Шымкент • 25 Сәуір, 2024

Ынтымаққа бақ қонады

160 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылық­тарға тоқталды. Жиында Президент «Бірлік және ынтымақ» еліміздің басты құндылығы екенін айрықша атап өтті. Бұл тұрғыда Шымкент қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы халықтар арасындағы бірлікті көздің қарашығындай сақтап, ынтымақ бар жерде ырыс та, береке де болатынын іспен дәлелдеген бірегей институт екенін тағы бір мәрте еске салғымыз келеді.

Ынтымаққа бақ қонады

Қалалық Қазақ­стан хал­қы Ассам­блея­сының статис­тика­лық дерегіне сүйенсек, бү­гінде мегаполистегі 1 млн 222 мыңнан астам тұрғынның 71,1%-ы қазақ, қалған 28,9%-ды түрлі этнос өкілдері құрайды. Шаһардағы ірі этностар қата­рына өзбек (15,8%), орыс (6,1%), әзербайжан (1,8%), татар (0,9%) жатады. Олардан өзге шағын этностар да баршылық. Алайда саны өте аз. Үлесі небәрі 4,3%. Шымкентте халық 80-нен астам шағын аудан мен тұрғын алапта тұрады. Соның 23-інде этнос өкілдері жинақы қоныстанған.

Ең басты мәселе ретін­де айтсақ, қилы тарихи жағ­дай­лармен қазақ жеріне қоныс аудар­ған түрлі этностардың бү­гінгі буыны болашағын қазақ жерімен байланыстырып, мемлекет құраушы қазақ хал­қымен бірге тату-тәтті ғұ­мыр кешіп келеді. Осы ретте қалалық Қазақстан халқы Ас­самблеясының маңайына топтасқан 17 этномәдени бір­лестік ел игілігіне бағытталған бастамаларды қолдап, қоғам­дық келісімді сақтауға лайықты үлес қосып жатыр.

Мемлекеттің салиқалы сая­сатының нәтижесінде бар­лық ұлт өкілі қаланың қоғам­дық-саяси, әлеуметтік-эконо­микалық өміріне етене араласып, Шымшаһардың өсіп-өркендеуіне атсалысып келеді. Өз кезегінде қалалық ассамблея жанындағы «Ақсақалдар кеңесі», «Аналар кеңесі», «Ме­диа­ция кеңесі» сынды қоғамдық құрылымдар тұрғындармен байланыс орнатып, жергілікті жердегі түйінді мәселердің алдын алу, жас буынды тәрбиелеу, дауласқан тараптарды татуластыру бағытында жұмыс жүр­гізеді. Мәселен, биыл жер­гі­лікті тұрғындар арасында мем­лекеттік этносаясатты түсін­діру бағытында 51 кездесу өтіп, оған 5 мыңға жуық адам қамтылды. Этноәлеуметтік шие­леністің алдын алу, жергі­лікті проблемаларды анық­тау мақсатында этнос өкілде­рі жинақы қоныстанған шағын ау­дандарда «Бейбітшілік және келісім» жобасы аясында қо­ғам­дық қабылдаулар ұйым­дас­­тырылып, сала мамандары тұрғындардың өтініш-тілек­терін тыңдады. Этностар тұра­тын аумақтағы 82 кәсіп­кер­лік нысанға зерделеу жүргі­зіліп, «Тіл туралы» заң талаптары түсіндірілді.

Сонымен бірге қалалық ассамблея жанындағы этно­мә­дени бірлестіктер мен қоғам­дық құрылымдардың ба­сын бір арнаға тоғыстырған «Достық үйі» қоғамдық-көп­шілік жиындар мен түрлі фор­маттағы іс-шараларды ұйым­дастыру алаңы ретінде жүйелі жұмыс істеп келеді. Биыл І тоқсанда Шымкентте азаматтық бірегейлік пен жалпыұлттық бірлікті бекемдеу бағытында 20-дан астам іс-шара ұйымдастырылыпты.

Әсіресе жергілікті ассамблея ұйымының ұйытқы болуымен өтетін «Мың жүйрік», «Қазақ дастарқаны» сынды ортақ құндылықтарға үндейтін жобалар жұрттың көңілінен шығып үлгерді. Ақпараттық жұмыстарды жүйелеу және еліміздегі іске асып жатқан реформаларды тұрғындарға түсіндіру бағытында мекеме тарапынан 108 материал жарияланды. Саладағы проблемалар бойынша өткен кеңестердің нәтижесін қарау, қорытынды шығару үшін тиісті органдарға өтініш, тілектер жолданды. Бұдан өзге медиация кеңесі әлеуетімен этностар арасында орын алған 7 даулы мәселе бо­йынша тараптар медиативтік келісімге қол жеткізді.

