Өндіріс • 27 Сәуір, 2024

КІА келсе, өндірістің «киесі» артар...

296 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Іргетасы өткен жылдың қараша айында қаланған «КІА» зауытының құрылысы 2025 жылы аяқталады. Жобаны жүзеге асыруға 90 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылып отыр. Зауыт жылына 70 мың автомобиль шығарады. Оның 50 мыңы ұсақ бөлшектерден құрастырылады, яғни бұл жерде өндірістің жергілікті үлесінің мейлінше жоғары болуына баса мән беріліп отыр. Зауыт іске қосылған соң, сала мамандары үшін 1,5 мың тұрақты жұмыс орны ашылады деген болжам бар.

КІА келсе, өндірістің «киесі» артар...

Аса маңызды халықаралық жобаның жұмысымен танысу мақсатында елімізге арнайы келген «Kia Corporation» басшысы Хо Сун Сон Астанаға аз күн аялдап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болды. Корпорация басшысы Президентке Тобыл өңірінде салынып жатқан толық циклді зауыт құрылысының барысын баяндап, мұның сыртында,  автомобиль бөлшектерін әлемдік деңгейде өндіріп жатқан ірі компанияларды елімізге тарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Нәти­же­сінде, елімізде автокөлік бөлшек­терін шығаратын зауыт салу жөнінде келісімге қол қойылған. Президент «KIA» корпорациясының шешімін құптап, автоиндустрия­ны дамыту еліміздің өнеркәсіп саясатының негізгі бағыттарының бірі екенін, бұл саланы дамыту үшін білікті отандық мамандарды даярлау мәселесі де ес­ке­рілуі керек екенін айтқан.

Астанадан кейін Қостанайға ат басын тіреген «Kia Corporation» президенті облыс әкімі Құмар Ақса­қаловпен кездесіп, жаңа зауыт­тың құрылысымен танысты. Кездесу барысында жобаның Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы ын­тымақтастықты одан әрі нығай­тып, екі ел экономикасының дамуы­на тың серпін беретіні айтылды. Сон­­дай-ақ жаңа зауыт халықаралық на­рық­та бәсі жоғары «Kia» брендінің Қа­­зақстан мен ТМД нарығында кең та­ралуына ықпал ететін болады.

«Kia Corporation» президентінің айтуынша, Орта Азия мен ТМД ел­дерінде автомобиль нарығын дамы­туда Қостанай қаласы шешуші ықпал ете алады. Мұндай мүмкін­дікке Қостанайда дамыған көлік инфра­құрылымының болуы мен тоғыз жолдың торабында орналас­қан шаһардың географиялық жағ­дайы­ның тиімділігі негіз бола алады. Осынау көзір мүмкіндік Қостанайды автомобиль өндірісі мен экспорт орталығына айналдыруға тиіс.

Жергілікті атқарушы билік «КІА» зауытына Қостанайдың сол­түс­тік-батысындағы ин­дус­трия­лық ай­мақтан 70 гектар жер телімін бө­ліп берген.  Қазір мұнда құрылыс-мо­н­таждау жұмыстары қызу жүріп жатыр. Қада қағу жұмыстары аяқ­та­лып келеді. Күзге салым 98 мың шаршы метрлік ғимараттың құрылысы бас­талмақ. Шетелдік компания мемлекет тарапынан да үлкен қолдауға ие.

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов жобаны жүзеге асыру барысында адам капиталына ерекше назар аударылатынын атап өтті. Әкімнің айтуынша, «КІА» зауытын қажетті мамандармен қамтамасыз ету мақсатында өңірлік колледждер мен жоғары оқу орындарында машина жасаудың 5 бағыты бойынша жаңа мамандықтар ашылады. Олардың ішінде машина жасау технологиясы, автоматтандыру және басқару, машиналар мен жабдықтарды пайдалану және техникалық қызмет көрсету, қара металл өңдеу, дәнекерлеу тәріз­ді мамандық түрлері бар. Бұл маман­дықтарды игеретін студент-жас­тардың білім-тәжірибесін ұштастыру мақсатында өңірдегі бірнеше оқу орнын материалдық-техникалық тұрғыдан жан-жақты жабдықтау жұмыстары қолға алынып жатыр.

Инвесторлар ең алдымен өн­ді­ріс­ке қолайлы инфрақұрылымның бар-жоғына қарайтыны белгілі. Сон­­дықтан жобаны ойдағыдай іске асыру мақсатында зауыт­қа бө­лін­ген жер аумағын инженерлік-ком­муникациялық инфрақұрылыммен қам­тамасыз ету бағытында да ауқым­­ды жұмыс атқарылып жатыр. Атап айтқанда, электр, газ, су жә­не кәріз желілері, сондай-ақ сыртқы жарық­тандыру, байланыс желі­лерін тарту тәрізді инженерлік комму­ни­ка­ция­лардың толық кешенін салу жос­парланып отыр. 

Жаңа зауытты қажетті шикізатпен қамтамасыз ету, дайын өнімді үздіксіз тасымалдау мақсатында ұзындығы 4,2 шақырым кіреберіс тасжол және тек зауыт қажетіне ғана пайдаланылатын 5 шақырымдық теміржол торабын салу көзделген. 

 

Қостанай облысы