ТҮРКИЯ ҚАЗАҚСТАНДЫ ОСЫЛАЙ ДЕП ТАНИДЫ
“Бүгін Кеңес Одағы – досымыз, одақтасымыз. Алайда, ертең не боларын бүгін ешкім кесіп айта алмайды. Дүние жаңа тепе-теңдікке ұласуы мүмкін. Міне, сол кезде Түркия не істеу керектігін білуі тиіс. Бұл досымыздың қол астында тілі, діні, тегі бір бауырларымыз бар. Оларға қол ұшын созуға дайын болуымыз қажет! Әзір болу – сол күнді үнсіз күту емес. Дайындалған жөн. Халықтар бұған қалай әзірленеді? Рухани көпірлерді сақтай отырып әзірленеді. Тіл – бір көпір... Сенім – бір көпір... Тарих – бір көпір. Тамыр – тегімізге оралып, сан қилы оқиғалармен сөгілген тарихымызда түгенделуге тиіспіз”. 1933 жылғы 29 қазанда түріктердің көсемі, тұңғыш Президенті Мұстафа Кемал Ататүрік осылай деген екен.
Ататүріктің осы мағыналы сөздері – барша түрік халқына қалдырған өсиет. Осы бағытта елдің басшылары түбі бір тарих, мәдениет, тіл және сенім негізінде құрылған көпірлерді одан әрі нығайтуды, бауырлас халықтар мен келешек ұрпақтар алдындағы міндеті санайды.
1991 жылы 16 желтоқсан күні Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялап, әлемге жаңа мемлекет келгенін әйгіледі. Дүние жүзі бойынша осы жаңалығымызды ерекше қуана қарсы алған ел – Түркия. Сол кездегі Түркия Президенті Тұрғыт Өзал біздің Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа телефон шалып, жүрек-жарды тілегін жеткізе келіп: “Біз Қазақстанның Тәуелсіздігін таныдық!” депті. Міне, осы бір ауыз сөзбен Қазақстан мемлекеті әлемдік қауымдастыққа енді. Осындай ыстық ықыласпен басталған бауырластық, дипломатиялық байланыс екі елдің арасын өте жақындастырып жіберді.
Әрбір мемлекет өзге елмен дипломатиялық байланыс орнататыны анық. Келісімдерге қол қойылған соң, екі елдің ынтымақтастық қарым-қатынасы жалғасын табады. Сауда-экономикалық байланысы өрбиді. Ал Қазақстан мен Түркия арасында жеке мемлекеттер ретінде ынтымақтастық байланыстың келісімдері заңмен бекітілгенге дейін-ақ екі елдің тұрғындары бірден байланыс орнатты. 1992 жылдан бастап Қазақстан азаматтары Түркия әлемін ашты. Сауда-саттық байланысы өріс алды, туризм дамыды. Демалыс орындарының бағасы жоғары емес, алайда, қызмет көрсетуі сапалы болғандықтан Анталия секілді курорттары ТМД елдерінің азаматтарын көбірек қызықтырғаны жасырын емес. Ұшақпен барып қайту қымбатырақ болғанымен, демалу үшін әлі күнге дейін Түркияны бетке алатын азаматтарымыз көп. Егер пойызбен немесе автокөлікпен баратын жер болса, ел тұрғындары тіптен көп барар еді.
1992 жылы наурыздың 2-3-і күндері екіжақты ынтымақтастық келісім-шарттарға, арнайы хаттамаларға қол қойылды. Қос мемлекет арасындағы дипломатиялық байланыс сол күннен басталды. Сол жылы бір айдан кейін екі елдің арасында визалық режім алынып тасталынды. Сөйтіп, Түркия мен Қазақстан азаматтары бір-біріне визасыз емін-еркін барып тұруына мүмкіндік туды. Бұл режім осы күнге дейін сақталып келе жатыр. 30 күн мерзім ішінде визасыз барып келуіне болады. Нарық экономикасы енді басталған тұста 1990 жылдардың басында тауарлар жоқ кезінде біреулер Қытайдан заттар тасыса, сапасы жақсырақ өнімді Түркиядан әкелді. Бүгінгі таңда “Түркия қандай мемлекет?” деп сұрасаң, екінің бірі жауап бере алады.
