге қоныс аударды. Солардың бірі – бұрынғы Екідің ауылының тұрғыны, алты баланың анасы – Мөлдір Тілеуқабылова.

«Табиғи апаттың салдарынан үйіміз су астында қалды. Іліп алатын ештеңеміз қалмады. Осын­дай қиын жағдайда далада қал­дырмай, қанатының астына алып, қамқорлық көрсетіп жатқан мемлекетімізге, облыс, қала басшыларына алғысымыз шексіз. Ауылда моншамыз бар еді, ол да суға кетті. «Байтал түгілі, бас қайғы» болып, судың ортасында қалғанда Төтенше жағдай тікұшағы көмекке келіп, құтқарып алды. Жанымыздың аман қалғанына шүкір дейміз. Қиын сәтте қолұшын созған ауыл азаматтарына да ризамыз. Әуел­де қоғамдық қор арқылы берген ақшаларына пәтер жалдап тұрдық. Енді, міне, қаладан үй алып жатырмыз. Бұл пәтерді өзіміз таңдап алдық. Бізге де, бала­ларға да ұнады. Жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жол­дасым екеумізге жұмыс жа­ғынан да жәрдемдесеміз деп отыр. Қазір өзім үйдемін, балаларға қарап жатырмын. Жолдасым жұмысқа орналасып қалар деген үмітпен отырмыз», дейді М.Тілеуқабылова.

Мөлдірдің балаларының алды ер жетіп қалған, үш баласы жаңа үйінің жанындағы Ш.Уәлиханов атындағы №1 мектепте оқиды. Біреуі осы мектептің даярлық сыныбына барып жүр.

2 мыңға жуық тұрғын үй, сая­жай баспанасын су басқан Қос­танай ауданы тұрғындарынан жер­гілікті атқарушы билік бү­гін­ге дейін 200-ге жуық өтініш қабылдап алған. Арнайы комис­сия шамамен 140-тан аса үйге келген шығынның көлемін анықтап, ресми құжаттап, тір­кеуге алған. Қазір комиссия мү­шелері үйлерді аралап, есеп жүр­гізіп жатыр. Су тасқынынан зардап шеккендердің бәріне 369 200 теңгеден бірреттік төлем берілді. Ал дүние-мүлік шығыны есептеу, тіркеу іс-шара­ла­ры аяқ­талған соң өтеледі.

Тобыл өзені тасығанда Қоста­най­дың іргесіндегі Мичурин елді мекеніндегі 40 шақты үйге су кірген. Қауіптің беті қайтқан соң, тұрғындар да үйіне оралып, ауласын тазартып, шамасы келгенше үйінің іші-сыртын реттестіріп жатыр. Тұрғындардың айтуынша, сәуірдің алтысынан жетісіне қараған күні кірген қарғын судың тереңдігі 1-2 сағаттың ішінде адам мойнына дейін жеткен. Сол судың кесірінен біраз үйдің сылағы түсіп, шеті кертіліп, іргетасының асты сөгіліп жатыр. Осы ауылда тұратын Сейіловтер отбасы өздері осыдан екі жыл бұрын ипотекаға алған үйге су кіріп, сылағы түсіп, еденіне дейін жарамай қалғанын айтады.

«Үйдің іші-сыртын қайтадан сылау керек. Тұсқағаздарын қайта жапсырып шығу керек. Едендерін ауыстыру қажет. Жиһаздың бәрі іске жарамай қалды. Септиктен аққан нәжістің бәрі үйге кіріп кеткен. Тобыл өзенінің бір тармағы ауылдың дәл түбінен ағып жатыр. Сол маңдағы тұрғындар жағдайды қарап, бақылап отыр­ған. Соншалықты су басатындай қауіп байқамадық. Бәрі тыныш еді. Кенеттен нөпір судың қайдан келгенін білмей қалдық», дейді Ләззат Сейілова.

Қазір арнайы комиссия Мичу­рин­ді аралап, шығын мөл­шерін есептеп жатыр. Мұның сыртында, Қостанай ауданы бойынша зардап шеккендерден өтініш қабыл­дай­тын 3 мобильді штаб құрылды.

«Қанша үйге жөндеу жұмысын жүргізу керек екенін тәуелсіз бағалау комиссиясы қарайды. Одан кейін құрылыс материалдарын сатып алуға қаржы бөлінеді. Әрбір үйдің шығынын комиссия анықтайды», дейді аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ілиясхан Әмірбеков.

Тасқын судың зардабын жою мақсатындағы кешенді іс-шаралар аясында мал шығынының орнын толтыру мәселесі де біртіндеп өз шешімін тауып жатыр. Аталған мәселе, әсіресе, тіршілігі төрт түлікке тәуелді Арқалық, Торғай өңірінің тұрғындары үшін аса маңызды. Арнайы комиссия өкілдерінің мәліметінше, бүгінге дейін аталған өңірлерде 637 бас мал­дың құжаты дайындалып, мал иелеріне 64 млн теңге өтемақы төленген. Мысалы, Арқа­лық өңіріндегі Қызылжұлдыз ауы­лының тұрғыны Советхан Әлиев таяуда ғана алғашқылардың бірі болып суға кеткен малының өтемақысын алғанын айтады.

«18 бас малым жоқ, комиссия соның өлексесі табылған 10 басқа өтемақы төледі. Енді 8 бас малымның ізі жоқ. Шамасы, ағып кеткен-ау деймін. Таяуда сол 8 бас малыма өтініш қабылдап алды. Куә ретінде 3 адам апардым. Тағы өтемақы төленеді деп жатыр», дейді С.Әлиев.

Арқалық қаласындағы арнайы комиссияға Қызылжұлдыз ауылынан 3 өтініш түскен. Жалпы, бүгінге дейін облыстың оңтүстік аудандарында тасқын судан зардап шеккен тұрғындардың суға кеткен 268 малына төлем жүргізілді. Сондай-ақ суға кеткен 900-ден аса мал басына құжат әзірленді. Көп ұзамай мал иелерінің бәрі өздеріне тиісті өтемақысын алайын деп отыр. Ал ресми тіркелмеген, не өлексесі табылмаған түлікке өтемақы алудың өз тәртібі бар. Ол үшін мал иесі 3 адамды куәлік етіп, өзінде су тасқынына дейін бәленбай малдың болғанын дәлел етіп, өтініш жазуы шарт.

«Қазір бізге 20 өтініш келіп түсті. Оның үшеуі – Жанкелдин ауданынан, 11-і – Арқалықтан. Бұл өтінішер бойынша 938 басқа құжат дайындалған. Бұл құжаттар мал шығынын бағалайтын мекемеге жіберілді», дейді облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Бекет.

Өңірде тасқын судың салдарынан шаруашылығы шатқаяқтап қалған фермерлерді қолдау тетік­тері де ширап келеді. Мысалы, лизингке техника алған шағын шаруа­лардың борышын өтеу мерізімі де кейінге шегеріліп, ұзартылып жатыр.

 

Қостанай облысы