Сондай-ақ көктем шыға еліміздің солтүстік, батыс аймақтарында болған тасқын селден келген зардапқа этно­мәдени бірлестік мүшелерінің де қабырғасы қайысты. Осы ретте ассамблея өкілдері жылу жинап, су басқан өңір­лер­ге ең қажетті керек-жарақ­тар­ды жөнелтті. Жалпы, «Қайы­­рым­дылық – қайырлы іс» екенін жіті ұғынған этнос белсенділері сын сағатта қиналғандарға қол­ұшын созуды игі дәстүрге айналдырған. Соның айқын дәлелі, биыл су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек беру мақ­са­тында қалалық ҚХА жанынан ашылған штаб жүйелі жұмыс істеп, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан өңірлеріне 90 тоннадан астам гуманитарлық көмек аттандырды. Бүгінде бекеттерде жинаулы тұрған қосымша 30 тоннаға жуық материалдық көмекті тағы да су басқан өңірлердің біріне жіберуді көздеп отыр.

Мәселен, өзбек этномәдени бірлестігінің басшысы Тахир­бек Нышанбаев қаладағы 14 этномәдени ұйым «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», жылу жинауға ассамблеядан арнайы штаб ашқанын мәлім­деді.

«Президент өз Үндеуінде ең басты мәселе азаматтардың амандығы екенін жеткізді. Қазіргі таңда еліміздің 10 өңірінде төтенше жағдай орын алып, табиғи апатпен күресу үшін барлық ресурс сол жаққа жұмылдырылып жатыр. Ішкі істер, қорғаныс саласының қыз­мет­керлері, еріктілер бәрі қазір апат аймағында жүр. Қазақстан халқы Ассамблея мүшелері, оның ішінде түрлі этномәдени бірлестік өкілдері қарап отырмай, қолдан келгенше көмек беруді ұйғардық. Еліміздің басына түскен бұл да бір сынақ шығар. Ең бастысы, осындай қиналған шақта бірлігіміз ажырамай, сабырлық сақтай білейік. Рас, апат айтып келмейді. Сондықтан бір-бірімізге жанашырлық танытып, бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай, ұйымдасқан түрде бұл қиындықтан шығуға тырысуымыз керек. Өткен Рамазан айында да Жаратушыдан елі­мізге жеңілдік бере гөр деп көп дұға қылдық. Ақпейілді халықтың сол ниет-тілектері қабыл болғай. Әлбетте, осындай қиын қыстау кезеңде біз біргеміз. Күшіміз – бірлікте!», деді Т.Нышанбаев.

Айта кеткен жөн, «Жүректен – жүрекке!» қайырымдылық акциясы аясында 23 сәуір күні Шымкент қалалық ассамблея белсенділері су тасқынынан зардап шеккен еліміздің батыс өңіріне осымен бесінші саналатын гуманитарлық көмектің және бір легін шығарып салды. Бұл жолы тағы да Батыс Қазақстан облысы Орал қаласы­на көмек жөнелтілді. Жүк кө­лік­тер керуеніне құны 9,2 млн теңгеден асатын 25 тоннаға жуық азық-түлік өнімдері мен аса қажетті дүниелер (макарон өнімдері, күріш, қарақұмық, қант, шай, өсімдік майы, ұн, тұз, су, газдалған су, 978 қалың көрпеше және тағы басқа заттар) артылды. Бұл жылудың барлығы қарапайым жұртшылықтан жиналды.

Мұнан өзге, ел аумағында жүріп жатқан республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына жергілікті ассамблея белсенділері жұмыла кірі­сіп жатыр. Қолдарына күрек, тырмаларын алып сая­бақ­тардың ішін тазалап, мекеме аумағындағы талдарды әктеп, қоқыстарды жинап, қа­ла экологиясының таза­лығына біраз еңбек сіңірді. Соны­мен ассамблея мүшелері 5 аумақта өткен тазалық іс-шарасына бір кісідей атсалысып, шуақты шаһардың шырайын кіргізуге үлес қосты.

 

ШЫМКЕНТ