Бауырластықтың және бір көрінісі 1992 жылы сәуір айында елімізде тұңғыш шетелдің елшілігі өз қызметіне кірісті. Ол – Түркия елшілігі. Алғашқы Түркияның Қазақстандағы елшісі Арғын Оспай болды. Сол сәуір айында Қазақстанға Түркия үкіметінің басшысы Сүлейман Демирел арнайы іссапармен келді. С.Демирел ақ тілегін айтып, Түркия елшілігінің туын көтерді. Ал өз кезегінде 1992 жылы қазан айында Анкара қаласында Қазақстан елшілігі ашылды. Қазақ елінің Түркиядағы тұңғыш елшісі болып Қанат Саудабаев тағайындалды. Қ.Саудабаев ол қызметке дейін министр, басқа да жауапты қызметтерді атқарды. Тұңғыш елшіге жүктелетін міндет те көп. Ол мемлекетке беделі жоғары, екі елдің қарым-қатынасын әрі қарай дамытатын азамат керек болды. Осының барлығын ескере отырып, Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев жауапты да беделді, тарихи маңыздылығы зор қызметке Қанат Саудабаевты тағайындады. Осы сенімнен шыға білген Қ.Саудабаев қос мемлекет арасындағы ынтымақтастық байланыстың жедел қарқынмен дамуына қыруар еңбек сіңірді. Бүгінгі таңда Қ.Б.Саудабаев Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі және Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы Іс басындағы төрағасы қызметін абыроймен атқаруда.
1997 жылы елдің астанасы Алматыдан Ақмолаға ауысқан кезде де Түрік бауырларымыз осы орасан зор жобаны іске асыруда өздерінің ат-салысқысы келетіндігін мәлімдеді. Түрік компаниялары, сәулетшілері келіп, елорданың құрылысын салуға белсенді кірісті.
Қазақстан Президенті әлемді ынтымаққа шақыруда көптеген бастамалар көтеріп жүргені белгілі. Оның ішінде атом қаруына қарсы, қауіпсіздікті сақтау, бейбітшілікті қорғау мәселелерін бірінші кезекте айтып жүр. Елбасының осындай бастамаларын Түркия тарабы әрдайым бірінші болып қолдап келе жатқанын анық көріп отырмыз. Айталық, Н.Назарбаевтың бастамасымен Түркі тілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы құрылды. Бұл түркі тілдес халықтарды бір-біріне жақындатуға жасалған маңызды қадам екені анық.
Қос мемлекет басшылары кездесіп, үлкен келісімдер жасасқаннан кейін екі елдің саяси, сауда-экономикалық байланысы жаңаша қарқында дамитыны сөзсіз. Биылғы мемлекет басшыларының кездесулерінен кейін үлкен серпіліс болады деп нық сеніммен айта аламын.
Айталық, Абдулла Гүлдің шақыруымен өткен жылы 20-22 қазан күндері Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Түркияға барып келді. Делегация құрамында болған өзім де сол сапардан үлкен әсер алдым. Сол жолы Елбасымызға Түркияның ең жоғарғы наградасы табыс етілді. Сол жолы Ыстамбұлда түріктің мыңнан астам кәсіпкері Қазақстанның кәсіпкерлерімен бизнес-форум өткізіп, қандай ортақ жобаларды жүзеге асыру туралы мәселелерді талқылап, өзара әріптестік байланыс орнатты. Ал осы жолы Абдулла Гүл де Астанада өткен екі елдің экономикасын дамытуға ықпал ететін бизнес-форумға түріктің алдыңғы қатарлы кәсіпорындары мен өндіріс компанияларының жетекшілерін алып келген еді. Мұндай басқосулардың алдағы уақытта нәтижелі болатыны сөзсіз. Екі елдің арасында 60-тан астам келісім-шарттарға қол қойылған. Түрік инвесторларының елімізде заңға сәйкес тұрақты жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған.
Қазақстан-Түркия парламентаралық достық тобының Мәжілістегі жетекшілігі маған жүктелген болса, ал Түркия Парламенті жағынан танымал саясаткер Мехмет Чичек жетекшілік етеді. Бұл топқа екі елдің көптеген депутаттары енген. Парламентаралық кездесулерде заң шығару ісіне байланысты тәжірибе алмасулар өтеді. Түркияның соңғы жылдардағы шығарған заңдарымен танысамыз. Олар да Қазақстанның қабылдаған заңдарын біздер арқылы біліп отырады.
