Қоғам • 01 Мамыр, 2024

Бесікті масқаралау – дәстүрді мансұқтау

1189 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Жер астынан жік шықты, қос құлағы тік шықты» демеу­ші ме еді мұндайда. Негізі күлетін нәрсе емес. Жылағанда не табасыз? Мысқылдасаң – өз жұртың. Дегенмен алдын алған дұрыс-ау.

Бесікті масқаралау – дәстүрді мансұқтау

Қазақ қоғамы тойдан кенде емес. Жақында әлеуметтік желіде бір думанның жарнамасы жерді жарып жібере жаздады. Онда бір қауым ел үлкен, ұзындығы шамамен екі метр бесікке еңгезердей бір жігітті бөлейді. Әлгі жігіт бесікке кәдімгідей ыржиып жата кетеді. Мұны қызықтаған ел: «Шүмегі қайда? Шүмекті әкеліп салыңдар» деп жүгіріп жүр. Расында, баласы шығар, бесікке бөлеген кейуана кәдімгідей күйбеңдеп, құндақтаған болып жатыр. Өткенді еске түсіріп, қызыққа қалайық дегені шығар. Бірақ ақылға сыятын «құбылыс» емес. «Ой, Алла-ай» дестік те қой­дық. «Жер астынан жік шықты» деуіміздің мәні осында.

«Бұған сіз не дейсіз?» деп жөн білетін бірнеше этнограф, тарихшыға хабарластық. Ақыл тоқтатқан ол кісілер «Шырағым, мұндай ұшынып тұрған нәрсеге бізді итермелемегенің жөн. Бірақ мынау қазақ қоғамында бұрын-соңды болмаған масқара екен» десті. «Біз де соны білгендіктен хабарласып едік қой» деп қыр соңынан қалмаған соң, белгілі этнограф Бердіхан Құсайынов мынадай уәж айтты:

«Қандай да бір этностың рухани эрозияға ұрынуы деген болады. Ол екі түрлі. Біріншісі – өзінің сан ғасырлық дәстүрінен жеріну, екіншісі – дәстүрін мансұқтау. Мына жағдай осының соңғысына жата ма деймін. Сосын рухани аш, қарны тоқ жұрт рухын арзан күлкі һәм шоу-мақтан арқылы қанағаттандырады. Мұның аста­рында білместік қана емес, көр­ген­сіздік жатыр.

Бұған қоғам болып тоқтау салмаса, ертең тұсаукесер, беташар, т.б. дәстүрлі құндылықтар осылай мазаққа айналып, ғұрып­тық құнын жоғалтады да, бір ұрпақ айналғанда той-думан шоу ретінде күлетін құралға айналады».

«Бесікке бөлеу» деген сөздің төркінін сіз де түсінетін шығарсыз. Буыны бекімеген нәрестені ғана бөлей аласыз. Себебі оның аузына апарғанды емгеннен басқаға шамасы жоқ. Жас сәбидің дене мүшесі, арқа-басы қисық бітпесін деп бесікке құндақтап, махаббат нұрына, мейірім мен жылылыққа бөлейсіз. Сонымен қатар он екі мүшесі икемге келмей қалған сал адамды немесе кәрі жанды жатқызып-тұрғызып, орналастырасыз. Қамқорлығыңызға аласыз. Қайтыс болған соң арулап жер бесікке бөлейсіз. «Топырағың торқа болсын» деп тегін айтпайды ғой қазақ. Ал мына бөлеудің мәнісін сіз түсіндіріп бермесеңіз, біз білмедік.

Кейінгі кезде қазақ дәстүрі мен ұлттық тәрбиесіне қайшы әре­кет­тер ашық жарияға шығып, алды тұ­рақты жөнге айналып, елді шала бүлін­­діріп қойды. Күлдірем деп бүл­­діріп жатқанын түсінбейтін көп­ші­лік мұның бәрі дәстүрлі қазақ қо­­ғамына жасалған ашық шабуыл екенін парықтай алмайтын сыңайлы. Қызық жаса, бірақ бүйректен сирақ шығармау­ға болады ғой. Ештеңеге зия­ны жоқ сайқымазақ дүниелер он­сыз да жетіп артылмай ма? Сай­қы­­мазақ шақыр, күлдіргі қыл, бі­рақ бүл­діргі жасап, тұнығыңды шай­қа­ма­саңшы.

«Арқаның қызыл изені

Басы күрдек, түбі арал,

Қыдырып шалар аруана.

Кәрісі кімнің жоқ болса,

Жасы болар дуана» деген Махам­­­беттің сөзі осындайда еске түседі. Мұндағы «кәрісі кімнің жоқ болса...» де­генді жөн білетін ақылманы, әй дей­тін әжесі, қой дейтін қожасы жоқ деп түсініңіз. Өйткені жөн білетін ақыл­дының сөзін тыңдаудан қалып бара­ды ел. «Бас-ба­сына би болған өң­кей қиқым, міне­кей,­ бұзған жоқ па ел­дің сиқын» деп Абай атам заманда күйін­ген. Қазір де тыйылып кеткен жоқ, «нәти­же­сін» күн өткен сайын беріп жатыр.

Қайбір жылдары әлдебір шетелде, шамасы америкалықтар болса керек, мәйітті табытқа салып, асқан шадыман күймен, көңілді музыка қойып шығарып салғаны туралы сюжет тарап, түршіккенбіз. Табыт та жер бесіктің бір түрі емес пе? Тал бесік пен жер бесіктің арасында бейсауат бесікке түскеннен сақтасын.