Түркия Қазақстанды Орталық Азиядағы көшбасшы ел деп біледі және біздің мемлекетімізді осы аймақтағы сенімді стратегиялық және маңызды сауда-экономикалық әріптесі санайды. Айталық, 2008 жылы сауда айналымы 2,9 млрд. АҚШ долларына жеткен. Бір қуанарлығы, оның ішінде Түркияға шығарған экспортымыз 1,9 млрд. долларды құраса, импорт көлемі 971 млн. доллар болды. Ал 2007 жылы сауда айналымы 1,9 млрд. доллар деңгейінде болған. Ол жылы экспорт та, импорт та 1 млрд. долларға жуықтапты.
Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда айналымына әлемдік қаржы дағдарысы да өз ықпалын тигізді. Соған орай 2009 жылы алыс-берісіміз 2007 жылғыдан да төмендеп, 1,4 млрд. АҚШ долларын құрады. Соның ішінде өткен жылы экспорт – 791,8 млн. доллар, импорт 570,9 млн. доллар көлемінде болды. Дегенмен, екі елдің статистика агенттіктері биыл жыл басынан бері сауда-экономикалық байланыс қайта қарқын алғанын мәлімдеп отыр.
Биыл Түркия Президенті Абдулла Гүл Қазақстанға жасаған сапарын Түркістаннан бастады. Бұл да елімізге, тарихымызға деген құрмет деп білемін. Қасиетті де киелі мекенде болуы Түрік Президентінің көрегендігін танытады. Түркістанда Қазақ-түрік университеті құрылғаны белгілі. Ол қазір еліміздегі танымал оқу орнына айналды. Қазақстандағы қазақ-түрік лицейлері де білімді шәкірттерді тәрбиелеп келеді.
Абдулла Гүл Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлымен жүздескеннен кейін екеуі бірнеше маңызды саяси шараларға қатысты. Сонымен қатар 26 мамыр күні Түркия Президенті Қазақстан Парламентіне келіп, Сенат төрағасымен, Мәжіліс төрағасымен жүздесті және қос палата депутаттары алдында сөз сөйледі.
Жақынырақ білу үшін айтар болсам, Түрік мемлекетінің басшысы Абдулла Гүл 29 қазанда 1950 жылы Кайсери қаласында туған. Ыстамбұл университетінің экономика факультетін бітірген. 1976-78 жылдары докторлық диссертациясын Ұлыбританияда қорғаған, экономика ғылымының докторы. Сакария университетінде экономикадан дәріс берген. 1983-91 жылдары Сауд Арабиясының Жидда қаласында орналасқан Ислам даму банкінде кеңесші-экономист қызметін атқарған. 1991 жылдан бастап Түркия Парламентінің бірнеше шақырылымының депутаты болды. Сондай-ақ Түркияның Мемлекеттік министрі, Премьер-министрі, Сыртқы істер министрі қызметтерін атқарып, мол тәжірибе жинақтаған тұлға. Абдулла Гүл 1992-2001 жылдар аралығында Еуропалық Кеңестің Парламенттік Ассамблеясының (ЕКПА) мүшесі болды. Айта кету керек, Парламенттік Ассамблея Еуропалық Кеңестің ең басты жарғылық органының бірі болып табылады және де оған мүше-мемлекеттердегі саяси партиялардың негізгі мүдделерін қарастырады. Бүгінгі таңда оның құрамына 50-ге жуық демократиялық мемлекеттің өкілдері енген.
2007 жылы Түрік Республикасының Президенті болып сайланды. Түркі тілдес халықтардың тілін түсінетіндігімен қатар ағылшын және араб тілдерін жетік меңгерген.
Астанаға келген сапарында Түркия Президенті Абдулла Гүл Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етудегі ұстанымын жоғары бағалады. Және де еліміздің бейбітшілік мақсаттағы бастамаларын ерекше атап өтті. Жер шарының кейбір тұстарында орын алып отырған саяси қайшылықтар мен қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу үшін атсалысып отырғанын айтты. Осы жолда Қазақстанның беделі үлкен рөлге ие екенін жеткізді. Түркия Президенті барша түріктердің ыстық сәлемін жеткізді. Сөзінің соңында Абдулла Гүл қазақ еліне ізгі тілегін арнады және де түрік халқы Қазақстанның тәуелсіздік алған кезден бері өркениет жолындағы жетістіктерін, яғни, барлық салада алға қарай нық қадаммен қарыштап бара жатқанын үлкен мақтанышпен айтатынын мәлімдеді.
Осы жолы Түркия Президенті Абдулла Гүл Астанадағы Түркия елшілігінің жаңа ғимаратын салтанатты жағдайда ашты. Бұл ғимарат сәні мен салтанаты келіскендігімен, көрікті жерде орналасқандығымен ерекшеленеді. Екі елдің ынтымағына үлкен сенім білдірді. Айта кету керек, бұрын Түркия елшілігі әртүрлі ғимараттарды жалға алып келген болатын. Міне, енді, жаңа ғимаратқа ие болды. Бұл да екі елдің өзара сыйластығын, бір-біріне деген құрметін көрсетеді. Арнайы өздерінің қаражатына салды. Жобасы да қаламызға көрік беріп тұр. Бұл бір күндік немесе жүз жылдық емес, мәңгілік тұрсын деп салынған елшілік екені айқын сезіліп тұр.
Сондай-ақ Абдулла Гүл елордадағы Ататүрікке орнатылған ескерткішке барып гүл шоғын қойды. Қазақ халқының Түрік көсеміне көрсеткен құрметі үшін үлкен тебіреністе болғанын жасырмады.
Абдулла Гүл: “Әр келгенімде гүлдене түскеніне куә болып жүрген Астана қаласы – Қазақстанның динамизмі мен Президент Назарбаев мырзаның көрегендігін бейнелейтін ең үлкен туынды. Астананың құрылыс жұмыстарына түрік фирмалары мен жұмысшыларының да үлес қосуын түрік-қазақ ынтымақтастығының ең әсем нышандарының бірі деп білеміз”, – деді.
8-9 маусым күндері Түркияның Ыстамбұл қаласында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің ІІІ саммиті болып өтті. Осы келелі халықаралық басқосуды ашқан АӨСШК-нің іс басындағы төрағасы, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев “Біздің ЕҚЫҰ-дағы төрағалығымыз Шығыс пен Батыс арасындағы қатынастардың жаңа кезеңіне жол ашады, Ванкуверден Владивостокқа дейінгі ұлан-ғайыр кеңістікте өзара сенімді нығайтуға септігін тигізеді деп сенеміз”, – деп әлем қауіпсіздігін қорғау бағытындағы ойларын ортаға салды.
АӨСШК-нің ІІІ саммитінің жұмысына 36 елдің мемлекет және үкімет басшылары, министрлері мен ресми өкілдері, 14 халықаралық ұйымның өкілдері қатысты. ІІІ саммит кезінде Азия Кеңесіне мүше мемлекеттердің құрамы ұлғайды. Осы Ыстамбұл саммитінде Вьетнам мен Ирак АӨСШК-ге мүше болып қабылданды. Сөйтіп, Азия Кеңесіне мүше елдердің саны 22-ге жетті. Ал Бангладеш бақылаушы мәртебесіне ие болды, қазіргі таңда жеті мемлекетте аталмыш өңірлік бірлестікте бақылаушы мәртебесі бар.
Саммит барысында форумдағы төрағалық Қазақстаннан Түркияға өтті. АӨСШК-ге төрағалық етуді Түркия еліне тапсыру жөнінде ой қозғаған кезде Н.Назарбаев парсы ақыны Жалаледдин Румидің “Бір шамшырақ басқа шамшырақты тұтатқанда жарығын жоғалтпас” деген қанатты сөзін айтты. Бұл ойдың ішінде көп мағына жатыр. Бір елдің екінші елге мәртебелі міндетті табыс етуі, бауырлас мемлекеттердің әрқашанда бір-біріне қолдау көрсетуі қажет екені, өркениет жолында ынтымақтаса білсе, түркі әлемінің туыстығы үлкен жетістіктерге жеткізетіні жөнінде айтылғанын ұғынуға болады.
Ойымды қорытындылай келе, Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастық өзге елдерге де үлгі болады деп ойлаймын. Осы қос мемлекет тілі мен тілегі бір бауырлас елдерді өз ортасына жақын тартып, олардың да мүдделерін қорғап, түркі әлемінің дамуында көшбасшылық қызметін атқаратынына кәміл сенемін.
Уәлихан ҚОҢЫРБАЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан-Түркия парламентаралық ынтымақтастық тобының жетекшісі.